Posted in

МЫСЫҚ ТАБАНДАП

Байқатпай, біртіндеп тақап келу; алдап-сулап, жымысқы әрекетке көшу. * Әлi алыс болғанмен, мысық табандап келе жатқан күздiң әлсiз белгiлерi жұқа сарғыш реңк болып, жиегiне бiлiнер- бiлiнбес жағылған жапырақтар көктемдегiдей көңiлдi үнмен еркелеп сусылдамайды, еркiнен тыс әрi көңiлсiз ғана желпiлдейдi, желкек қағып. Ж.Шағ. * Әзім үй тола қыздарды шетінен бауырына бір-бір қысып, Бәкизатқа ең соңынан мысық табандап жақындап келе берген-ді. Ә.Нұрп. * Бәреке-елді! – Саңқ еткен дауыстан жалт қараса, мысық табандап қашан жетіп келгені белгісіз, желке тұстарында алақанын жайып ыржиып Қосымхан тұр. Т.Сәу. * Жұрт арқа-жарқа күліп, бас терілері кеңіп қалады, онымен қоймай: «Әй, Абыралы ма,Абыралы өзіміз ғой, көңіліне кір жолатпайды»,- деген оң пікір түйеді. Ол өстіп мысық табандап ұпай жинайтын. М.Қаб. * Әбжал осыдан былай қарай мысық табандап Еркөбекті сүріндірер амалды іздеген. Н.Дәу. ~ Қайда қашады, өзі көтерер ғой шамасы жеткенінше. Сын сағаты мысық табандап жетіп келген секілді. Япыр– ай, бұл пәлекеттің екпіні сонша қатты боларма! Қ.Жиен.

Posted in

МЫСЫҚ ТАБАН

Басқан ізін білдірмейтін қу. ~ Лекеров басынан-ақ тәуекелшіл. Басқан-тұрғанын есепке құрып, көлеңкесінен қорқатын мысық табан әккі емес. Есіліп сөйлеп, еркінсіп жүретін ер көңілді қашаннан. Ө.Кәр. ~ Қора сыртындағы ашық-шашық әңгімеден кейін мысық табан әдіске көшкен Елтай: — Біраз мылдадық…- дей салды. Есті жігіт бензин сауыттың қасында шырпы жақпайды. М.Қаб.

Posted in

МЫСЫҚ МҰРТ (МҰРТТЫ)

Тікірейген селдір мұрт. ~ Нақ төрде мысық мұртын ширата түсіп, қағылез шағын денесін тіп-тік ұстап, сергек отырған елулер шамасындағы арықшалау қатқан кісі Ахтанға сұрақ қойды. Ө.Кәр.~ Мысық мұртты, сығыр көз батыр, топталып отырған әйелдер ішінен шешесінің бауырынан шыға жан ұшыртып бара жатқан бес жасар баланы көзі шалып қалып, тышқан көрген жапалақша ұмтылды. Б.Жұмаб.

Posted in

МЫСЫҚ ҚЫЛЫҚ

Білдірмей істелген арамдық, айла-қулық туралы. ~ Сен қарайсың ызамен, таңданумен сүрінбейтін жандарға мысық қылық. Тірлік-мұхит жатады шалқып ағып, сүйрелейді — мейлің сен қалтыра, бұқ. Ф.Оң.

Posted in

МЫСЫҚ КӨМБЕ (ҚЫЛЫҚ)

Жасырын қулығы көп, арам пейілді д.м. ~ Бергі беттегі «ата жау» Құдайы көрші Тынымқұлдың өзі! Қолды-аяққа тұрмай жылмаңдауы жақсы еді, оның да мысық көмбесі белгілі болды. Қ.Ысқ. ~ Тәукені қинайтын да осындай мысық көмбе қылық. Құйрық- жалсыз күн көретін құлан ғана, ханның оларсыз күні қаран. С.Смат.

Posted in

МЫСЫҚ КӨЗДІ (КӨЗ)

Жылт-жылт еткен кішкене көздер туралы. ~ — Жөн айтасың, — деп біздің қасымызда тұрған бетінде қорасан дағы бар мысық көз жалпақ сары Әлмырзаның сөзін тірілтті. С.Шайм. ~ Мыңқ етпейді-ау мұңыма, Үн қатпайды-ау мұныма Қысық көзді құба таң, мысық көзді зұлмат түн. И.Сап. ~ Шешесі жатқызғаннан бері үш бала қыбыр етпесе де, бірақ құдай біледі, ана бажбиған мысық көз сары әлі ояу. Оған Еламан күмәнданбады.

Ә.Нұрп.

Posted in

МЫСЫҚ КӨЗДЕНДІ

Жылт-жылт еткен жыпылық көзге немесе соған ұқсаған құбылысқа қатысты айтылады. ~ Кәмеш Белгібайдың бой жеткен қызы. Өзі гармонь тартады. Қазақ, ноғай әндеріне дауысын қосады. Бойшаң, тарғыл мысық көзденген, кәмпит мұрын, ақ — сұр қыз. І.Жанс. ~ Науан шоңғалдан жүгіріп төмен түсті де, сонадайдан оты мысық көздене жылт-жылт етіп тұрған ауылға бет алды. М.Сүн. ~ Отырған сызды топ та өздерінің асқақ әкімі полковниктің бұл сөзіне тегіс түстерін жадыратқан боп, Керімбекке мысық көзденіп ақырын қарасып қойды. Ж.Ахм. ~ Қара көлеңке аула ішінде, езуіндегі шылымы мысық көздене жыпылық қағып отырған өткелшінің мынау үнін естіген жан жоқ. М.Сүн. ~ Кең вестибюль толы жастар. Жайшылықта бірер шамы мысық көзденіп, сығыраңдап тұратын ғой. Қазір барлық шамы да жанған, жап– жарық. М.Сүн.

Posted in

МЫСЫ БАСТЫ

Біреудің сұсынан тайсалды, қаймықты д.м. ~ Әжімбет онда қазіргідей емес, тілді, екпінді еді, Құрбанды мүлдем мысы басып барады. О.Сәр. ~ — Ойын, қалжыңның жөні басқа, ал бұныңыз ұят, ағай! — деді келіншек. Айнаштың мысы басып, бұл абыржып тұрып қалды. Ә.Тар.

Posted in

МЫСЫ ҚҰРЫДЫ

Амалы, лажы таусылды, өзін бейшара сезінді, не істерін білмеді; пұшайман болды. * Басын көтере алмады. Жердің тесігі болса түсіп-ақ кетер еді. Сілесі қатты, мысы құрып. И.Жақ. * Енді, міне, мысым құрып, не айтарымды да білмей ыбылжып тұрмын. Басқалардың алдында ешкімге сөз бермеймін». C.Смат. * Даугер топтың мысы құрып, кіжініп түр. Б.Тоғ. * Ерні кеберсіген. Ардақ қанша жан-таласып жылжыса да, жете алмай-ақ мысы құрыды. О.Бөк. * … әлдебір су жаңа калош киген сұмырай шиырлап таптап кетіпті де, сасыған резеңке иісінен танауы тарс бітіп, әбден мысы құрыды. А. Чех.

Posted in

МЫСТАЙ ҚЫЗАРДЫ

Беті қып-қызыл болды. * Сары келіншектің бүйрек беті мыстай қызарып алаулаған сайын Бекеничтің тынысы тарылып, алқына түсті. Т.Сәук.