Көне ырым бойынша, тақымы тартқанда бір жақсылық болады деп сенген. ~ Жаз жайлауына қонып, белін енді шешіп, аяғын енді көсіліп, демін енді алған қазақтың арада бірер күн өтпей жатып тақымы тартып, табаны дуылдап қыши бастайды. Жүргісі, әлдеқайда барғысы келіп тұрады. Ә.Кек. ~ Осы күнде, Тоқтар шал, Оң қабағым тартады, Қуантамысың, Құдай-ай! Осы күні, Тоқтар шал, Аузы құрғыр тартады,— Жалғызымды сүйгендей! Иіні құрғыр тартады,— Қараспан тауға ел қонып, Еруге қамқа кигендей! Осы күні, Тоқтар шал, Тақымы құрғыр тартады,— Қараспан тауын жағалап, Қалың Қыпшақ ел көшіп, Сұр жорғаны мінгендей! А.Байт. "ҚҚҚ". ~ Апырай, бұған дейін сені қалай білмегем? Мынау шоқ шашқан көздеріңнен он жетідегі бойжеткеннің ботакөзі садаға кетсін. Тулама, жаным. Көзің қарайып, арқаң қышып, тақымың тартып жүрген шығар. Реті келіп тұрғанда қажетіңді ашып, сауабыңды алайын. С.См.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҚЫМЫНАН СОЙЫЛ ТҮСПЕДІ
Қарақшылықпен айналысатын баукеспе ұры. ~ Ол төрт аяқты тағыдан басқа тірі мақұлық жорытпас елсіз түздерде, әсіресе, тақымынан сойылы түспейтін, сойылының қаны кеппейтін жортуылшылармен жиі ұшырасатын. Ә.Кек.
ТАҚЫМЫ ТАСТАЙ
Атқа нық, мығым отыратын шебер шабандоз туралы. * Тақымы тастай, білегі құрыш, жігері қылыш, аты аңызға айналған атақты шабандоз Ерғали Сүлеевке оңтүстіктің үлкенді-кішілі көкпаршылары бір ауыздан «Ғасыр шабандозы» деп баға берген екен. БАҚ. ~ 130 шақырымдық бәйгеде 2 орын алған Пырақ есімді ат бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1 орынды осы ауданның аты иеленген-ді). Біз сол атқа шапқан тақымы тастай шабандозбен аз-кем әңгімелескен едік. "ЕҚ".
ТАҚЫМЫНДА КЕТТІ
Атын біреу иеленіп кетті. ~ Арқанбай бригәт Тортай шалды осылай бір ықтырып алғалы бері Көк Әңгі элеваторға бидай таситын балалардың тақымында кетті. Ш.Мұр. ~ Сарысу бойын шаңдатқан Керей, Уақ, Тарақты жылқысын азулары алты қарыс Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найманның тақымында кетті. Ә.Кек. ~ Қас жүйрік қыпшақ ұлдың тақымында кеткенде түрікпендер жер сабалап қалды. Ер қанаты аты өлсе, адамнан кем көрмей, көр қазып жерлейтін; ең асыл тұқымының жалын тірі жанға сипатпай, ерен құпия сақтайтын; қисапсыз қазынаға айырбастамас, антқа берік текежәуміт, ата мал айғырын өлсе сатпайтын; астындағы атын жанынан, қойнындағы қатынынан артық көретін; айтулы батырлары ұрыста өлген атының басын ардақтап биік тауға қоятын, тұлпардан айрылуды өлімнен кем көрмейтін қайсар қазақ, түбі ер түрік оғыз- қыпшақ нәсілі жылқы десе еліріп, шалық шалғаннан бетер есі кетеді. А.Кем.
ТАҚЫМ ЖАЗБАДЫ
Қатарласып жүріп отырды. ~ Осыдан кейін бұл екеуі тақым жазбай қатар жүріп отырды. Генерал Чернов анда-санда артына бұрылып, бұл екеуіне көз сап кояды. Ә.Нұрп. ~ Сонан болар-ау, көлденең бөгде кісілер түгіл, тіпті тірлікте тақым жазбай қатар жүрген қанжығалас достары мен қосшы-қоландарының өзі де жас мырзаның арғы жағындағы ойын анық болжап білген емес Ә.Нұрп.
ТАҚЫМЫ АТҚА ТИДІ
Атқа қонды; астына ат бітіп, арманы орындалды. ~ Артына қарап Байдалыны мазақтай түсіп ақсия күліп қояды. Әжібектің тақымы атқа тисе қалай жүретіні белгілі ғой, әне- міне дегенше белден- бел асып мүлде көрінбей кетті. С.Мұр. * Тақымы атқа тиген қазақ әр уақытта арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанып, қуат қосып қайраттанатыны тағы бар. БАҚ
ТАҚЫМ КЕРДІ
Ат үстінде ұзақ шапты. ~ Шіркіндердің ажал алдында жан-жақтарына жаутаңдағандары неткен аянышты еді. Төбе құйқаңды шымырлатады екен. Кең дүниеде тақым керіп емін-еркін шапқылаған аз ғана күн тіршіліктерінің қалайша бұлай төтен аяқталғанына түсіне алмай қайран қап жатқандай. Ә.Кек. ~ Тайланның үйі де бұлардың аңға мінетін ұшқыр керсылаң аттарының әнеугіден бері тақымдарын аямай керіп тастаған алатағанақ жылмағай үстірттің кенет күрт сынып кемерленіп бітетін күн батыс шетіндегі сондай бір жымысқы аңғардың түбіндегі жылымшы бұлақтың басында екен. Ә.Кек.
ТАҚЫМЫ АТТАН АУМАДЫ
Аттың құлағында ойнаған шабандоз д.м. ~ Ат үстінің аударысында тақымы аттан ауып көрмеген, танымынан тартыста еш жанға көкбәрі лақ бермеген тартқыштар танауларын кептіріп, мықты жігіт өзімсініп, мығымсиды. І.Жан.
ТАҚЫМ ҚАҚҚЫЗБАЙДЫ
Қамшылауды, тақым қағуды керек етпейтін жүйрік туралы. ~ Ес білгелі көңілінен кетпейтін бір арманы — тақым қаққызбайтын елде жоқ бір сәйгүлекке қақаиып отырып алып, айдарынан жел есіп, ен даламен еркін бір ызғыта шабу еді. Ж.Дар.
ТАҚЫМЫ БЕКІДІ
Атқа отырып дағдыланды. ~ Әуелде аяғын қия басса білдірмесіне тиіп кетіп, жарып алатындай, атылып кететіндей, соқтығып, ілініп кететіндей трамбайынан да, пойызынан да үркіп тұрушы еді. Жүре-жүре бойы үйір боп, трамбайға өзі мініп кететін болды. Әйтсе де атқа мінген бала тәрізді, тақымы бекімей жүрді. Ж.Айм.
