Posted in

ТАЛАҚТАЙ (ТАЛАҚША) ЖАБЫСТЫ

1. Қыр соңынан қалмады; жабысып алып, айрылмады. * Бұ жолы Шекер өзі барып, құда, күйеу келетінін айтып, Қара бәйбішеге талақша жабысқан соң мейірімі түсіп еді. Ж.Айм. ~ Сатып алушылардың алдын орап, сайтандай сап етіп, талақтай жабыса кететіні болмаса, Жолбасардың жан баласына тигізген зиянын көрмеппін. Д.Қуат. ~ Қалай деріңіз бар ма, біздің ұл бір қызбен танысып жүріп, түбі өзіне серік болмасын сезген соң, бойын аулақ салған ғой. Бірақ қыз талақтай жабысып айрылмайды. Ақыры ырыққа көнбесін біліп, өш алуға бекінеді. Қ.Жұм. * Осы есім бұған талақтай жабысты. Ш.Қүм. ~ «Бәйгеден кейін Ноғайқұлдың өзі кеп талақтай жабысып еді. Ет қызумен бұлдаған екен ғой». Т.Әл.* Кімді кім қорғап, кімді кім алқалап жүре берер. Тек алдап кеткені ғана қинайды-ау. "Тоспа, келмеймін" десе, талақша жабыспас еді ғой. С.Смат. 2. Денесін денесіне тақап, барынша жақын ұстауға тырысты. * Көшеге шықса қолтығына талақша жабысып алатын, аппақ, томашадай, әдемі келіншегін аманаттап отыр. Д. Досж.

Posted in

ТАҚЫМЫНА (ТАҚЫМҒА) ТОЛМАДЫ

Көңілден шықпады, місе тұтпады, қорашсынды. ~ Арқанбай бригәт Тортай шалды осылай бір ықтырып алғалы бері Көк Әңгі элеваторға бидай таситын балалардың тақымында кетті. Қ.Жұм. ~ — Ахметқан аспай сөйле, таспай сөйле! Даугеріңнің көмейі бүлкілдеген шешен болмағанын қомсындың ба, ел бастаған көсем болмағанын қомсындың ба? Әлде діні басқа, тілі басқа жат жұрт болғаны тақымыңа толмай отыр ма? — деген Қамбар да Ахметқанның сөзін іліп әкетіп. К.Сег. . ~ Өлермен ағайынның дауына ғана емес, өнегелі бір елдің жауына тосар жүзіміз бар еді, дәп бүгін бір ақылын табарсың, табылмаса — болысыңның тақымға толмағаны, игі- жақсыңның оңбағаны! ..Қ.Ысқ.

Posted in

ТАҚЫР КЕДЕЙ

Күнкөрісі нашар, "үрерге иті, сығарға биті жоқ" дейтіндей, күнін әзер көріп жүрген жарлы-жақыбай. ~ Өйтпесе, тағдыры қыл үстінде тұрған Боранқұлға қарағанда түбіміз қомақты, тамырымыз берік тақыр кедей біздің кеуде керіп, қарсылық көрсететін жөніміз бар ғой. Ғ.Біл. ~ Екі түйе шала көтерем болып қыстан шықты. Сөйтіп күздігүні әжептеуір күн көргіші бар үй едік, таза тақыр кедей болып шыға келдік. С.Бег.

Posted in

ТАҚЫМЫНА АТ ТИДІ

Атқа мінді. * Атқа жүргені де бір түрлі: тақымына ат тисе болды, әкесінің жаназасына кісі жинап жүргендей, тура шабады. Ғұмыры ат суытпайды. Ж.Нәжім.

Posted in

ТАҚЫР МҰЗҒА ОТЫРДЫ

Алданып қалды, барынан айырылды; түгі қалмады. * — Байтөбет ит түбіме жетті,- деді Алатай шын көңілден кейіп,- дауыңа көмектесем деп, іш-майымды сорып та болды. Мен, бар болғыр, атағына алаңғасарланып шаба бердім. Жауыз талайды осылай тақыр мұзға отырғызды дейтін еді, мен де отырдым. С.Мұқ.

Posted in

ТАҚЫМЫНА ҚЫЛ БҰРАУ САЛДЫ

Қатты қинады. ~ Алдында арыстан күрілдеп тұрса көрер емес. Құрыш, берік адам құдайының алдында мүлде босаған, егіле жылап отыр. Жайшылықта тақымына қыл бұрау салсаң сол жастан бір тамшы тамбас еді. Ғ.Мұс. ~ 1928 жылға келгенде жүрілген байларды тәркілеу талайдың тақымына қыл бұрау салып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген бір таяқпен бүкіл елді шықпыртты. Ж.Шәк. ~ Тауарих не дейді? Қанға шылап, ақымына қыл бұрау салып, шашырағанды сығып ұста демей ме. Хандық жолына аз құрбандық шалынып па еді. С.См.~ Ертеңіне күйеуінің неге кенет тыныштала қалғанынан сезіктеніп, Ханшайым қасына барған. Көргеннен шошып кеткен. Біреу тақымына қыл бұраумен бұрап жатқандай, тістеніп алып, беті көгілдір тартып, сіресіп қалыпты. І.Ес.

Posted in

ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗЫП КЕТТІ (ОТЫРҒЫЗДЫ)

Қулығын асырып, алдап кетті; жер соқтырды, құр қалдырды. ~ Жұрттың ақ сүтін ақтап келіп, ақ батасын алғалы отырған шығарсың, — деді Нұртаза да, Сауыттың елден ақша жинап алып, елді тақырға отырғызып кеткенін көлденең тосып. Ғ.Мүс. ~ Лау, алым-салық, сойыс, талан-тараж елдің жағасын жығып, әсіресе Жетісудың қара керей, садыр, матай елдерін тақыр жерге отырғызып кетті. І.Жанс. ~ Көтеріліс жетекшілерінің көбі саудагерлерден шыққандықтан бір күні елді сатып, саптастарын тақырға отырғызып кетуі де әбден мүмкін. Ж.Шәк. ~ Осы уақытқа шейін мұның қылшығы қисаймай жүрсе, ол да мұның кілең байқұлақтар әулетін тақырға отырғызып ат шығаруының арқасы еді. О.Сәрс.

Posted in

ТАҚЫМЫНА СЫЙМАДЫ

Бұйырмады. * … бедеу торыны ендігі көште Күнікей тағы мініп шыққанда, өз сыбағасына өзі құлдық ұратын құла ауыздар көлденеңнен көз салып: — Шекердің қызы мына өнерімен әкетті-ау! Әйтпесе кедейдің тақымына сыятын жануар емес еді,— десті. Ж.Айм.

Posted in

ТАҚЫРШАҚҚА ОТЫРҒЫЗДЫ

Айласын асырып, алдап соғып, жерге қаратып кетті. ~ Ойпырай, зәлімдігін қарашы. Содан қойшы, айласын асырып, ақыры мені Володясымен кездестірмек түгіл, маңайына жолатпай, ақыры тақыршаққа отырғызды ғой» дегені санамда жаңғырып, қайта-қайта есіме түсіп, тегі жүрегімді сыздатты. З.Нұрт. ~ Ақшадан түгі қалмапты. Әкесі ақша да бермеймін, борышыңды да өтемеймін депті. Тігінші де, тақыр жерге отырғызу амалына шығыпты, екінші біреуі де тақыршаққа отырғызатын қауіп туғызыпты. Л.Толст. ~ Сегіз айдан аса абақтыда бірге жаттық. Менің жағдайыммен жақсы таныссың. Өз абысыны Рабиғаны алдап-арбап тақыршаққа отырғызған, ақыры бас сауғалатып қашуға мәжбүр еткен. З.Нұрт.

Posted in

ТАҚЫМЫНА ТАР КЕЛДІ

Көңілі толмады, олқысынды. ~ – Тастай мені тақымына тар келді демес! Тар келеді демесе, қалыңын қалағанынша алсын! Қолынан қақпан. «Мал береді, ол аз болса, жан береді» де. К.Сег.