Жасы үлкейді, егде жасқа келді. ~ Тарбағатайдай тарлан тартқан кәрі керінің адам аяғы жетпес, мал тұяғы тимес бір пұшпағы. Терең шатқалдың жазда жел соқпас, қыста қар алмас күңгей қолтығында жетімсіреп жалғыз үй тұр. А.Алт. ~ Жұмыртқа да жоқ екен. Тауық алуға да болмады; тарлан тартқан, тарамыс кәрі қораздарды қуырып, асып талшық қылды. Л.Толс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАР ҚЫСПАҚ
Басқа түскен ауырлық; ауыр сынақ. * Жасырынып күн көрген, тар қыспақтан шығуына мықты себеп болған еңбекшілер төңкерісінің бас көтерген 27 октәбір (жаңаша 7 нойәбір) күнін Қасымбек пен Нағима ұлы күн санады. Ж.Айм.
ТАРЛЫҚ КӨРМЕДІ
Еркін өсті, ештеңеге мұқтаж болмады. ~ Осы жас өрімдерге қарап қатты қуанады. Қандай әдемі өсіп келе жатыр. Сынды да сымбатты. «Витаминнен тарлық көрмегендер ғой бұлар» деп қалжыңдайды. К.Қаз. ~ Байғұс демей, не дейін? Ғұмыры тарлық, жоқтық көрмеген шешем әкем кеткен соң күрт түсті кетті. Қарыс жер — мұң, қағылмаған шеге — қайғы дегеннің бәрі келді. К.Қаз.
ТАР МІНЕЗ
Өзімшіллік, ниеті тарлық. * Мәриямнің «гимназияны» аузынан тастамайтынын, өз жұмысын ғана ойлайтын, өз қызығын ғана қызық көретін, өзімшілдік, тар мінезін Қызылбике ұнатпайды. Ж.Айм.
ТАРЛЫҚ ҚЫЛДЫ (ЖАСАДЫ,ЕТТІ)
Еркіндік бермей, қыспаққа алды; сыймады. ~ Хат, арыз жазғыш болсаң Алматыға аттандырамыз. Бұл жер саған тарлық қылып жүрген шығар?! – деді ол кекеткендей. Б.Тоғ. ~ Қошқардай бес ұл — тұңғышым жиырмада, кенжем он екіде — кімнің маңдайына тарлық қылғандай, бесеуім — бес терек, ертең-ақ бір тайпа ел болып кетеді. Ә.Тар. ~ Жаға құмырсқаның илеуіндей. Көңілге симаса көк теңіз де адамға тарлық жасайды екен. Қ.Ысқ. ~ Е, е, – деді қарт, мені сырттай көріп ақыреттік жолдас болғалы жер таңдағандар болды-ау, осы немелер менен кейін кетпей бұрын кетсе, мына төбеде тарлық ете ме қалай? Ж.Шәк.
ТАР ӨТКЕЛ (ӨТКЕЛЕК)
Қиын-қыстау шақ; басқа түскен сын. ~ Темір торлы терезе, құлыптаулы есік бар. Сол есіктің орта тұсындағы тар тесік тұтқын адамның сырт дүниемен қатынасына тар өткел болады. М.Әу. ~ Бүркеншік перде астында ұстаған бетін ашып тастады. Ел ішінің екі жақ айтыстарында жағадан алған қолдар жазылмай, тар өткел аузына тай-таласа кеп жүрді. Ә.Нұрп. * Жаратқан иесі жолын қанша қиынға салып, талай тар өткелектен өткізсе де ғұмыр сапарының соңын туған топырағына жеткізіп түйіпті. Бала-шағаның алдында аманат жанын тапсырса арманы жоқ. Адал жүріп, ақ тілеумен өмір сүрді. Ү.Жәл.
ТАРПА БАС САЛДЫ
Оқыстан тиді, дүрсе қоя берді; күтпеген жерден шабуыл жасады, жағаға жармасты. ~ Қызылдар сол ауылда бекініп жатқанда, Мұқаш ақтарды алдап, үстіне алып келсе, қызылдар тарпа бас салады. Ж.Айм. ~ «Қазақ деген халық қатты тиіскен сайын долырып отыратын жыртқыш сияқты екен-ау. Орайы келсе тарпа бас салудан тайынбайтын түрі бар. Ж.Шәк. ~ Әйелінің көзін ала беріп жаныма жетіп келеді. Бірде киінетін жерде оңаша отыр едім.Үстіме үн-түнсіз кіріп келді де, мені бірден тарпа бас салды. Ү.Жәл. ~ Тал түсте келіп, тарпа бас салып, малымды айдай жөнелердей не жаманшылық көріп едің? Іздеусіз малы бар дедің бе? К.Сег. .
ТАРАЗЫҒА ТАРТТЫ (САЛДЫ)
Ой елегінен өткізіп, салыстырды; іштей бағалады. ~ Әйел осы екеудің қайсысы? Біріншіге жатқыза алмайды. Екіншісі, нағыз ессіз белсенді болуы керек. Таразысына тарта келгенде екеуі де емес тәрізді. Ж.Нәж. ~ Әуелгіде бұл да құйысқаны қопаңдап барып, ақылға жеңдірген. Таразыға тартып зерделеп көрсе, қанша жерден сәйгүлік-тұлпар дегенмен, туған жердің бір түйір топырағына татымайтын іші – боқ, сырты – түк жаман тай екен. Т.Сәук. ~ Ең жаманы – адам санасына күдік пен өшпенділік дендеп енді. Не істесек те еркімізде, есеп алып, таразыға салып істеген күнәні өлшеп–пішетін құдірет жоқ деген сенім иектеді. Д.Дос.
ТАРПАҢ ТАЙДАЙ БҰЛА
Еркін өскен, шолжаң. ~ Бұл пақырда былайғы бойдақ қыздарға бодауын өткізердей құдірет қайдан келсін. Араға адам салып, үйге алып келген күнде, тарпаң тайдай бұла жастар мұнымен қосақ құрып тұра ала ма? Ә.Асқ.
ТАРАЗЫҒА ТАРТЫЛДЫ
Сыналды, талқыға салынды, бағаланды. ~ Алаштың адамының бәрі мәлім, Кім қалды таразыға тартылмаған? А.Байт. ~ Шеше, рас, ғұмыр деген қызық екен. Айбарымнан сескенгендер аю көреді. Таразыға тартқысы келгендер балуан санай-ды. Ж.Шәк.
