Өтімді, орынды айтылған сөз д.м. ~ … ақын сол Ана тілі үшін талай боздақтар құрбан болғанын, талай ерлер көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен атанғанын, оразды сөздің орайымен талай жаудың беті де қайтқанын еске сала кетеді… Ж.Ысм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОРАЗДЫ БОЛДЫ
Бақыты ашылды. ~ Арап әнші келісімен ол қыздан көзін айырмайды, екеуінің махаббаты күн-түн сайын арта береді. Бірақ олардың тілегі оразды бола ма, жоқ па, албырт жүрек оны керек қылмайды. Ә.Мар.
ОРАЗАСЫН АШТЫ
Таңғы тамағын ішті, аузын ашты. ~ Жұмандікі — біреуден ілгері, біреуден кейін оразасын ашып, күйбеңдеп күнелтіп отырған үйдің іші ғой. «Құдайекең қырына бір алса, жуырда оңдырған ба? (Жұрт солай аңыз қылысады ғой). Ж.Айм. ~ Топатайдағы шалап-айранның беті ашылып, тостағанға құйылып, қараша үйдің іші оразасын ашты. І.Жан. ~ Шала-шарпы көз ілген соң, асығыс оразасын ашып, зират басына барған. Момақан, үнсіз қалпында тып-тыныш жатыр екен. М.Мағ.
ОРАЗА ҰСТАМАЙДЫ
Діндар емес. ~ Мекеге Байтөбет те барды. Ол бір емес, үш барды. Сүйте тұра, жұрт оны «орыс хажы» дейді. Олай дейтіні: намаз оқымайды. Ораза ұстамайды. Дәрет алмайды. Ескі молда, ишанға қарсы. С.Мұқ.
ОРАЗА ТҰТТЫ
Ауыз бекітіп, діни парызын атқарды. ~ Сырқат қалпына қарамай, оразаны соңғы мерзіміне дейін тұтып, алғашқы күндерінен-ақ талықси берген соң, тілін алатын кісілері, аузын зорлап аштырған. С.Мұқ. ~ – Намаз оқымасаң, ораза тұтпасаң, қарбытып қазы-қарта асамасаң – қай жерің қазақ? Т.Сәу.
ОРАЗА ТҰТҚАНДАЙ ТАРТЫНДЫ
Өзін-өзі барлық нәрседен тыйды. ~ Соңғы жылдары ұрлықты саябырлап істейтін болғаны сол еді. Бірақ керегі не? Талайдан бері ораза тұтқандай тартынып, өзін өзі ауыздықтап келген шыдамын бір-ақ күнде өзі келіп айрандай төкті. М.Әу.
ОРАЗА АШАРЫ БАР
Азын-аулақ дәулеті бар д.м. ~ Ұрқия — Әмірдің қатыны. Әмір — Мамырбайдың немере інісі (Әмірдің әкесі Тәуірбай Мамырбаймен бірге туысқан ғой). Әмір өзіндік ораза ашары бар біртоға, момын жігіт. Ж.Айм. ~ Жылқы бағып жүріп, қалың беріп қатын алдым. Бұралқы жылқы қағыстырып, ен-таңбасын бұзып, пайда-бақыршылық қылудың тәсілін де білдім. Қатын алғанда ораза ашарым да болды. Ж.Айм.
ОРАЗА АШАР
Күнделікті тірлікке жететіндей ғана баршылық. ~ Ағайдың бет– аузы, аяғы үсіп келді. Әкей мен әжем соның аман қалғанына
шүкірлік қылды. Ораза ашардан айрылып, қас пен көздің арасында шоңқайдық та қалдық. Ж.Айм. ~ – Дәулеттің шарқы өздеріңізге мәлім… Әйтеуір мұндағы қатын-баланың ораза ашарына зиян салғызбайтын болсаңыздар… – дегенде пейілденіп отырған жұрт: – Мұның да дұрыс! – деп шу етті. Ж.Айм. ~ Қысқасы, ол тірі пендеге зәбірі жоқ, «құдай» деген қоңыр адам. Оның алданышы, азбыншы — ораза ашары; оның қуаты, қуанышы — үш-төрт қарғасы: үшеуі — еркек, бірі — әйел бала. Ж.Айм. ~Тал қармап, сөз сауады соқыр Қақбан Тәңірім әр несіптен оны қаққан. Үйінде ораза ашар әлі болса Тентіреп қақсар ма еді жақ жаппастан. Ғ.Мұст.
ОРАЗА АЙТ
Діни мейрам, рамазан айындағы ауыз бекіту біткесін болады. ~ Тіпті ерте көктемде сол үш бала бірігіп барып, ораза айтының кезінде сол ауылға жарапазан айтып қайтқандары да бар Т.Нұрм. ~ Сол анам ораза айт біткен соң, он күн өткен шамада ауруханаға түсіп, бірінші операция жасалынды. З.Нұр.
ОРАЗА — НАМАЗ ТОҚТЫҚТА
Дін қағидаларын орындау үшін де жағдай керек д.м. ~ Ширатылуы көбейіп кеткен соң тағы да талай бабы бар шығар деп ойлаған, бұл жолы Сиғат кесесін тез төңкерді. — Ал, Жәкесініңқызы, ораза-намаз тоқтықта, ішке ел қонса, Бекет екеуміз мұндасып жаталық, енді бізге орын сайла. Қ.Ысқ. ~ Тұқым жалпы керек екенін жұрт білгенмен оған тиюге тыйым салынғанын білмейді. Аштан өліп бара жатса, оған қалай қарамақ. «Ораза-намаз тоқтықта, иман кетержоқтықта». Б.Қыд. ~ — Ораза тұтасың ба? — Ой, ақсақал, «ораза-намаз тоқтықта» деген. Онсыз да күнде оразамыз емес пе! Т.Сәу.
