Posted in

ТАС БҰЛАҚТЫҢ СУЫНДАЙ

Тап-таза, бойды тітіркендірердей сап-салқын. ~ Ал, жігітім, саған айтар ағалық ақылым — ақын болсаң нағыз ақын болсаң ызаланып, тереңнен қайнап шыққан тас бұлақтың суындай булыға, бүлкілдеп, намыстанып тағы ойна! С.Бақб. ~ Мен ешқашан жан мен тәннің дәл осындай әдемі үйлесімін көрген емеспін. Оның өлең-жырларын әдебиетшілер тасбұлақтың суындай мөлдір, таңғы самалдай жұмсақ деп бағалайтын, тура осыны оның сыртқы пішініне де қаратып айтуға болар еді. Дж.Лон.

Posted in

ТАРЫДАЙ ШАШЫРАДЫ

Бей-берекет бытырап кетті. ~ Тіп-тік шашының арасынан тарыдай шашырап жатқан моншақ терді қамшысынын сабымен сілкіп тастап, жүрелей отырып ап сампылдап әңгіме соққан Мырзатай көз алдына елестеп кетті. Ә,Кек.* Ұлтымыз жан санының он миллионнан асқандығы туралы айдай әлемге мақтанышпен жар салып жүргенімізбен, сол қазақтың үштен бірі дүниенің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап, шілдей тозып жүргені құпия емес. Д.Мәс. * Ал Асылбекті Бастық сәл затты сылтауратып жұмыстан қысқартып жіберді. Оның аз уақытта аяғынан тік тұрғызған ұлт аспаптар оркестрін бір қаусаған шалға басқартып қойды. Ақыры сол сайдың тасындай оркестр мүшелері жұғымсыз шалға көндікпей, тарыдай шашылып тарап кетті. Ү.Жәл.

Posted in

ТАС ЕМЕН ЖҮРЕК

Мнйрімсіз, жылусыз адам туралы. ~ Оған өкінбес те еді- ау, әйел байғұстың нәрестелі болғысы келеді, сәбиінің жұпар иісін құшырлана иіскеп өліп кеткісі келеді. Бұл жібімесе, тағдырдың онсыз да тас емен жүрегі қарая түсер. А.См. ~ Бәлкім, тәңірінің бұған деген тас емен жүрегі жібіген шығар, шиыршық ата тартылған тізгін бырт етіп үзіліп кетті. А.См.

Posted in

ТАРЫСЫ ПІСКЕННІҢ ТАУЫҒЫ (БОЛДЫ)

Жағдайы жақсыны айналшықтап, пайда көргісі келетін қудың тірлігі туралы. * Түтін аңдып жүретін, өлеңінде бес тиындық құн қалмаған салдаман әншілер де, тарысы піскеннің тауығы бола кететін «Бөстекі» даяшылар да келді. Ж.Айм. * Сүйтсе, соның бәрі бастағы бақ пен қалтадағы ақ шардың құдіреті екен: осы қазақ айта беретін әлгі үйіне күліп кіріп, күңіреніп шығатын көп көлгір, көп сиқыр, көп-көп мәймөңке жәдігөйлер кімнің тарысы піссе, соның дәнін шоқитын торғай екен ғой… Ә.Нұрп. * Не ойланатыны бар, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатындар аз ба? Т.Сәу. ~ Тарысы піскеннің тауығы болып, Тайраңдаған даңғой местің сауығы болып, Қалтаң толып… Баянсыз таққа қонып, Ар-ұжданды жаңқадай жонып, Көкек болып әр бұтаққа қонып, Қалай адам боп Жер басып жүруге болады. Екі иініңнен дем алып, тасып толып? Бұлай топ көбейтіп жүргенше Жоқ болған абзал ғой Жуадай солып. Т.Абд-а.

Posted in

ТАС ЕМЕНДЕЙ ҚАТЫП ҚАЛДЫ

~ Алаулап батып бара жатқан Күннің астында тебініп қап, есік алдына желдіртіп жеткенде әшейінде тас емендей қатып қалатын атасының көзінен сорғалаған жасты көрді. Қ.Түм. ~ Бұған шын пейілімен жаны ашып, жиі келіп-кетіп жүретін Хайыр сонда Агба ешқашан да күтпеген, өмірге қайта әкелгендей әсер еткен, жарық дүниеге біржола нәлет айтып, тас емендей қатып қалған жүрегін жібіткен жақсы хабар жеткізіп еді. — Бейдің сені неге өлтірмегенін білесің бе? — деді ол. А.См.

Posted in

ТАС ЕМШЕГІН ЖІБІТТІ (ИІТТІ)

Аналық мейірін төгіп, еміренді; жан шуағын аямады. ~ Ақбілек жылай берді, жылай берді… Сорлы Ақбілек! Сен жыламай, кім жыласын? Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айырылдың! Ж.Айм. ~ Қарлығаш тағы да бір адал сырын майордың алдына жайып салды. — Шалым айтады: «Кемпірім,- дейді,- тас емшегінді жібіткен жалғыз қарғаң еді. Бір күні дәу сайтан әкесі салып отырып жетіп келсе не дейсің?»- дейді. С.Ом. ~ Қуанғанынан не істеп, не қоярын білмей, шамшыраққа ентелеп, ебелектеген жынды көбелекке ұқсады да қалды. Енді қайтсін байқұс ана?! Алғашқы қызығы ғой Қанат. Тас бауырын жібіткен, тас емшегін иіткен тұла бойы тұңғышы емес пе? Т.Рыс. ~ Он ай сені көтерген, Омыртқасы үзілген, Аязды күнде айналған, Бұлтты күнде толғанған, Тар құрсағын кеңіткен, Тас емшегін жібіткен… Т.Әбд.

Posted in

ТАС-ТАЛҚАНЫ ШЫҚТЫ

Быт-шыт болды; ойраны шықты. ~ Ондайда осының алдында ғана көкірегінде гүлдеп келе жатқан қуаныштың тас талқаны шығады. Ә.Нұрп. ~ Ол кезде бұл он сегізге жаңа толған. Мұны аңшылыққа баулыған да әкесі еді. Қайран әкенің тас-талқаны шыққан сүйегін бұл үш күннен соң тауып алдыОл кезде бұл он сегізге жаңа толған. Мұны аңшылыққа баулыған да әкесі еді. Қайран әкенің тас-талқаны шыққан сүйегін бұл үш күннен соң тауып алды. А.Алт.

Posted in

ТАС ЖЕТІМ

Жақын ешкімі жоқ, тұлдыр жетім. * Үш жасында шешесінен, он төрт жасында әкесінен айырылып тас жетім болған бұл көкең ағаш орындыққа шегеленіп сағаттар бойы мөлиеді, есеп шығарады, сурет салады. Д.Дос.

Posted in

ТАРАЗЫДАН ЖЕДІ

Сатып алушыны алдап, тауардың салмағын дұрыс көрсетпей, пайда тапты. ~ Таразыдан жеп, халықтың еңбегін алдаған саудагер тасбақаның денесіне, күң жұмсап, құлды дүрелеп, еңбек ақысын бермей, өзі еңбекке қолдың ұшын да тигізбеген, жатыпішерлердің жанын Алла тағала аямайды. АҚ "Арпалыспен…" ~ Көне Мысырдың "Марқұмдар кітабында" мынандай жазулар бар екен: « Мен ағын суды бөгемедім. – Мен ешкімді өлтірген жоқпын. – Мен таразыдан жеген жоқпын. – Мен әлсіздерді жәбірлемедім. –Мен ешкімнің көз жасына қалмадым». Осы өлшеммен келгенде, қазір бізде қалай? Ш.Мұр.