Posted in

МҰРЫНҒА ТЕПТІ (АТТЫ)

Танауды жарған өткір иіс лап ете қалды. * Бүгінгі түн ерекше салқын секілді, қыстың сызы, қардың иісі мұрынға тебеді. Ә.Асқ. ~ Өзі ұзын, өзі қыңыр– қисық көшемен келе жат¬қанда бір тұстан нанның танау жарған тәтті иісі мұрынға тепкен. Ә.Асқ. ~ Сол кезде жұлып ап жесе, ауызды толтыра көпіршіп, қышқылтымы мұрынға атып, адамның иіскеу және тату сезімдерін ерекше бір рахатқа бөлеп жібереді… C.Мұқ.

Posted in

МҰРЫНҒА СОҚТЫ

Танауды жарған өткір тіс туралы. ~ … машиналардан түсіп тамақтанып жатқан қалың жолаушының бірі болса бірі таныс болып қалуынан сескеніп, тайып кетуге ыңғайланғанда тәтті тағамдардың мұрынға соққан хош исі шырғалап, қиып тастап кете алмай, асхана төңірегін айналсоқтай берді. Ғ.Біл. ~ Тіленіп жаланған сумақы жел әлде қайдан борсыған жемтік исін әкеліп мұрынға соқты. Ғ.Біл. ~ Он қарулы жігітті сыртта қалуға бұйырған Боранқұл қылышын қолына алып, Құлышты алдыға салып, шалқасынан қайырып ашылған есіктен бес жігтті бастап кіріп келгенде ашты арақтың күлімсі сасық исі мұрынға соқты. Ғ.Біл.

Posted in

МҰРЫНҒА (МҰРЫНДАРЫНА) СУ ЖЕТПЕЙДІ

Жұмысбасты болып, басқа ештеңеге қолы тиер емес. * – Қонақтар келетін уақыт болып қалды. Мұрынға су жетпей жатқанда жыртыңдағандарың қалып па? Ғ.Біл. ~ Түнде Зоотехник: «Сенің уақытың көп, мендей емес, оқып аласың ғой», – деп кетті. мұрынға су жетпей жүргенін біле тұра, қылымсығаны несі, кекеткені де.

О.Бөк.* … мая үстіндегі екі жігіт шанаға айырлап шөп лақтыруда, үшіншісі шанадағы шөпті аяғымен баса ырғап жаймалай жайғап жүр. Мұрындарына су жетер емес. М.Қаб.

Posted in

МҰРЫН ТЫҚТЫ

Килікті. * Ал қалған қарақұрым адамдардың маған, менiң өмiрiме еш қатысы жоқ. Зүбәржат екеумiздiң тағдырымызға мұрын тыққысы, арамызға түскiсi келетiндер… мейлi, құдайым алдарынан жарылқасын, адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ! Ж.Шағ.

Posted in

МҰРЫН ЖАРАДЫ (ЖАРДЫ)

Көңілді қытықтаған жұпар; өткір иіс туралы.. * Құм бел жайлауы алай- дүлей, қыбыр- қыбыр. Тезектің түтіні, жаңа сойған қойдың жылы қаны мұрынды жарады. От маздады, отбасында әйелдердің көйлегі көлбеңдеді.

Ж.Айм. * Көшенің екі бетіндегі кең жаймаларда қытайы жібек, күнге шағылысқан әр алуан асыл тас, алтын, күміс, былғары мен шұға, аң терілері, шартараптың саудагерлері әкелген ірілі-ұсақ бұйымдар ыбырсып жатыр, жылы самсаның, кепкен мейіздің, буы бұрқыраған ыссы палаудың, сексеуілдің шоғына шыжғырған кәуаптың ию-қию иісі мұрын жарады. Ә.Кек. ~ Айнала қалың өскен жалбыз иісі бұрқырап, мұрынды жарып барады. О.Сәрс. ~ Жайшылықта иіс бермес аюбалдырған, әйбатмия, сасыр, шетендердің өздері де жұпар аңқиды. Жоқ, олар көктем исімен мұрныңды жарады. І.Ес. ~ Даланың әдемі қош иісі мұрнымды жарып, көңілімді өсіріп, жүрегімді тулатып әкетіп барады… М.Дәул. ~ Көктемнің дымқыл иісі мұрын жарып, тыныс кеңейтіп, алуан түрлі арманға жол ашып, қияға, биікке меңзеді. З.Шаш.

Posted in

МҰРШАСЫ БОЛМАДЫ

Шамасы келмеді. ~ Таңдайы құрғап қалыпты. Әлгінде «Байтал тұрмақ, бас қайғы» деп су сұрап ішуге де мұршасы болмап еді. С.Ел. ~ Соғыс басталғанда, одан бергі шаруашылықты көтеру жылдарында Есболдың туған жер, өскен өлкесін ойлауға мұршасы болған жоқ. Б.Тоғ.

Posted in

МҰРШАСЫ (ШАМАСЫ, ХАЛІ) КЕЛМЕДІ

Күші жетпеді, жағдайы болмады, мүмкіндік таппады. * Жан апасы бұл үшін өліп кетті-ау! Тым болмаса бір ауыз тіл қатуға да мұршасын келтірмеді-ау! Ж.Айм. * Жазбайық деп жүргеніміз жоқ. Қол тимейді. Күнде қызмет, мәжіліс, дәріс, театр, сүгіретке түсу, қызбен жүру, тағы анау-мынаудан мұршамыз келмейді. Ж.Айм.

* Бір пештегі алты адамды әрқайсысының меншіктенген өз жұмыс орны, өз қаракеті бір- бірімен кездестіре де, шүйіркелестіре де бермейді. Оған тіпті мұршалары да келмес еді. С.Смат.

Posted in

МҰРША ЖОҚ (ҚАЙДА, БАР МА, КЕРЕК, БОЛДЫ МА)

Әлдебір іске мүмкіндігі жоқ, әл-қауқары жетпейді, жағдайы жоқ. ~ Бұл көкең білгенін самбырлап айта түседі. Мүдіруге мұрша жоқ. Д.Досж. ~ Өлі-тіріге қарауға да мұрша жоқ. Ш.Айт. ~ Көп сөйлесіп тұруға мұрша қайда, Арғынбай мен бес жігітті қой қораға жасырып қойдым да, қаннен-қаперсіз қалпыммен күзетте тұра бердім. М.Әбд. ~ Сол кеткеннен, міне, әлі жоқ. «Е, мейлі, жоғалсаң жоғал» деді бұл. Одан ешкімің ешнәрсесі қисаймай мас. Іздеуге мұрша қайда? С.Ел. ~ Ал Әлімбекке ешкім назар аударған жоқ. Оған қарауға мұрша бар ма.

Ш.Айт. ~ Ауылдың төбесі әне ағараңдап көрініп-ақ тұр. Бірақ, барып, келуге мұрша керек. Н.Дәу. ~ Сонау сұрапыл соғыс жылдары мың шанышқанын да елеуге мұрша болды ма? К.Қаз.

Posted in

МҰРША БЕРМЕДІ (КЕЛТІРМЕДІ)

Жолын бөгеді, қолын байлады, мүмкіндік бермеді. ~ Қалған айғыр топ адаммен амандасуға мұрша бермей, орыс сақшылар екеуін жетектеп күймеге әкеп қайта тықты. Ә.Кек. ~ Ал күні бұрын дайындалған Бабасұлтан лашкарлары бір сапта жауға аттанғалы шыққан өзге қазақ жігіттерін де заматта жан-жағынан қоршап алып, қарсыласуға мұрша бермей, қойдай қырып салады. І.Ес. ~ Соңында қаптаған милиция. Бiрден, тырп етуге мұрша келтiрмей бас салғаны. Ә.Ыб.

Posted in

МҰРША БЕР

Мүмкіндік бер, мұрсат қыл д.м. ~ — Дат, тақсыр! Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ деген. Төре, бір ауыз сөзге мұрша бер. І.Ес. ~ Олай болса С. Иманасовтың: «Жазам бәрін солардың, қазам бәрін, денсаулық бер, ей өмір, мұрша бер тек!» – деген өтініш-тілегінің орындалуын қалай отырып, одан әлі де тамаша өлеңдер күтеміз. Т.Бейіс.