Салт бойынша, қаралы әйелдің қайғы үстінде жасайтын әрекеті. * Бейшара Айша ат беліне түсетін бұрымын тарқатып, қалың қолаң шашын жайып жіберіп, қызыл шырайлы, ай дидарлы бетіне тырнақ салып, жыртып жіберіп, қанатқанда, мен оның бетін сүртіп тұрыппын. Бірақ бедірейіп, көзімнен жас шықпапты. Ш.Мұрт. * Тоқаш жалт қарап, шашын жайып жіберген, жынданған тәрізді Бикенді соңғы рет көріп қалды… Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШАШЫН ЖҰЛДЫ
~ Алдияр, қадірлі ата, еркің білсін, Егескен ершігешке балаң күлсін. Садаға ажарыңнан кетірейік, Өртеніп өкінгеннен шашын жұлсын. М.Әу. ~ Оқу ісінің меңгерушісі қайыстай боп қатып қалған тастай берік кәрі қыз Күләй Ормановтың сабағына кірген екен, басын ұстап, шашын жұлып, ойбайлап шығыпты. Ә.Тар. ~ Ақсақал,- деді ол,- председатель Тінәлиевке айтыңыз, өзі кеп көріп кетсін. Мұнда үш түйір соқамен ештеңе бітпейді. Берген тапсырма орындалмайды… Шекіш шал қайтуші еді, тұра қап шашын жұла бастады. Колхозда ақылды бригадирдің де айдарынан жел есіп жүрмейтінін Сұлтанмұрат сонда түсінді. Ш.Айт.
ШАТТЫҒЫ ШАЛҚЫДЫ
~ Нұрланның ашыққан асқазаны да, шалдыққан денесі де азықтанып жадырай бастады, бірақ жаны жүдеу қалпынан көп өзгерген жоқ. Оның жанын жүдетушінің бірі осы қыз. Неге екені белгісіз, осы қыз Нұрланды көрсе шаттығы шалқып сала беретінді шығарды. Ә.Әб.
ШАТТЫҚ (ҚУАНЫШ) КЕРНЕДІ
* Ақырында өз рухын таныған, Құдайдың дидарын көрген адамның бойын телегей шаттық кернейді. Т.Әсемқ.
ШАТТЫҚ ҚОНДЫ
Бақытқа кенелді. * — Көйлегім бар,- деді әйелі (қабағына мұң қонды), — Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды… Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп, Алдыменен ол қуансын, оның көңілі толса деп, Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады… М.Шах.
ШАУ ТАРТТЫ
Қартайып, күші тая бастады. * Бәз-баяғы қалпы. Міні құрасайшы. Ол –мәңгілік. Өзі ше? Шаш ағарып, көп нәрсеге көңілі қарайып шау тартты. Жас кездегі ашулы қайраты бара-бара сап-сап сабырға ұласқан. Р.Отар. * Сөйлеп келген жыр тілде, Ақынның да шау тартуы мүмкін бе. Жасымда ылғи лапылдасам от болып, Оты сөнген жанартаумын бұл күнде. Р.Ниязб. * О, кез заманның аумалы-төкпелі шағы емес пе?! Бүгін — көл, ертең — шөл. Арада небір дүрбелең жылдар өтеді. Сәби жігіттікке жетсе, жігіт шау тартады. М.Сүн. * Елудің бесеуіне жаңа келсе де, жалғыз-ақ түн қасқағым сәтте жүз жылға бір-ақ қартайып кеткендей, өз-өзінен қорынып, жасына жетпей шау тартуы – көмбеге ілінбей жол ортада ақсап, жайылып қалған бәйге атынан айырмасы кәне? О.Бөк.
ШАУЖАЙҒА ЖАРМАСТЫ
*… өздерінен Әзімнің бағы да, беделі де артылып, ал таланты болса-болмаса да асып бара жатқанын көре алмай күндейтін ана жақтағы бақталас пасық шіркіндер кейінгі кезде ауыз біріктіріп апты; қазір қолы жеткені бұны жағадан алып, жетпегені шаужайға жармасып жатқан көрінеді … Ә.Нұрп. * Бұдан әрі басшы кісінің шаужайына жармасу айып екенін іштері сезіп, жырылып қала берді. О.Сәрс.
ШАУЖАЙҒА ҚАҚТЫ
Тоқтау айтты, тізгінін тартты, екпінін бәсеңдетті. * Қыз қуанып жұтпақ болып, шелекке етпетінен түсіп тап беріп, шешеме аз қалар деп, өзін-өзі шаужайға қағып қалды. Ә.Бөкей. * Азырақ бас асаулығы бар екен, әрең дегенде жүгендеп алып, шаужайдан ұстап, жетектей жөнеді. Үйірсек жануар жылқыға қарап кісінеп жұлқынып болмады. Шаужайға қаға-қаға арпалысып алып келеді. Ж.Айм. * Қайсыныңа зорлық етпей, қорлық көрсетпей, жуандық етпей жүр еді. Оразбай асып-тасып болған жоқ па, кеше мен бүгін?! Алдынан шығып, шаужайға қаққан бірде-бір ер, әлде бір ел шыға ма, жоқ па?! Қарын шашы алынбай, қара албасты кете ме?.. Жоқ, кетпесін!.. Алу керек елдің өшін, ердің өшін! М.Әу. * Неше күндей жылқы көрмей келе жатқан үйірсек жануар шаужайға қақсам да, болмай кісінеп қалғаны. Сол-ақ екен, дүрсе қоя берді. Ж.Айм.
ШАУЖАЙДАН АЛДЫ
~ «Мен сүйеді екем, қыздың сүймейтін қақы бар ма?» деп «қара таяқ апартон» шаужайдан ала түскенде, Айкүміс барар жерді таба алмай шын қысылған еді. Ғ.Слан. ~ Ал бергі міндет — Холмға тез жету. Жолдағы қыстақтарды жау тепкісінен азат ету. Бірақ мынау Соколово деген деревня екі күннен бері дивизияны шаужайдан алып ұстап тұр. Олай болатын жөні бар. Ә.Нұрш. ~ Бөршімбай ертеңгісін түндегі қалған арақты екі бөліп ішіп, жылытпаға тойған соң атқа мінген. Дәл сол кезде кемпір: “Әй, бала хат қайда?” – деп шаужайдан алмасы бар ма. Н.Дәу.
ШАУЖАЙДАН АЛЫП, ШЫЛБЫРЫНА ЖАРМАСТЫ
~ Ахтан үнін қатайтты.— Қармыс Есенбеков осы жаққа қыз айттырғалы келген жоқ. Жас маманды салған жерден шаужайдан алып шылбырына жармасудың қисыны келмейді, жолдастар! Ө.Кәріп.
