Қарбалас кез. ~ Аңқаубай да аңдымай жүре ме? Дүниесінің бәрі қараң қалатын болса да, үйден аттап шықпай отыруға бар. Бірақ байдың үйінің «тығыз-таяң» жұмысы болып қалып, Аңқаубай соған шақырылады; өз жұмысын істеуге ерініп отырған кісі, байдың үйі шақырғанда аяғын ұшынан басып жөнеледі. Амал қанша, бармаса, күлін аспанға шығарады ғой. Б.Майл. * Генерал қоштасып штабқа жүріп кетті. Мұратқа Ержан осы кеште Кәкібай әнін тыңдамақ ойы бар екенін айтты. – Уақыт тығыз-таяң. Бірақ солдат көңілін қайтарғым келмеді,— деді. Т.Ахт. * Талғардан көпірсіз жерден ешкім өтпейтін болса да, Бақтығұлға тегінде арғы бетке тығыз-таяңдау уақытта өтіп жүретін бір оңайлау жерді біліп қою керек еді. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҰЯҒЫМЕН ЖЕР ТАРПЫДЫ
Делебесі қозып, ауыздығымен алысты; шыдамсызданды. * Осылай басындырып қоямыз ба. Біз де ел, жұрт емеспіз бе. Жиналамыз. Қарумен барып, тінтеміз" деп, тұяқтарымен жер тарпиды. С.Жүн. ~ Айғыр құлан тұяғымен жер тарпып, танауы делдие, иегіне өскен түгі сойдиып, көзі қанға толып, адыраңдай басын кекжитті. А.Кем. ~ Сол сәтте Таумаңды таныған Күрең тұлпар кісінеп жіберді. Бастан айырылған дененің гүрс етіп құлағаны болат тұяғымен жер тарпып тұрған тұлпардың шұрқырасуымен қабаттасып Тауман ойлаған қатер бұлтын сейілтті. С.Досан.
ТЫҒЫНЫ АҒЫТЫЛДЫ
Босады, кедергі жойылды. ~ Мен келгенге дейін, — деп шағынатын Купер, — бәрі де тыптыныш болатын. Мен қалай келісімен, бәрінің де тығыны ағытылып жүре берді. К.Паус. ~ Кең дүниенің ысқырып, апшысына қуырды. Содан кейін тығыны ағытылған айқай дауылдайын сырнай дала төсін сырғып, азынап, аңырап ақты. С.Ел.
ТҰЯҒЫН БАСТЫ (ЖАЛҒАДЫ)
Біреудің өмірін (ісін) жалғастырды. * Апырмай, тұяғыңды басады, атыңды жалпақ жұртқа жаяды деп үмыттенген ұрпағың енді он жыл, он бес жыл өткенде де өзіне ұқсап күйбеңдеп тары ексе, түйе сауса – несі қызық?! Д.Досж. ~ Байбөрі қанша бай болып, дәулеті шалқып жатса да, жүрек түкпірінде орны толмай, орындалмай жүрген бір арманы болатын. Ол — тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. А.Сей.
ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ
Қысылтаяң жағдайға, аяқ бастырмайтын кедергіге тап болды; әлдебір мәселенің оң шешуін таппай қиналды. * Ендеше, дәл қазір жаңа жорыққа шығардай кім табыла қояды. Кім? Ол мынау тығырыққа кеп тіреліп қалды. Ә.Кек. * Жай отырып ойласа, айтары ағыл-тегіл. Енді соны жазбақ боп, қолына қалам алуы-ақ мұң, тығырыққа тіреледі де қалады: неден бастамақ, немен аяқтамақ? Ш.Айт. * Тығырыққа тағдырым тірелгенде, Күреңітіп ой кешем күрең белде. Р.Ниязб. * Әбубәкір төмен қарап отырып қалды. Баласының бір нәрсеге бет алса, бұрылмайтынын білетін ол шарасыздықтан тығырыққа тіреліп отыр. Б.Тоғ. * «С оншама несіне таусылып отырсың, өзің ондай ұл таба алмаған соң аузыңа келгенін оттай береді екенсің» деп шаптыға түсетін ауыл арасындағы қатындардың тығырыққа тірелер тұсы келіпақ қалғандай. С.Жүніс. * . Қауқаш койшы жаны иненің ұшында тұрғандай абдырап, аузына сөз түспей, өзіне қадалған сан алуан көздерден қашып құтылатын тесік таба алмай тығырыққа тірелді. С.Елу.
ТҰҢҒИЫҚҚА ШЫМ БАТТЫ
Тереңге белшесінен батты. ~ Шайқалақтап бойын билей алар емес. Айқыш-ұйқыш шыр айналған шеңберлер көз нұрын суырып, түпсіз тұңғиыққа шым батып бара жатты. Т.Сәу. ~ Қорыққаннан денесі өз еркіне бағынбай жылан арбаған бақаша сіресіп қозғалмай қалды. (Қорыққаным – тірі болғаным ғой деп ойлап үлгірді осы арада). Көзінің алды қарауытып, бір тұңғиыққа шым батып бара жатқандай сезінді. Т.Әбд. ~ Керек десе, өзінің осы дүниеде бар-жоғын да білмей, есінен таныпты да, ми айналғандай қап-қара тұңғиыққа шым батып жүре беріпті. Ә.Нұрп.
ТҰСАУЛЫ АТ
Өз еркі өзінде емес, біреуге тәуелді д.м. * «Раушан күйеуінің абыройын қорғап отыр. Әйтпесе, аудандық партия комитетінің секретары дабыл қағып, комиссия шақыртып, қайта қараттырса, кім қолынан алады?» «О да тұсаулы ат емес пе? Орнынан алып тастасын дегенің бе?» З.Шаш. ~ Ас иіс бұрқыраған үйге қарай ықыластанып келе жатқан кісі, кенет осы арада тұсаулы аттай аяғын баса алмай дыбырлады да калды. Ү.Жәл.
ТҰРА АЛМАЙДЫ
Бір-біріне деген сағынышы, ынтызарлығы зор. ~ Аға, жеңгем ғажап тату. Екеуі біреуінсіз біреуі тұра алмайды. Б.Соқ. ~ Адам атаның ұлдары Әбіл мен Қабыл сәби шағында бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын еді. Ж.Шәк. ~ – Как раз біраздан соң кемпір шалына кетеді. Күнде барып көрмесе, тұра алмайды. Такая любовь у них… О’кей деп есепте! Т.Сәу.
ТҰСАУЛЫ АТТАЙ КІБІРТІКТЕДІ
Аяғын байлап қойғандай жүріп кете алмай қалды; әлде бір іске бірден кірісіп кете алмады. ~ Уақыт тұсаулы аттай кібіртіктеп, жылжымай қойғасын, білек сыбанып аядай бөлмені жинауға кірісті. Н.Сам. ~ Түн ортасы кезінде ауыл іргесінен бүкеңдеп бері жылжыған бірдеңе көрінді. Жылжығаны құрсын, тұсаулы аттай кібіртіктеп, жетіп болмады. Т.Әбд.~ Бұрын не жазсам да жорғалай жөнелетін қаламым біреу зорлағандай жер бауырлап жатып алып, тұсаулы аттай кібіртіктеп, кей тұста тіпті табандап тұрып алып та сілікпемді шығарған. С.Им. ~ Уақыт тұсаулы аттай кібіртіктеп, жылжымай қойғасын, білек сыбанып аядай бөлмені жинауға кірісті. Н.Сам.
ТҰРА БАС САЛДЫ
Жанталаса қимылдады, дүрсе қоя берді, оқыстан жабыла кетті. * Ат үстінде тұрып Жақсыбай бір ауыз сөз айтты деп тұра бас салып шариғат ұстау ағайын арасына жараспай тұр. С.Бег. ~ Сәндібек бір оқыс дыбылды естіп, қара үйден көйлек-дамбалшаң күйі қолына келдегін ұста йжүгіріп шыққан-ды. Шәки бастаған бір топ жігіт оны тұра бас салды. Б.Алд.
