Posted in

МҰНТАЗДАЙ ТАЗА

Кір шалмаған, тап-таза, тып-тиянақты. * Күнтайдың сырқаты ауырлай, Ақпан үйінің берекесі кетіп болды. Бұрынғы мұнтаздай таза үйдің іші, басқа адам бас сұқпастай халге кеп, мейлінше ыластанды. С.Мұқ. * Kip, қоңыс үйге жоламайтын, тумысынан кірпияз кінәз Ақан мына мұнтаздай таза үйге көңілі көншіп, аппақ мамық жастыққа қисайды. С.Жүн. * Қанша алас-қапас болса да, күнде таңертең қырынып, үсті-басын мұнтаздай таза ұстаушы еді. Екі-үш күннен бері қырынуға да мұршасы болмады. Т.Ахт.

Posted in

МҰНДА БІР ГӘП БАР

Мұнда бір құпия сыр жатыр. ~ Және Мырзабек — осы Оспан ақсақалдың туған інісінің баласы. Сол жақын туысын шал әлдебір адамдай «біреу» дейді. Мұнда бір гәп бар-ау…Д.Әш. ~ Сөйтсе, ол ұран екен. Ұран болғанда да кісінің зәре иманын ұшыратын ұран боп шықты. «Жойылсын байлар, жасасын кедейлер!» Міне, гәп қайда! Ал бұлар осындай үзілді-кесілді саяси ұранның астында үш күн бойы (!) мамыражай өмір сүріп келген! Д.Ис. ~ — Не де болса бұл тегін адам емес. Мұнда бір гәп бар: аттан құлайтын кісінің сиқы көрінбейді, — дескеннен басқа, дөп басып сәуегейлік айта қоюға ешкімнің батылы бармайтын секілді. Өлім жолы ауыр. Жорамал айтып жобалап, нобайлап тон пішу бұл арада ыңғайсыз. C.Жүн.

Posted in

МҰНАРҒА ШОМДЫ (ШОМЫЛДЫ)

Айнала көгілдірленіп, боз сәулеге батты. ~ Долбары дұрыска шықты. Жұлдыздар көмескіленіп, жарым аспан сүтті мұнарға шомғанда жылқы тебініне кездесті. Ізден жаңылды, бірақ барар бағыты айқын. М.Мағ. ~ Ай жап– жарық. Бұл жерден етектің мол суреті аппақ мұнарға шомылып, сиқырланып көрінді. Ауыл да мұнар астында бұлдырап жатты. Ә.Асқ.

Posted in

МҰНАРҒА ОРАНДЫ (МАЛЫНДЫ)

Көк тұманға, бұлыңғыр сағымға батты. ~ Қолдың дәл бет алдында, шексіз ұзақ алыста кең созылған биік жота бар. Ол да бұл шақта көк барқын мұнарға оранып, аспанмен ұласып араласып, бояу қосып тұтасып барады. М.Әу. ~ Сол жақта, күншығыста Орда тауы, Тоқымтыққан, Боқай дейтін көкшіл мұнарға оранған қоңырқай таулар көрінеді. М.Әу. ~ Моп– момақан көкше мұнарға оранып, мұңға батқандай, маңғаздана, үн қатпай ұлан– байтақ, өрісті кең жайлау жатыр. Т.Рыск. ~ Жақын да болса алыс қызға қол созды, жетпеді, айқай салды, жер жарып, жартастарды теңселткен даусын өзі де естімеді, қара шашы бұлтша шұбалған қыз ақ мұнарға оранып, алыстай түсіп, бұлдырап барады. М.Қаб. ~ Жақын маңда ұзын, бітік таңқурай сабақты, шілік, бұта — бүргенді өскіні белуардан келетін жүндес, қайқаң беткейлер елбіреген бір көкшіл мұнарға малынған. Ж.Ахм.

Posted in

МҰНАРҒА БӨКТІ

Айнала күңгірттеніп, тұманданып, мұнартып көрінді.~ Түнгі мұнарға бөккен төңіректен өлі тыныштықтан басқа ештеңе сезілмеді. Асқар үй ішін есіне алғысы келмеді. Т.Әбд. ~ Боз мұнарға бөгiп шаңытқан жым-жырт кеңiстiк қоңыр кешке басын сүйеп қалғып тұр. Жаны құлазығын Сәбира әлдененi алданыш қылу ойымен қарсы алдына немқұрайлы көз салды. Т.Сәу. ~ Сағым мен мұнарға бөгіп шөлден кенезесі кепкен, лыпа ықтасыны жоқ баябан далада күзге салымғы өңменнен өтетін ызғырық желге бетін беріп… Ғ.Біл. ~ Дала сүттей мұнарға бөккен, аспанда ай толықсып туып тұр. Ә.Асқ.

Posted in

МҰНАРҒА БАТТЫ (СІҢДІ)

Алыстан мұнартып, сағымданып көрінді.~ «Қойсаң қой», — деп іштей тістескен Бөкен де басын сыртқа бұрып томсырайып отырып алды. Алыста мұнарға батып тау сілемдері көрінеді. С.Мұр. ~ Түстіктегі Ереңқабырға сілемдері бірте– бірте алыстап, мұнарға батып, қалып барады. Қ.Жұм. ~ Қуғыншылар есін жиып, дүрбі салғанда, алыста шаңытқан бозғыл мұнарға сіңіп, жоғалып бара жатты. Т.Шап.

Posted in

МҰНАР ТОРЛАДЫ (ТОРЛАНДЫ)

Күн күңгірттеніп, айнала буалдыр түске енді. ~ Жазды ызғар буып, күнді мұнар торлап жатыр – ау! Әйтпесе желілеп бие байлап, желектеп келін сайлағанға не жетсін! С.См. ~ Тағы бір меңіреу түн кезек алар тұста мың сан халқы бар шаһар тастай қараңғылықтың тылсым қойнауында қалуға сескеніп, бұғына, тарыла түскен тәрізді, орталық жағындағы еңселі үйлер ғана көзге шалынып шет қапталын мұнар торлап тастаған. А.См. ~ Жайлау, жаратылыс құлпырып, көркіне енген, кіршіксіз сұлу дүние. «Моншалы сайдың» кіре беріс ауызында көз тартып, жауыннан соңғы ғажап бір көкбоз мұнар торланған. Ж.Ахм.

Posted in

МҰНАР ТАРТТЫ (ТҰТТЫ)

Алыстан сағымдай боп елес берді, көгілдір тартты. ~ Көбінесе бұлт бүркеп, мұнар тұтып тұратын Аспантау бүгін аппақ күмістей жарқырап, ап-анық асқақтап кетіпті. Шоқылы шыңдары араның қатар-қатар өткір тісіндей тізіліп тұр екен. Ш.Мұр. ~ Соғыстың алғашқы қысы да түнеріп, мұнар тартып, азынаған аязымен қоса мезгілсіз ерте келіп есік қақты. Сол таңның алдында түні бойы қар жауды. Ш.Айт. ~ Күн алабұлт еді. Сонан ба, таң әлдеқашан атса да айнала көгілдір мұнар тартып тұрған… М.Сүн.

Posted in

МҰНАР КҮН

Мұңды, қайғылы уақыт. ~ Бүгінгі күн — мұнар күн, Жер бетін тұман басқан күн. Жалаңтөс аспас асудан, Кәпір қалмақ асқан күн. Қожаберген жырау. ~ Мұнар да, мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн, Буыршын мұзға тайған күн, Бура атанған шөккен күн… Махамб. ~ Бастан ауып, баянсыздау мұнар күн, қалжырармын, қансырармын, жылармын, жүдеуі де мүмкін көңіл, тек қана біреуіңе жалынбайтын шығармын! С.Им. ~ Өтіп жатыр жайдары күн, мұнар күн. Уақытқа, айтшы, қарсы тұрар кім! Елік мінез өлең-қызга ғашық боп, Өле-өлгенше өтетұғын шығармын. А.Нәр.

Posted in

МҰНАР ЖАМЫЛДЫ

Алыстан мұнартты. ~ Алыста, жігіттердің бет алдында үш-төрт бөлек көгілдір жоталар жатыр. Ол — Шақпақ, Қызбала, Байқошкар жондары. Жұқалаң ғана ақшыл көк мұнар жамылып тұр… М.Әу. ~ … Сол бір тамаша күндердегі бұлыңғыр аспан да аппақ мұнар жамылып алған, жыртылған көгілдір қағаздар сияқты. В.Наб.