Тым көп, өте қымбат. * Пальтоның бағасына шаш жетпейді. Қанша деп жұрт сұрап алады да, естерінен танып қала жаздайды. Б.Соқ. * Президентке дейін сөзін өткізіп, санаса — шаш жетпейтін шаруаны дөңгелетіп тындырып отырған қала әкімінің алдына кіріп шығудың өзі тау қопарғандай үлкен шаруа. Д.Досж. //ШАШТАЙ КӨП
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШАШЫНА ҚЫЛАУ ТҮСТІ
~ Шашымды қылау басты, бірақ жаралыстың қалай құбылуын, барлық дыбысын құлағым əлі естиді. Ж.Айм.
ШАШ СИПАР
* – «Шаш сипардың» жөні менікі емес пе? – деп қатындар Қара бəйбішені қамалап жатыр еді. Ж.Айм. * Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар осы. Шаш сипардың алдында күйеу жақтан берілетін үлкен сыйы болады. Жаңағы Абайды мысқылдаған ашық жеңге сол шаш сипарды Ұлжаннан бір сыбаға ғып алған екен. М.Әу. * Қол ұстасар, шаш сипар, көрпе қимылдатар секілді анайы ырым- жырымдардың бəрі кейінге – күйеудің ұрын келер тұсына қалдырылған. З.Қаб.
ШАШЫНАН КӨП ЖАЛАСЫ
~ Бұқар тұрған жерінде бір тізерлеп алып термелей жөнелді. Ашық даусы тау бүркітінің саңқылындай отырғандарды түгел елең еткізіп баурап барады. — Ер жігітке жарасар Қолына алған найзасы. Би жігітке жарасар, Халқына тиген пайдасы. Ақсақалға жарасар Тілеуқорлық айласы. Келіншекке жарасар Емшектегі баласы. Қыз он беске келгенде Шашынан көп жаласы. Бұл жалғанда бір жаман Ағайынның аласы, – деп түйдектетіп барды да, шешіліп кетті. С.См. ~ Қанбай ма оның табасы. Көзіңменен көрмесең, Мынауың қалай демесең, Шашынан көп әйелдің Жабылатұғын жаласы. "Мақпал — Сегіз".
ШАША ЕТЕКТЕН ПАЙДАҒА БАТТЫ (ПАЙДАНЫҢ АСТЫНДА ҚАЛДЫ)
~ — Арам болса қайтеді? Мына тұрған қаланың базарына апарып сатамын, сатамын да шаш-етектен пайдаға батамын. Кәне, мешайт етпей, әрмен тұрыңдар! М.Қаб. ~ Айтса да алты күннен бері тор, тұзақ түк ілмей,көзі көкшиіп отырғанда өз аяғынан қораға кіріп жатқан қыруар киіктің мүйізін сатып шаш-етектен пайданың астына қалса несі кетеді? Ә.Нұрп.
ШАЯН ТІЛ
~ «Бұған да амал табылар. Ұнатсаңыз, халайық, Бұл он күнге лайық Жүсіп деген бір сұм бар. Базарда ылғи ер істер, Өзі шебер мініскер, Нағыз найсап, шаян тіл. Осы отырған бәріңді, Жазаласа ханымды, Ұры¬қары дейтін ол! М.Жұм.
ШАШАСЫНА ШАҢ ЖҰҚПАЙДЫ (ЖУЫТПАДЫ)
1. Алдына жан салмайтын жүйрік ат, қызыл тілді шешен, саңлақ өнерпаз туралы. * Ат жалын тартып мінгеннен кейінгі саналы ғұмыры шашасына шаң жұқпас тұлпарлар үстінде өтіп келеді. Д.Рам. * Шашасына шаң жұқтырмас қайран жүйрік қартайыпты. Баяғы дүбір, бұрынғы даңқ жоқ. Ү.Жәл . * Қиыршық құмға тиіп, табанының қышыры әлі қажала қоймаған, тұрасын қайрақ тас тілмеген, шашасына шаң жұқпаған тың ат бір сарын аяңнан танбады. Қ.Тол. ~ Ақ сандықтан ақтарылған ұлпадай, Соқыр жауын құйса аспаннан нөсерлеп. Шашасына шаң жұқпаған тұлпардай Зулайтынбыз жалаң аяқ көше өрлеп. А.Тұрс. * Бәлкім, біраз жылдан бері шашасына шаң жуытпай келген шабыскер ақынды тыңдай-тыңдай осылар жалыққан да шығар. О.Сәрс. 2. Артынан жаман сөз ілеспейді; небір қиын жағдайдан аман өтеді. * Соның кәнілігі арқасында колхоздың кіріс- шығысына жер түбінен тексеру келсе де шашасына шаң жұқпай аман шығады. Қ.Түм. * Жоқ, қартың жарады, қалың шытырманнан шашасына шаң жұқтырмай, нысаналы жерге тура алып шықты. Қ.Жұм. * Айта алмай тұрсың! Өйткені әзірге Шұғайыптан озатын… шашасына шаң жұқпайтын… ділмәр шешеніміз жоқ. Д.Дос.
ШЕБЕР (ӨНЕРЛІ, ҰСЫНЫҚТЫ) ҚОЛДАН ШЫҚТЫ
Сапалы, құнды, көркем дүние туралы. ~ . Бұрыш–бұрыштарының қиюласар тұсындағы өрнектер мазардың шебер қолдан шыққанын білдіріп тұр. Т.Әбд. ~ — «Ағаш көркі — жапырақ, адам көркі — шүберек» демеуші ме еді, Мәке. Велюрсіз де өз көркіңіз көз тояттарлықтай ғой. Әр нәрсенің де өз сәні бар. Шебер қолдан шыққанына таңданғаным еді де. Кім тікті?.. М.Сүн. ~ Айша соны бір қап қиға айырбастады. Ол өзі бір өнерлі қолдан шыққан асыл сүйекті, әдемі кебеже еді. Ш.Мұр. ~ Кезінде ұсынықты қолдан шыққан тәп-тәуір дүние екені көрініп тұр. Т.Сәу.
ШАШАУ ШЫҒАРМАДЫ
Шығынға жол бермеді; бәрін сақтап қалды; бір уыста ұстады. ~ Бір адам бүлк етпеді. Тосын келушінің бір сөзін шашау шығармады. Құлақтарын тесей телміре қалыпты аузына. Ғ.Мұст. * Оның бар қуанышы – аласапыранда бір де бір малды шашау шығармағаны еді. Ә.Шәр. * Баласы Бертіс әкенің дәулетін шашау шығармай Совет өкіметіне өткізді. Т.Әсем. * Өйткені бұл — туып-өскен, ата-бабамыз сүйегі жатқан жер. Тек сақ бол, ешқайсысын шашау шығарма. Мен елге қайтайын. М.Әбдіх. * Бұл — менің емес, көптің тілегі де болар. Маңғыстауды қу дала болса да, қолымыздан келгенше бір жауға топырағын бастыр-маймыз. Өйткені бұл — туып-өскен, ата-бабамыз сүйегі жатқан жер. Тек сақ бол, ешқайсысын шашау шығарма. М.Әбді.
ШАШАУ ШЫҚТЫ
Бет-бетімен кетті; шығын болды. * Баркөлде жүргенде тентектер қанша шашау шықса да астаудай таудың қойны-қонышынан ұзап кете алмайтын. Ж.Шәк. * Бірер бие шашау шығып кетсе-ақ болды, сауырынан тістеп, қуып әкеліп үйіріне қосады», – деп ойланып отырды. Ә.Шәр.
