Әркім қара басының қамымен жүр д.м. * – Е, балам-ай, қайда дейтіні бар ма? Тұрымтай тұсымен, балапан басымен болған заманда бір жанының амандығы үшін дүние-мүлкінен безіп кетті де. С.Досж. ~ Қазір менің қасымда үркердей ғана топ қалды, екі жарым мың үй қалды… — Пәлі десейші! — Тұрымтай тұсына, балапан басына деген заман ғой! З.Шүк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҰНЫП ТҰР
Өте көп, толып тұр. ~ Астардың арасында Шоқан мен Григорий Малтабардың орамындағы сән-салтанаттың бәрін де аралап шықты, тұрқы ұзын дүкеннің іші түрлі түсті сатарман мүлікке тұнып тұр, бәрі де тамаша!.. С.Мұқ.. ~ Абайды жылатқан жеккөргішпен жексұрын көрінгіштер ылайсаңы төңірегімізде ығып тұрса ше?.. Шарапатын шам түбінен оздыра алмай іш құса болған ірілер төңірегімізде тұнып тұрса ше?. Х.Ерғ. Маужырап, толқып тұр. ~ Сол сәтте жібектей кекілі самалмен желбіреген құлынның боталаған көзінде мөлдір жас төгіліп кетердей тұнып тұрды.. Б.Ыбыр. ~ Абай поэзиясы сиқыр үн мен құпия сырға тұнып тұр. Абай өлеңі — қуатты жан тебіренісі, қайыспас жанкештілік және ішкі бостандық. Р.Сей.
ТҰРЫСАТЫН ЖЕРІН АЙТТЫ
Бетпе-бет айқасатын орынды белгіледі. ~ Биыл қалың Қаракерей мен Төртуыл, Матай болып, сол өңірді жайласақ деген ойымыз бар. Қалмақ қорықса қонысын берер, туласа тұрысатын жерін айтар. Қ.Жұм. ~ Қалмақтардың өздері хош көрген адамын бекітпей, өздеріне қолайлы деген адамдарын билікке ұсынды. Осы әрекеттің өзі– ақ екі тайпаның «Тұрысатын жеріңді айт! » десіп, жауласып кетуіне жеткілікті еді. К.Сег. ~ Үсендіктердің үлкені ретінде бүтін бір рудың атынан сөйлеп, пәтуа сұрапты, тұрысар жерді нұсқапты. Алайда, қайсар Нұрбай дегенінен қайтпапты. Қызын қайтарудан бас тартып, сөз дарытпапты. Б.Мом.
ТҰҢҒИЫҚ КӨЗ
Беймәлім сыр тұнған ойлы жанар. ~ – Әй, еншілес, Исақайды шақыршы! – деді де, нәуетек қабағын бір шытынып, тұңғиық көзін бір төңкеріп, бәтес көйлектің етегін бұлаң еткізіп қайта кірді. Ж.Айм. ~ — Құмарлық бір түрлі шипасы жоқ дерт екен. Емі табылмаса қайтем?- деп Көпжасар, келіншектің тұңғиық көзінен, тәмпіш мұрнынан, оймақ аузынан, ұлпа тамағынан тағы қайталап сүйді. Т.Рыс. ~ Тұңғиық көзді тұнық қыз Отыр ғой, міне, өмір- ау. Тұсауды іздеп жүріп біз Тұсалып қалған едік- ау. Е.Рау.
ТҰСАУ БОЙЫ
Тұсау бойы — жылқының алдыңғы екі аяғының арасы. Шамасымен 30-40 см-дей, аз ғана қашықтық. Көбінесе күн көкжиектен сәл ғана көтерілгенін білдіретін теңеу ретінде қолданылады. * Күн тұсау бойы көтерілген. М.б.Т. * Алғашқы топ арық басына келгенде күн тұсау бойы көтерілген еді. Бәйтен алдымен Хадишаға бөлінген жерді қазуға кірісті. Т.Әбд. * Жиектен тұсау бойы жоғары тоқымдай бұлт көрінеді; бір жақ сауыры қызғылт. М.Сүнд.
ТҰҢҒИЫҚ ОЙ
Терең ой, күрделі пайым. * Оған дүние-әлемнің бар қақпасы ашылғандай – қуаныш та, қайғы-мұң да, тұңғиық ой да, тілек пен шүбә да – бәрі де жан- жағын қаумалап, қамап алды. Ш.Айт. * Соғыс Ержанның балалық қабығын піспей жатып сыдырып, ауыртып аршыған. Бейқам көңіл күтпеген жерден тұңғиық ойға тірелген. Т.Ахт. * Кеңседен шыққаннан кейін тұңғиық ойға шомдым. Б.Қыд.
ТҰСАУ КЕСЕР
Әлдебір істің, шығармашылық бастаманың алғашқы қадамы. * «Айша Бибі» ─ Бағданның тұсау кесері болды. Осыдан кейін оның аты жиі аталды. Даңқы жайыла бастады. С.Шайм. * Хан жас сұлтанның тұсау кесер жорықтарының сәтті боп жүргенін айтып, Ырғыз бен Торғай арасынан жаңа әріс, аспаһани қылыш, жаудан түскен бір сұқсырды сыйға ұсынды. Ә.Кек. ~ Түптеп келгенде, қазіргі адамзат өзінің Жерден өзге планеталардағы цивилизациясының тұсау кесер тұсында тұрған… Ш.Айт. Тәй-тәй баса бастаған сәби тезірек жүріп кетсін деген тілекпен өткізілетін салт-дәстүр. ~ Түптеп келгенде, қазіргі адамзат өзінің Жерден өзге планеталардағы цивилизациясының тұсау кесер тұсында тұрған… БАҚ.
ТҰҢҒИЫҚҚА ШЫМ БАТТЫ
Тереңге белшесінен батты. ~ Шайқалақтап бойын билей алар емес. Айқыш-ұйқыш шыр айналған шеңберлер көз нұрын суырып, түпсіз тұңғиыққа шым батып бара жатты. Т.Сәу. ~ Қорыққаннан денесі өз еркіне бағынбай жылан арбаған бақаша сіресіп қозғалмай қалды. (Қорыққаным – тірі болғаным ғой деп ойлап үлгірді осы арада). Көзінің алды қарауытып, бір тұңғиыққа шым батып бара жатқандай сезінді. Т.Әбд. ~ Керек десе, өзінің осы дүниеде бар-жоғын да білмей, есінен таныпты да, ми айналғандай қап-қара тұңғиыққа шым батып жүре беріпті. Ә.Нұрп.
ТҰСАУЛЫ АТ
Өз еркі өзінде емес, біреуге тәуелді д.м. * «Раушан күйеуінің абыройын қорғап отыр. Әйтпесе, аудандық партия комитетінің секретары дабыл қағып, комиссия шақыртып, қайта қараттырса, кім қолынан алады?» «О да тұсаулы ат емес пе? Орнынан алып тастасын дегенің бе?» З.Шаш. ~ Ас иіс бұрқыраған үйге қарай ықыластанып келе жатқан кісі, кенет осы арада тұсаулы аттай аяғын баса алмай дыбырлады да калды. Ү.Жәл.
ТҰРА АЛМАЙДЫ
Бір-біріне деген сағынышы, ынтызарлығы зор. ~ Аға, жеңгем ғажап тату. Екеуі біреуінсіз біреуі тұра алмайды. Б.Соқ. ~ Адам атаның ұлдары Әбіл мен Қабыл сәби шағында бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын еді. Ж.Шәк. ~ – Как раз біраздан соң кемпір шалына кетеді. Күнде барып көрмесе, тұра алмайды. Такая любовь у них… О’кей деп есепте! Т.Сәу.
