Posted in

МҮКІС ТІЛ

Тілінде кемшілік бар. ~ Сақыпжамалдың бұрын бала көтермегендігінен, иә жастығынан ба, әлде Яковтың ересектігінен бе, немесе қам көңіл мен мүкіс тіл үйлестік таппады ма – әйтеуір бірі бала, бірі ана боп кете алмаған. М.Мағ. ~ Біреулер мұны Жақыптың дүлейлігінен көрсе, біреулер адалдығына, еңбекшілдігіне балайтын. Әттең, тілі мүкіс, әйтпесе қазаққа бергісіз деп мақтасатын. М.Мағ.

Posted in

МҮКІС ҚҰЛАҚ

Нашар естиді. ~ Мүкіс құлақ боран ызыңын шалып қалды ма, шал көрпе астынан еті қашқан оң қолын жайлап шығарып, үп-үшкір шынтағымен жер таянып, бір бүйіріне екі-үш ұмсынып барып, аунап түсті. С.Смат. ~ . Сылқ-сылқ күліп бұрала ағып жаткан бұлақтың ағысындай оқыс сыңғыр ызыңы бір басылмайтын мүкіс құлағымның дәл түбінен естілгендей болды да, қапталдағы екеуге ыңғай бердім. Ө.Кәр.

Posted in

МҮКІС (МҮКІСІ) БАР

Кемістігі бар. * Сары Шая кейінгі жылдары: «Құлағымның мүкісі бар. Есітпейді»,– деп жүрді де, әне бір жолы қалаға барғанда осы темірді әкелген-ді. Ә.Нұрп. * Көріп болған соң Зоя Николаевна бір тарақ қағазға әлденені жазды да, маған ұсынды: — Көзіңіздің мүкісі бар. Емделу керек. Әскерге жарамайсыз. Т.Бер.

Posted in

МҮКӘМБАРАСЫН ШЫҒАРДЫ

Тас-талқан қылды, быт-шытын шығарды. * – Әй, кісінің мүкәмбарасын шығарарсың, найзаңды алқымыма тақамай, әрі тартшы! О.Сәрс. ~ 2014 ж. желтоқсан айында «Иқан шайқасына» арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп Иқан ауылында ескерткіш орнатуға қызу дайындық жүріп жатыр еді. Төмендегі мақала соның мүкәмбарасын шығарып, тоқтатып тастады. Ө.Шыныб.

Posted in

МҮЙІС АЙНАЛДЫ

Шет айналып, қияс тартты. * Елтай мырс етті, мүйіс айналды. М.Қаб. ~ Қыз сыңғырлай күліп алып, ешкілердің соңына адам бейнесін кескіндеуге тырысқан. Онысынан ештеңе өнбеді де, бір уыс құмды желпи шашып жіберді, тағы да сыңғыр етіп, мүйіс айналып кетті. К.Жүн.

Posted in

МҮЙІЗІНЕ ІЛДІ

Қысастық қылды, шет қақпайлады, сес қылды. ~ – Сіз Бұқарды жақсы дедіңіз ғой. Ал біздің Абай сол Бұқар жыраумен де шайқасып, мүйізіне іле кеткен бір жері бар! – деп, Абайдың белгілі өлеңін айтты. М.Әу. ~ Жалғыз ғана тілегім, қайыр сұрап кетсең де біреудің табанын жалама. Русак мені мүйізіне іле алса іле берсін, сен оған қыстырылып қадіріңді кетірме, Онымен ұзаққа бара алмайсың. Ә.Әб. ~ … айбарымен басып түсіп отырған аса мықты адамның салған жерден өз атын ауызға алып, мүйізіне іліп әкеткенде қай қылығымен жақпай қалғандығын біле алмай қысылып, қызарып кеткен Боранқұл енді жадырап кеңи бастаған күйде еді. Ғ.Біл.

Posted in

МҮЙІЗІН ШАЙҚАДЫ

Сес көрсетті. ~ Жауыздық дейсің бе, жауыздық көрген жалғыз менмін дейсің бе? Ортаға шаңырақтай мүйізін шайқап тастап, ақ бурыл шаған бұғы шыға келді. Д.Қуат. ~ Бұқа көздене қабақ астынан сүзе қарап, мүйізін шайқап біраз отырды да, мойынын сылқ еткізіп арқа тұсындағы есікке бұрылды. Т.Сәу.

Posted in

МҮЙІЗІН ҚАҚТЫ

Шеттетті, көзін құртты. ~ “Іс түйiнiн кадр шешедi” деп, Кремльдi тез арада тiрi өлiктерден тазартты. Саяси Бюродағы кәрi-құртаңдардың да бiртiндеп мүйiзiн қағып жатыр. Т.Сәук. ~ Алды ғой кегін. Түрмесіне тықпаса болғаны. Өзгесіне көнеді. Көнбегенде не келеді қолынан? Біткен! Бітірді сәбізін. Бір тауда бір құлжадай еді, мүйізін қақты да қоя берді. Сонда бұл отыз төрт жыл құр далақпаймен есіл ғұмырын текке өткізгені ме?! Ө.Кәр.

Posted in

МҮЙІЗІМЕН АЙМАЛАСТЫ

Жақын араласатын, бірде тату, бірде араз болатын, тетелес жандар туралы. ~ Мүйізімен аймаласып отырған аралас жастағы абысын-ажын, құдаша-құдағилардың келесі біреуді ту сыртынан жүндеп жатқандары хақ еді. Ғ.Біл.