Posted in

ТЫРНАҒЫНА ІЛІКТІІ (ІЛІНДІ)

Қолына түсті; тұтылды. ~ Әбіш. Кәрім! Қанды қолдың тырнағына қапыда іліктім. Мені босату екеуіңнің ғана қолыңнан келмейді, қалың кедейдің ұйымдасқан айбарлы күші керек. Сол күшті ұйымдастырыңдар! Б.Майл. ~ Дәл сол сәтте аш түлкінің тырнағына іліккен бейбақ құстай, қайғы, зарға, өкініш, арманға толы ащы дауыс шар етті де, бар әлемді сұмдық үнге толтыра боздай жөнелді. І.Ес. ~ Мұхиттың меңіреу қойнауында бұлқынған теңіз жалмауызы дәл төбесінде тұрған жемтігі тырнағына ілінбей тұлан тұтып, тас- талқан тулап- тулап алып күркірей күйінетін тәрізді. А.См. ~ Ұясынан құлап өле ме, әлде жемтік іздеген өзгенің тырнағына іліне ме, әйтеуір алды тұңғиық болып қалды ғой. О.Көш. ~ Бізде шынымен-ақ, төрткүл дүниені таңдай қақтыратын тың материалдар көзі бар. Ол кино басқыншылардың тырнағына іліне қоймаған – қазақтың фольклорлық, эпостық, тұрмыссалттық жырлары, аңыз-әңгімелері. Ж.Аяз.

Posted in

ТЫШҚАН МҰРНЫН ҚАНАТТЫ

Мал сойып, азды-көпті қонақасы жасады. ~ Содан, жылжымалап жаз келер, қойшылардан тышқан мұрнын қанатар бірдеме ауысар, күз түсер, соғымға да ілігіп қалар еді. Д.Досж. ~ Рахмет, апа, біз ішпейміз… – Жоқ, қуыс үйден тышқан мұрнын қанатпай шыққандарың ұят болар. Осы күнгінің қойы да, марқасы да осы емес пе!.. Т.Сәук. ~ Қой, Ғалия, біз де қазақ емеспіз бе, балаларға арнап тышқан мұрнын қанатайық! — деп орнынан тұрып кеткені бар. Ә.Тар.

Posted in

ТЫРНАҒЫНА ТАТЫМАЙДЫ (ТҰРМАЙДЫ)

Теңі емес; қолына су қоюға жарамайды. ~ Ол күлсе, бұ жалғанның бәрі күліп жібергендей, қайда отырғаныңды ұмытып қалар едің. Өзге әйел оның бір тырнағына, басқан ізіне тұрмай қалар еді. Ж.Айм. ~ Өз еркіне салса, Қайыптан басқаны қаламайды. Серіден өзгені сүймейді. Есберген тұрмақ ханның ұлы болса да Қайыптың тырнағына татыр ма? Ү.Жәл. ~ Е-е!.. Бұған да жеткен екенбіз! Әкел былай баланы! Сәбиден садаға кеткір! Айкүмістің тырнағына татымайтын еркексымақ! Жетіскен екенсің! Ғашығыңды көргем! Ғ.Сл.

Posted in

ТЫШҚАН ШИЫРЫНДАЙ

Тым кішкентай, титтей; болымсыз ғана. ~ Неге десең, осыған дейінгі көріп, білгені жайсыз ұйықтаған адамның көрген түсіндей ғана. Ау, сонда қырық жылғы тірлігінен жер бетінде тышқан шиырындай із қалмағаны ма?! Ө.Кәр.

Posted in

ТЫРНАҒЫНАН ҚҰТҚАРДЫ (БОСАТТЫ)

Біреуден аман-алып қалды. ~ Айт мұңыңды, — деді «төре». Іште жатқан шерді тасыған судай ағыттым. — Өз басым не болса да көндім. Әке–шешемді осы жауыздың тырнағынан құтқарсаң екен! — дедім. Б.Май. ~ Жан–жақтан жау қамап тұрған бейшара гарнизонды ажал тырнағынан құтқарып алу керек. Ә.Кек. ~ Жалғыз қызының тағдырына пышақ салып, өзі отқа итергендей болған Нұрбайдың қанында әкелік сезім қайта қайнап шыға беріп еді. Қалайда қайғы тырнағынан босатып алу үшін аянып қалған әке жоқ. Б.Мом.

Posted in

ТЫШҚАНҒА ДА ТОЙ БАР

Әркімнің де жолы болар күні бар д.м. ~ — Бүгін — мереке, өлгенде көрген мереке. Құрғақ заң екенін мен де білемін. Сондықтан да көз көрмес, құлақ естімес жерге ертіп әкелдім. Мә, ал! Тышқанға да той бар. Қағып жібер. М.Қаб.

Posted in

ТЫРНАҚ (ТЫРНАҒЫН) САЛДЫ

Қастандық жасады, қиянат қылды. * "Саған да тырнағын салды- ау! Сені де аямады- ау, құлыным! Қаршадайыңнан қиянат көріп, зәбір шегіп, жас жаныңды жаралап алдың- ау, құлыным! " С.Смат.

Posted in

ТЫРНАҚ АЛДЫ

Тұңғыш еңбегі; алғашқы жазғаны. ~ ~ Одан қаймығып жалтарған кезде бір сермеп еді, дәл тұмсықтан тиді шоқпар. Жығылып қайта тұрса да қасқыр одан әрі әлсірей берді. Жүйемелете тиген тал шоқпар жықты ақыры. Сарыбала атынан түсіп, көңілі көншіп тұрған кезде Сүйгембай жетті. Қанжығаң майлана берсін, шырақ! Қара жерде қасқыр соққан жүйрік боз жүгірісінен танбасын! Байладым, ата. Жақсы кездестіңіз. Тырнақ алдың ғой, байланбаймын. Сойып беріп тек құйрығын алам, бөкебай болсын. Ғ.Мұст. ~ Таңсықбай Боранбаевтың тырнақ алды еңбегі мәселе қоюдың тыңдығымен сүйсіндірсе, сауалының тым шымырлығы кексе көкейге секем алғызған. Д.Дос.* Өзінің тырнақ алды прозалық туындысын шағын повесть түрінде бастап отырғанын автор бір де минутке есінен шығармайды. Б.Соқ. * Бұл менің педагог — журналист ретінде тырнақ алды енбегім еді. Ғарекең мені ынталандыру ниетімен қаламақыны молдау етіп көтермелеп қойды. Б.Соқ.

Posted in

ТЫРНАҚ АСТЫНАН КІР ІЗДЕДІ

Сыныққа сылтау іздеді; жала жапты; арамдық қылды. * Осы ауылдың үлкені Нұрымбет болғанмен, биі Бекбауыл болмақ қой. Қалған Киікбай тұқымының кемеңгері өзі екенін мойындатып алғысы келіп жүр ол! – Бекбауылмен жасы құрдас Ақмырза ашу шақырды. – Тырнақ астынан кір іздеп, қытымырланып барады мұқым. Мұнысын қоймаса… З.Шүкір. * Жоғарыда келтірілген шумақтар жақсы ақындардың жақсы өлеңдерінен алынды. Кез келген таланттың әр тырнағы астынан кір іздеп кіржіңдейтін кіділігіміз жоқ. Ж.Нәж.

Posted in

ТЫРНАҚ ІЛІНДІРДІ

Қолы жетті. * Әлі жас, отыздан асқан, түбіт иек бозбала десе де. Осы таяу арада «Заслуженный артист» деген атаққа да тырнақ іліндірген-ді. Ш.Құм. * Тайшын бозбала жігіттің үрейден үні өшіп қалғанын бағамдады. Сонда да оған сыбыс беріп, есін жидырып, жоғары өрлеуге бұйырды. Сұңғат та тез өзіне келіп, арқаннан тартып өрмелеп, мұз төскейге тырнақ іліндірді. А.Алт. * «Опасыз дүние» деп тауып айтқан. Көңіл қатты торыққанда бұл дүниенің тұла бойынан тырнақ ілінер түк табылмай кетеді-ау! Ә.Нұрп.