Мінілмеген, еркін жүрген. ~ Ерлі зайыпты екеуі құдды бір бөтен ауылға келген байсаубат қонақтардай өз үйлерінен өздері тайсалып тұр. Тілеу төңірекке көз жүгіртті. Шабдары көрінбейді. Көптен бері тақым тимеген тұғырдың қайда лағып жүргенін кім білсін. «Көрмедің бе?»,- деп әйелінен сұрауға бір оқталды да, қайда жоғалып кете қойды дейсің, ат қараған боп, айналаны бір шолып қайтайын деп жүгенін алуға үйге кірді. Ә.Кек. ~ Шынында да, тағы болып кете жаздаған саяқ тұғыр су жақтан келеді. Аяғы бос. Құйрық- жалды ошаған басып кеткен. Тақым тимей жылтырап семіріп апты. Мұны көргенде анадайдан құлағын қайшылап едірейіп біраз тұрды. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҚЫМЫ ЖЕЛІКТІ
Атқа отырып шапқысы келді. ~ Тақымы желіккен жынды Тарақбай мен даланың азат жылқысын осылай қиқаласқан, қарағым. Тарақбай мінемін дейді. Дию тарпанның қаны басылмаған, құнан-дөненінде жүргені білгі болмаған Тораңғыл мінгізбеймін дейді. Екеуі де оңбады. Т.Әсем.
ТАҚЫМҒА (ТАҚЫМЫНА) БАСТЫ
1.Атқа отырды. ~ Тәтті ұйқыда жатып, түс көрді ол. Баяғы жас кезі екен дейді. Осы Айнабұлақтағы ауылдан шығып, бұл бір жаққа кетіп бара жатқандай. Астында ақжал жирен аты бар. Тай күнінен тақымына басқан өзінің Ақжалы… Қ.Жұм. * Шақыртып алып, зоотехниктің маңдайына біткен жалғыз жорғасын бұның тақымына басқаны. Д.Әш. ~ Көкпаршылардың кебежедей біреуі серкені тақымға басып алып, додадан сытылып шығып оқшаулана бергенде, арындап тұрған Бәйгеторы ала кеп жөнелген. Қ.Найм. 2. Иемденіп кетті. * – Биыл жазда Әзімбайдың бәйгекер ат дейтін, тақымына басқан дей ме, бір аты жоғалыпты. Сұрау салып, айналаны шалып, бірде-бір дерек таппай қояды. М.Әу. * Бір күні қалаға мал айдамақшы болып, ылғи Телеш пен Кенженің тақымына басқан аттарын сатпақшы болды ғой. М.Әу. ~ Қырдың басында жайылып жүрген Бәйгеторыдан көз алмай тұрған шал: — Не сөз бар, қалағандарың болсын, — деген. Сайланып келген жігіттер қоя ма, әп- сәтте серкені тақымға басып кете барған. Қ.Найм. ~ Сан бәйгеден, Сан жорықтан сыналған, Суын тектес тұлпарды тақымға басып құмардан Шығу дегенің, Шығу дегенің, шіркін-ай, Исі түркменге, исі қазаққа бір арман. А.Өт.
ТАҚЫМЫ ЖЫЛТЫЛДАДЫ (ЖЫЛТЫРАДЫ)
1) Киерге киім таппай, жыртық-жамау киіммен жүрді. * Бұ да тақымы жылтылдаған кедейдің баласы екен. Ғ.Мүс. * Тақымы жылтырап жүретін Күсен бүгін қоңданып қалды. Ғ.Мүс. 2) Сән үшін ашық-шашық киіммен жалаңаш етін көрсете жүрді. * Көгілдір экранда тақымы жылтылдаған, бөксесі бұлтылдаған, абыройын ашқан арсыздар, жалба шаш сайтандар көбейіп барады. БАҚ
ТАҚЫМҒА АЛҒАШ ТҮСТІ
Үйретілмеген, үстіне жан мініп көрмеген, асау жылқы туралы. ~ Жылқыны көре келген үлкендер тақымға алғаш түсіп, мөңкіп жүрген қыл құйрықтардың құлқын бақылап, қайсысынан жорға, қайсысынан жортақ, қайсысынан тұлпар, қайсысынан тұғыр шығатынын топшылайды. Ә.Кек.
ТАҚЫМЫ КЕППЕДІ
Ат үстінен түспеді. ~ Ошаққа итініп отырам деп ойлап па. Ес білгелі тақымы кеппеген байғұс ат үстінде өлетін шығармын деуші еді. Көңілді көншітіп бір тоғайтпаған жайдақ тірліктің бір сәтте- ақ жаяу тастап кетуі боқтан оңай екен… Қ.Ысқ.
ТАҚЫМҒА АЛДЫ
Икемге келтірді, ыңғайлады. ~ Тұлпарын тәуекелдің тақымға алып Алдына ақбоз үйдің жақындадық. Екінің бірі шыдар, ер болса да, Енуге есігінен батыл барып! И.Сап. ~ Рас, ұлым айтылған сөз оқпен тең, Бір кезде мен Махамбетті жек көргем. Әлде кемшін шағым ба еді ол ақылға?! Пенделік қой алған мені тақымға. М.Шах.
ТАҚЫМЫ КЕППЕС (КЕППЕГЕН) ҰРЫ
Ұрлық-қарлық жасаудан бір тынбайтын кәнігі ұры. ~ Тақымы кеппес – ұры едің, Түн қатып жайыңа жүр едің. Қабанбайдан бұрын найзаңды. Қай жерде жауға тіредің?! Бұқар жырау. ~ Қонақ шал оларға көз қиығын тастап жымиып қояды; бұл өзі осы өңірге сонау колхоздасу тұсында келген кірме. Жасында тақымы терден кеппеген ұры бопты дейді. Анау-мынау кісінің аяғы жетпейтін қиян қашықта жатқан Қара-қалпақ, түркпен еліне қасына кісі ертпей, жалғыз жортыпты деседі. Ә.Нұрп.
ТАҚЫМҒА БАСАР
Мінетін, менішігіне тиген (не болашақта тиетін) ат туралы. ~ Ел не дейді? Жұрт жайы қалай, оны тегінде, Құнанбай балалары ойлауды ұмытқан. Олар болыстықты өздеріне ортақ, төл аты деп білетін. Бүгін біреуі иемденіп жүргенімен, өзге Құнанбай балалары «ертеңгі күні өзімнің де тақымға басарым» деп қарайтын. М.Әу. ~ Тік көтеріліп өре тұрар кешегі ереуілдеген қайратым жоқ. Тақымға басар тулақ бітпеген бүгінгі жоқ– жітік халім қол байлайды. С.См.
ТАҚЫМЫ ҚАТТЫ
Әлеуетті, мықты, қауқары мол.. ~ Қатыгез тағдыр кімді аяп еді? Бұның өзі де додаға тастаған лақтай әлдебір аты мықты, тақымы қатты тентектің қанжығасында бөктергіде кете баратындай қорқып, түптің түбінде басына төнер бір зауалды тосуда еді ғой; мектепте жүргенде тағдырының бір ұшы тарихтан сабақ беретін шыныкөз ағайдың қолында тұрғандай көрінді… Ә.Нұрп.
