Үміттенді, әлденеден дәме қылды. ~ ~ Қайырусыз кеткен хайуан мұжықтардан кек алуға жолмен жүріп іс қылатын заман әлі келген жоқ. Ақыл сұрап, босқа үміттеніп, тамақ ісіріп дәме қыларлық дәнеме жоқ. С.Сей. * Өз күдігі де солай дейді. Командировкаға кеткен жас та алғыр журналистен сол кемсіннің орнын толтыратын мықты материал дәметіп, үстел календарына белгі қойып, тамағы ісіп жүрген. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАЛҚАНЫ ТАУСЫЛДЫ
Өмір жасы түгесілді д.м. * — Жасың ұзақ болсын, мені ұмытпасаң, — деп сыбырлады. — Атаңның аты ерттеулі тұр. Тағдыр тартылып, талқан таусылған шығар. Мен сенің марқұм әкеңмен түйдей жастымын ғой. Ш.Мұрт. * «Япыр-ай, өзін-өзі соншама оңашалап, Батырдың талқаны таусылуға таяды ма, немене?» – деген де сөз сыбыр- сыбыр естіліп қала бергелі де біраз уақыт. Н.Дәу. * – Жә, ақсақал, – деді Әбжал көзі алайып. – Жақауратпаңыз өйтіп. Досмағанбеттің талқаны таусылған екен деп, талқаны таусыларда ойнастары тырнадай тізіліп келген екен деп, намазымнан жаңылар жайым жоқ. Н.Дәу.
ТАМАҒЫ ҚАЙТТЫ
Тойынды, тәбеті басылды. * — Отыр, пельмен желік, — деді Қапшекер оған қасық ұсынып. Бірінің қолында қасық, бірінің қолында вилка, бірі қара бурыл, бірі жидіген жирен бурыл, екі бас кастрюль үстінде тоқайласа қалды. — Әй, ит- ай, тамағың әлі қайтпаған екен ә, қарбытуың тамаша, — деді Қапшекер кастрюль түбі тықырлай бастаған сәтте.
ТАМАҚ ТАУЫСАР
Жұмысқа жарамсыз, біреуге масыл болып жүрген адам туралы. ~ – Неміске осы ауылдан 10 арба ер азамат кетіп еді, аман қайтқаны некен-саяқ, – деді Тақабек шал. – Аман қайтқаны көбіне біз секілді тамақ тауысар. Н.Дәу.
ТАЛҚЫҒА САЛДЫ
Көпшілік ортаға алып сын айтты, пікір білдірді. ~ Уаң қазақтардың өз жезделерін талқыға салғанын Жұмекеңнің жүдеулеу жүзіне, қызараңқы көз жиектеріне қарап– ақ бағамдап, бүгінгі бағыт– бағдарды, біраз аң қаққан соң түс ауа ауылға бет бұратын ойы барын ортаға салған. К.Сег. ~ Мұқан Иманжанов пен мына Мен екеуіміз бір– бірімізге қарама– қарсы екі ұдай баяндама жасап, оған күллі қаламгерлер қосылып, әр алуан, әртарап пікірлер айтып, апталап-айлап таласып жататынбыз. З.Қаб.
ТАМАҒЫ ТЕСІК
Пара алады, жебір д.м. ~ — Шекара, таможня қайда?— дейді Ақан аэропортта қол жүктерін қандай ыждаһатпен тексергендерін еске түсіріп. — Таможняның тамағы тесік… М.Қаб. ~ … Білдіңдер ме, сол ұлықтың тамағы тесік пе екен? — деген Таңғытқа күле қарап. – Ит біліп пе… Тамағы тесік болмаса, аштан өліп қалмай ма, — деп Таңғыт қалтасынан шытыралы шақшасын шығарып, насыбайға қол созған. Қ.Жұм.
ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ
Көптің таңдауына, сынына қалды. ~ Оның үстіне Ақбілек енді көп арыстың талқысына түспейді, асыл қазынасын бір-ақ кісіге қияды. Ж.Айм.
ТАМАҒЫ ТОҚ
Не ішем, не жеймін демейді; аш емес. * Қуарған сорлы жақсы бола ма екен? Онан менің емес пе тамағым тоқ!» Шәк. ~ Шалдың дауысы салмақты шығады: — Сексеннен асқан мені алмаған жасаған тәңірдің тамағы тоқ болғаны-ау! Ғ.Сл.
ТАЛМА-ТАЛ ТҮС
Күннің тас төбеге келген тұсы. ~ Жаздың күні болғанда, Ел өзенге қонғанда, Балдырғанды Балқаштан Тулатып шанышқан жайыным! Талма тал түс болғанда Байлар қымыз ішерде, Сары нардай ыңыранып Бәйбіше саба пісерде Бірқазандай отырған Бозбаласы құралып Дәулетті үйге түсерде. Ірбіті сары самарға Сапыртып қымыз құйдырып Салқын жерге тоңдырып, Салтанатка төндіріп, Сауқым салған заман-ай! Досқожа ақын. ~ Қас қылғандай күзгі аспан шаңқай ашық еді бүгін. Талма-тал түсте қапылы, бес қаруы сай отырған елге солақай килігу көзсіздік әрі амалдың жоқтығы-ау. О.Бөк. ~ Төлеген Жібектің көшіне күн шыға ілесіп, Жібекпен Жиренбай отауында талма-тал түс шағында жолығады. М. Әу.
ТАМАҒЫ ТОҚ, КӨЙЛЕГІ БҮТІН (КӨК)
Ең керектісі бар, аш-жалаңаш емес деген мағынада. * Алтынайға тамағы тоқ, көйлегі бүтін болса болғаны, онан өзгені іздемейді. Үй міндеті әйелде, түз міндеті байында. Бұл құдайдың бұйрығы. Ж.Айм. ~ Бұларды біз асырадық, тамағы тоқ, киімі көк болды, содан не шықты, не үйренді? Машина айдай білмейді, атқа қамыт та кигізе алмайды. Қамытбауын да жөндеп байлай алмайды… Ш.Айт.
