Алып күш иесінің сипаты. ~ Халқымды тынбай бастаған, Қиындық көрсе саспаған, Оң қолымен көк тіреп Бұлтты ысырып тастаған, Сол қолымен жер тіреп, Тауды ысырып тастаған. Еріміз мәңгі жасасын! Ә.Тәж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОҢ ҚОЛЫ БОЛДЫ
Көмекшісі, ниеттесі болды. ~ Бұл — бай, миллионер; қашаннан жұмыскерге қаны қас, жау. Өміріне патшаның оң қолы болып келген адам. І.Жан. ~ Серілігімен, шешендігімен аты шыққан баяғы төңкеріс кезінде Ұлы Сардардың оң қолы болған осы бір тәкаппар кісіні Нұрахмет іштей мойындайтын, әрі күндейтін, сол себепті жаратпайтын. Т.Әбдік. ~ Елден алған хабарымыз: «Азамат соғысы кезінде Амангелдінің оң қолы болды» деген Еркін Ержанов, былтырдан бері, біздің үйдің Сарықопадағы мекеніне, қырық-елу үйлік тақыр кедейдің басын құрастырып коммуна құрған. С.Мұқ.
ОҢ ҚОЛДАЙ
Ыңғайлы, епті. * Келіннің де керегі осындайда. Татымды асын, таза табағын ұсынып, оң қолдай орала кеткені қажет- ақ. Ү.Жәл.
ОҢ ҚАРАДЫ
Жақсы ниет білдірді. ~ Ет қызуымен алғашқы айда сезбеген екен: өзіме де сол керек дегендей, онда тұрған не бар дегендей, өмір адамға бірде оң қарап қалмақ, бірде теріс қарап қалмақ, тіршілік заңы солай дегендей өзін өзі жұбатып, мал соңында жүре беріпті. Ә.Тар.
ОҢ ҚАДАМЫҢА БАСТА
Алладан жақсылық тілеу. ~ Керімбаланың зыр жүгіргені де көз алдына келді. — А құдай, а құдай, оң қадамыңа бастай гөр. Адал еңбектің жанатын кезі болды ғой. К.Қаз.
ОҢ ҚАБАҚ ТАНЫТТЫ (КӨРСЕТТІ )
Жүзінен жылылық байқалды. ~ Кіші ауылда қонақ барын естіп- біліп отырса керек, жас жігіттерді олқысынбай, оң қабақ танытып, жылы шыраймен қарсы алды. Қ.Жұм. ~ Жәркен Бөдешұлы, Бауыржан Жақып, Талаптан Ахметжанұлы, Жарас Сәрсек, Жанарбек Әшімжан секілді азаматтар оң қабақ танытып, ақыл-кеңестерін айтты. Ж.Шәк. ~ Балтаның таза тілегіне құлшына бас изеп, оң қабақ көрсете алар жағдайым бар ма еді? С.См.
ОҢ ҚАБАҚ ТАНЫТА ҚОЙМАДЫ (ТАНЫТАР ЕМЕС)
Жүзінен жылылық көрінбеді, ықылас байқалмады. ~ Жан баласы оның қайғысын бөлісіп, қам көңілін көтермейді. Ең ақыры, күні кешеге дейін еркелететін өз әкесі де теріс қарап, оң қабақ таныта қоймайды. Ж.Айм. ~ Ең ақыры, күні кешеге дейін еркелететін өз әкесі де теріс қарап, оң қабақ таныта қоймайды. Г.Пір. * Бiрақ қанша жалпақтағанымен үйдегiлер оң қабақ танытар емес. Көңiл суытқан жат бiреудей, сол баяғы терiс қарап тастай қатқан қалыптары. Т.Сәу.
ОҢ ҚАБАҒЫНА ІЛІНДІ
Біреудің ықыласына ие болды. ~ Алла тағала әзәлдә дүниені жаратып, әр халыққа жер — суды бөліп бергенде біздің орысқа сыбағаны аз беріпті. Құдіреті күшті иеміздің сондағы оң қабағына қазақ ілініпті. С.Омар. ~ Тек бас хатшылыққа кандидатурасын ұсынып, талас-тартыстан сүйреп алып шыққан Громыко ғана әзiрге оң қабағына iлiнiп жүр. Т.Сәу.
ОҢ ҚАБАҒЫН КӨРМЕДІ
Жылылық көрген емес. ~ Шоқпарбай. Бір сен үшін осы үйдің отымен кіріп, күлімен шықсам да, оң қабағыңды көрмедім. Енді не айтасың? Ғ.Мұс.
ОҢ ҚАБАҒЫН ИЕЛЕНДІ
Жағынды, көңілін тапты. * Бектас бидің жиені деп Ұлы жүз де әз-әулие тұтады екен деп естиді. Ендеше болғанынан болары көп ондай батырдың осы күннен оң қабағын иеленбей болмайды. Ә.Кек.
