Ықылас-пейілі ақ, ойында еш арамдық жоқ д.м. ~ Әй, бұл әйелдің байы бар ғой, болғанда жанымызда отыр, отырғанда төріне шығарып, қу жаны қалмай адал пейіл, түзу ниетімен сый көрсетуде дейтін емес. Н.Дәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАЛ СҮТ ЕМГЕН (ЕМДІ)
Әке-шешесінен оң тәрбие алып, өнеге көрген, перзенттік парызына адал жан. ~ Өлесің, артыңда көп мал қалады, Көріне кімнің малы бір барады?! Адал сүт емген бала қалса артыңда, Көп болса, асың беріп, там салады. А.Байт. ~ Ой, дүние-ай! Он бес жыл өмір сүрер ме едім? Қарабектің жетілгенін, адал сүт емген ұл болғанын көрер ме едім? Ж.Айм. ~ Әр нәрсені орынсыз сапырып соғып, біреуді жазғыру, қаралау дегенге жоқ адал сүт емгендігін түсінді; кісінің жан-күйін қабағынан сезеді, әрі көңілі кең. М.Сүн.
АДАЛҒА ҚАРАСЫ ЖОҚ
Тұрмысы тым жұпыны. ~ Жарықтық Захар шал да текті кержақ болған– ау, жайлы жерді жаңылмай таңдапты. Осындай иен-тегін жерді пәленше жыл мекендей тұра, шал байғұстың адалға қарасы болмағаны несі екен? Ә.Асқ.
АДАЛДАН БЕР, АҚТАН БЕР
Ізгі тілек, бата. ~ Адалдан бер, Ақтан бер, Пәле — жаладан сақтай бер. Ер маңайын баққа бер, Абырой асар жаққа бер, Батпас күндей шат көңіл, Жаңа қосақ жасқа бер. БАҚ
АДАЛДАН ЖИҒАН МАЛ
Еңбекпен келген байлық. ~ Көп қайырың тиеді Еліңде қоңсы-сыбайға. Көз салмадың, жан көке, Бірге туған жұбайға. Адалдан жиған малыңды Залымдарға тапсырдың. «Қара қыпшақ Қобыланды».
АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ
Ұлы мақсат, әділеттілік үшін күрес туралы. ~ Құтылар қорлықтан. Бар еңбегін, шын тілегін. Салса адалдық жолына. Алып білім, төгіп нұрын, Түссе адамдық соңына. Шәк. ~ Балапан басына, тұрымтай тұсына болған кезде Ырысбек өз басы үшін қам-қарекет жасаса, бәлкім ол артық та болмас еді. Ольганы да Ырысбекті де адалдық жолынан алғалдық жолға тайғызбаған адамгершілігі, коммунистік ары, намысы еді. Б.Қыд.
АҒЫН СУДАЙ (ЕКПІНДЕДІ , ТАСЫДЫ т.т.)
Жаңа қарқын алды, тоқтаусыз алға жөңкіді, тегеуіріні асты. ~ Сабыр қылсын, жайыңды Білер ме екен бекзатым? Көңіл аулап, сөз айтар Арадағы тілхатым, Ағын судай екпіндеп, Лайы жоқ суатым, Ауру да емес, сау да емес, Құрыды әл-қуатым. Абай. ~ Осыны айтып Сұраншы Ағын судай тасынып, Ашулы көзі жалтылдап, Жайнаған шоқтай шашылып. Ж.Жаб. ~ Жаңағы әңгімеден кейін, таныстығымыз бөгеуін алған ағын судай жылжып жүре берді. Жүре-бара бірімізді біріміз шайға шақырыстық. С.Шайм. ~ Жігіт тротуар бойын қуалай көз салды. Ойланды. Ағын судай лекіп аққан қарақұрым халық. М.Қаб. ~ Ертіп алып соларды, Тағы бір күш қосылды, Ағын судай жосылды, Төкеұлы Хакімбек Ер Сардарға жақын кеп. С.Тұрғ. ~ Содан әрі жайыла қаптап келіп, мың тарау бұлақтар тоқайласқан бір арнаға кептелгенде бүкіл аңғарды кернеп, ағын судай арқырайды. Е.Әл. ~ Ызғырық ағын судай жосылып, пальма бұтақтары бұрқ-сарқ сапырылысып, бір жаққа жөңкі
АҒЫНАН АҚТАРЫЛҒАН
~ Албан ішінде Қоңырбөрік аталатын Жұмахан, Шәріп дейтін ағайынды екі жігіт пен Жолдыбай үйір– айқас дәмдес болып жүрді. Екеуі де ағынан ақтарылған, ашық– жарқын азаматтар еді. Т.Рыск.
АҒЫНАН ЖАРЫЛДЫ
Шынын жасырмай түгел айтты, бүкіл сырын жайып салды. ~ Соңында қалған жұтыр қара бұлталақтамай ағынан жарылды: — Мен не істейтінімді білмеймін. Бірақ өлсем-тірілсем де патша болғым келеді. С.Шай. ~ «Достассаң да, қастассаң да ағынан жарылғанға не жетсін!» Д.Дос. ~ Таралғыдан өткізіп жібердім ғой. Бұрынғының шабандоздары болса қамшымен тартып жіберер еді. Бұл күнгінің ноқайлары не сезеді?! – деп ағынан жарылды. Т.Әл.
АҒЫНЫ ТЕРІС
Ниеті, бағыт-бағдары, өмірлік ұстанымы бөлек деген мағынада. ~ Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай»… С.Тор.

