Аса көп мал. ~ Анда- санда бір бой көрсеткен бытыраңқы қыстаулар мен байлардың даланы қаптаған мыңғырған малынан басқа ол не көрді? С.Ом. ~ Пәнде қай уақытта да атақ, даңққа қызыққан ғой, олардың көздері тым қызарғыш болды. Әкелері Ескелді бай ерте өліп, мыңғырған мал, абдыра-абдыра алтын, күміс қалды. Ж.Нәж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МЫҢҒА БАЛАДЫ
Зор санады. ~ Есітіп Төлеген мен Жібек жайын,— Қисса етіп баяндауға көңілім кетті. Тұлпардай болып жараған, Халқы мыңға балаған. Сегіз сері. ~ Бірін мыңға балаған, Құдай өзін қалаған, Жұртқа қорған болғандай, Бір ме саған керегі?» А.Байт («Ер Сайын»). ~ Ерке өскен сұлу көрдім, құрбым, сіздей, Кім білер жүрмесімді дәл сізді іздей. Десең де көптің бірі қатал еркеш, Өзіңді мыңға балар жыршың біздей. М.Әу. ~ – Оның жарамаған екен,– деді олар Амантайға,– сені ақтап, жазаны біз тартуға жол еді. Ер азамат сенің, мыңға балап етегіңнен ұстаған адам ең. Сен жазатайым болсаң, елдің қабырғасы сөгіледі. Ал, біз – көптің біріміз. С.Мұқ.
МЫҢ ШҮКІРЛІК (ШҮКІР) ЕТТІ
Тәубесіне келді, шексіз алғысын білдірді. ~ … қарны асқа, иіні киімге жарымаса да, қартайған шағында байларға басыбайлы болмағанына мың шүкірлік ететін. С.Ом. ~ Генерал Чернов осындай кезде Омбыдан аулақ кеткеніне мың шүкірлік етті. Ә.Нұрп. ~ Өзімдей бір басты адам сөз білмейді, Құданың мың шүкірлік бергеніне, Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер, Қарамай, қатты сөйле, өлгеніме. Біржан с. ~ Біресе дауласып, біресе ойнап-күліп отырғандарыңа мың шүкір, өйткені менің бар өмірім, тағдыр-таланым сендермен сабақтасып жатыр ғой. Ш.Айт.
МЫҢ САН
Өте көп, есепсіз мол. ~ Жалғыз үйеңкімнің мың сан жапырағын Ертіс бойын өрлеп соғатын қоңыр самал желпіп тұр. Ж.Шәк. ~ Мың сан жұрттың абыр-сабыры су сепкендей басылды. С.Ел. ~ О, әсем қыз! Әлегім боп қалдың сен. Мен жайында мың сан өсек өрілген, Тұрды шарап улы кеселерімен… Ұ.Дәб.
МЫҢ САЛСА БІР БАСПАЙДЫ
Не нәрсеге де бейімсіз, іске олақ. ~ Күйеуге шығуға асығатындар ана мың салса бір баспайтын, мыңқиып отырғандар ғой. Байға тимегенде не бітіреді олар? К.Қаз.~ Формула, ережеге келгенде мың салсаң, бір баспайтын топас, иіс алмас Қосымханның қабақтағыны қалт жібермей қағып алатын бір сиқыры бар. Т.Сәу.
- Сылбыр, жалқау, қырсық. ~ Торшолақ беріктіктен қойшыға ат болды ма, қойшыға ат болғандықтан берік болды ма, — ол арасы мәлім емес; әйтеуір Торшолақ берік: мың салсаң, аяғын бір баспайтын бір мың төкім. Ж.Айм. ~ Маған берілгені бір қыршаңқы шолақ болатын, мың салсаң бір баспайтын. Ә.Әл. ~ Айдархан екеуміздің ортамызда Үркек атты бір қоңыр шолақ өгіз бар еді. Мың салсаң бір баспайды, шабынан түрткілеп, үркітіп қойсаң бөкенше желеді, тентектігі соншалық, атша тебетін: бір өзінің басында үш бірдей қасиет. Қ.Ысқ. ~ Ұрт та ит мінез. Адалдар мұндайға келгенде байқамасақ ағаш атқа мінгізіп жібереді. Мың салсаң бір баспайды. М.Қаб.
МЫҢ САҚҚА ЖҮГІРТТІ
Неше түрлі өсек таратты. ~ Нағиманың осы отырысын өсекшілер мың саққа жүгіртеді. Б.Май. ~ Жұмакүлдің кесек айтылған жалғыз ауыз сөзінің — мың саққа жүгірткендей боп ойды кенет талқандауын көрдің бе! Б.Май.
~ Ел өсегінің жанды күйдіретіні де көп болады-ау: Никанурмен әкей-үкей араласқанымызды мың саққа жүгіртіп,
«Ыбырай шоқыныпты» деп те өсектеді жұрт. Б.Май.
МЫҢ МӘРТЕБЕ
Үлкен бақыт, абырой д.м. ~ Шалға мың мәртебе алғысымды айтып, аяғына басымды қойдым. М.Әбд. ~ Әкесімен бірге еріп келген дүрмек одан мың мәртебе кешірім сұрай отырып, бейтаныс жігіттің басқа купеге ауысуын өтінді. Д.Иса.
МЫҢ МӘРТЕ
Қайта-қайта, сансыз көп рет. ~ Егер Кенжебегімнің қасына кетсем, Әзіретсұлтанның түбінде тұрып кеткеніме мың мәрте ризамын. Қ.Түм. ~ Осынау жырды әнге қосып мың мәрте қайталап айтса да, құмарынан шығар емес. М.Әбд. ~ … ол мынау аппақ дүниеге… үзеңгілес келе жатқан неміс қызының жаралғанына мың мәртебе тәубе қылды. О.Бөк.
МЫҢ ҚҰЛПЫРДЫ
Жайнап кетті, сан түледі, сұлуланды. ~ Ханның үстіндегі алтынмен алтап, күміспен күптеген әсем тоны бұрын көздің жауын алып, мың құлпырып тұрады екен дейді. М.Әбд. ~ … тұңғиық мөлдір аспан аясында күн сәулесімен мың құлпырып, туырыла толықсиды. С.Ом. ~ Күн де шықты шұғыла төгіп. Мың құлпырып дала, міне, Көк телегей толқып жатыр. Т.Әл.
МЫҢ ҚҰБЫЛДЫ
Алуан түрлі түске енді; түрін, дауысын неше түрлі кейіпке салды. ~ Жата кетісімен қор ете түссем керек, ұлыған сияқты ма, әлде мың құбылып мөңірегендей бола ма, әйтеуір азан- қазан шу келеді құлағыма. С.Шай. ~ Алуан түрлі әнге басып, құйқылжыта сайраған құстардың әуені мың құбылады. Т.Рыс. ~ Мың құбылды қырдағы Әннің әсем ырғағы – Күміс қанат бозторғай Күнді мақтап жырлады. Ә.Таб.
- Мінезі, көңілі тез өзгерді. ~ Заүбәржатқа таңдана қарадым. Көңiлiндегi алаңның сырын ұқсамшы. Табан асты мың құбылатыны да жұмбақ. Ж.Шағ. ~ Күніне мың құбылатын, кейде түнеріп түн болып жүретін, кейде жадырап күн болып жүретін Орманов бүгін тым көңілді екен. Ә.Тар. ~ Азамат қой әйел де Кисін, дедік, бөрікті. Сол-ақ екен, мың түрлі Мінез тапты, сөз берді. Мың құбылды, құлпырды, Құлпырды да өзгерді. Ж.Нәж. ~ Отырсақ та бiр жерде иiндесiп, Шарасыздың, күйiнем, күйiн кешiп. Құбылаға күн ауған шақта мына Мың құбылды-ау көңiлде құйын көшiп. И.Сап.
