Posted in

ТАҚИЯҢА ТАР КЕЛДІ МЕ

Менсінбей, қомсынып, олқысынып отырмысың д.м. ~ Немене, тақияңа тар келіп отыр ма,- деді үй иесіне алара қарап. — Сені әжептәуір кісі деп жүрсем… Әйтпесе, итім лағып па? Қ.Найм. ~ Ең болмаса өз халқымыздан біреуді неге қоймайды? Небір сен тұр, мен атайын азаматтар жүрген жоқ па ел тұтқасын ұстап. Солар тақиясына тар келді ме? Т.Сәу. ~ Артық дәулет бас жара ма. Қайта бірнеше айда төлдегені төлдеп, арықтан өлген, мәрт-шәрт болған малыңның орнын толтыра асып-төгіліп шыға келеді. Сонсоң жоспарын жүзден жүз процент орындаған дін аман табын жетекшісі, сен бай, сен құдай, сен саңлақ, сен депутат болып шыға келесің. Тақияңатар келе ме?!» — деді. Ш.Рах.

Posted in

ТАЙДАЙ ТАЛ ТҮСТЕ

Шаңқай түсте, күн тас төбеге көтерілген уақытта; қалың жұрттың көзінше д.м. ~ — Бірақ бүгін маған аял бер. Ертеңгі күннің таңы атсын! Тайдай тал түсте адал неке, ақ жолмен қосылайық. Бұл жер аса адалдықты ұнатады. Иненің көзіндей арамдыққа (арамдықға) басуға жол жоқ. М.Ж.Көп. * … боран-шашыныңа, ашық-жабығыңа, күн-түніңе де қарамайды, кейде тайдай тал түсте неше жылғы ту биелеріңді алып ұрып жәукемдеп, жылқышылар қиқуды салып қуғанша нағыз шиманды үлпершек майын қалпынша қылғытып тайып отырады. С.Жүн. * Енді жалғыз үйлі Сарыдан шығып, Қозыбақтың ту биесін тайдай тал түсте әкеліп, сойып алып отырған Бақтығұлдан жұрттың жаласы айырылмайды. М.Әу.

Posted in

ТАҚИЯҢА ТАРЛЫҚ ҚЫЛМАЙДЫ

Қораш көретінлей, менсінбейтіндей ретің жоқ д.м. ~ Ондай қалалар Қазақстанда көп-ақ, мен соның бәрінде болғанмын десем, өтірік дей алмас ешкім! … осы қалалардың қайбірін таңдасаң да тақияңа тарлық қылмас. Ә.Тар. ~ — Немене, балаң Бонапарттай болса тақияңа тарлық қыла ма?» Баланың әкесі Әбдәшім: — Тарлық қылмайды ғой, — деп күмілжіді. Д.Ис. ~ Бұл інім әл көрсетіп ақия ма, Тірегің тілектес пе, мафия ма? Құдайыңа қой айтқын, Алла сақтап, Маған кез боп отырсың қапияда. Екеуміз кезектесіп келуші едік, Бекарыстың баптаулы аты ұяда. Көзіңе қораш көріп отырсың ба, Мен де тарлық етпеспін тақияңа! Д.Қап.

Posted in

ТАЙДАЙ ТУЛАДЫ

Кеудеге сыймай бұлқынған ерекше сезім хақында. ~ Осыны көріп Бадырақтың көңілі тау суындай тасып кетті. Жүрегі ойнақтап тайдай тулады. Өткен бұлдыр күннің азабынан жүректің түкпіріне бұғып қатқан шер-мұңы босанып, бусанып, тас балқып, мұз жібіткендей болды. Өмірдегі бейнет теперішінде темірленген денелерде сіңірлер сықырлап жұмсарып, кедейлікте кепкен жүйкенің жүйесі босады. І.Жанс.* Талай мәрте ішіліп шырын қаным, Тайдай тулап есімде шыңғырғаным. Кереңдердің торына түсіп қалып, Шырылдаған торғайдай шыбын жаным. Р.Ниязб. *… жас шағындағы тайдай тулаған талантын бүтіндей болмаса да, тым құрығанда, жарым-жартылай қайтаруын мінәжат айтып тіледі, жалбарына сұрады құдайдан. О.Бөк.

Posted in

ТАҚИЯСЫН (БӨРКІН) ТЕРІС АЙНАЛДЫРДЫ (КИГІЗДІ)

Әбүйірін түсіріп, масқара қылды. * Колхозшылардың өздері сайлайды емес пе? Жақтырмаса қабылдамайды. Аудком тек: «мынандай адамға қалай қарайсыңдар?» — деп ұсыныс етеді, таныстырады. Оның бәрі бірдей өтпейді. Колхозшылар талайдың тақиясын теріс айналдырып жібергенін көргенбіз. М.Сүн. * Шіркін, тілінен де, қолынан да келетін ондай жігіттер, орыс, татар саудагерлерінің бөркін теріс айналдырар еді,— деп арбаға отырған соң, Сүлеймен болашақ күйеуіне, «болар еді, тұрар еді» еділеп, көп үміт артып, ауылға қайта бұрылды. С.Жүн. ~ Кезінде «түрксібшілеп» ұрандаған белсенділер мен атқа мінбесе арам өлетіндей көретін әулекілер бүгінгі заманда аз уақытта қазақ халқының қалай өзгергеніне‚ бұрын сауда десе сырт қарайтын елдің енді нағыз саудагерге айналып‚ өзбек пен ұйғырдың тақиясын теріс кигізіп жіберетініне куә болды. Б.Алд.

Posted in

ТАЙҚЫ ЗАМАН

~ Ішіне кіріп кеттім байқастамай,Бес жүз жылқы айдадым тай тастамай.Батырың кіріп кетті «Жәнібек!» деп,Болады тайқы заман әлдеқандай? "Арқалық батыр".

Posted in

ТАЙҚЫ МАҢДАЙ

Маңдай пішіні, дөңестеу келген майңдай. * Сонан соң танығаным тайқы маңдай, бүйрек бет, селдір мұрттықайрақтай қара жігіт Әбілахат Әбдірахимов. Оны сонау он алтыншы жылғы көтерілістен білетінмін. Б.Қыд. * Тәукеңнің қалың қастары қанатын бір-ақ сермеп, тайқы маңдайдың бел ортасына бір барып қайтты.Т.Сәу. ~ Маңдайы жарқыраған, өзіне жарасымды қимылмен домалана томпақ қаққан ол ұзын столдың басына жайғасты, екі қапталда аудармашылар, жас болсада шашы түскен таз жігіт, жұмық көз, қырма сақалды жігіт ағасы, орта жастан ассада қызыл сары шашы шулаған, жалаң бас әйел, оған тақау көп сөйлеп еріндері шаршаған көзілдірік киген арық әйел отыр, оған қарама-қарсы тайқы маңдай, сығыр көз арық кәрі қыз қаздияды. Н.Абдыр. Сормаңдай; жолы болмайтын бақытсыз адам. ~ Әсіресе, қазақтың тайқы маңдайына сыймай қыршынкеткен ғазиз перзенті Шоқан қайтыс болғанда оның кісілігі мен ізгілігі айрықша көрінді. С.Ақт. ~ Қайқы мүйіз тағдырға Тайқы маңдай соғылды. Қан аралас жаңбырға Қарашығым шомылды. Ала құйын үйірген, Шөлді кездім текке бір. Оқ тигендей бүйірден. Н.Айт. * Солар секілді әжемнің күндіз мойнында, түнде қойнында өстім деп мақтана да алмаймын. Ондай ыстық мейірді де, пейілді де тағдыр менің тайқы маңдайыма жазбаған. Ә.Әшім. * Бүйткенше бақырыпшақырып, ана пешке сүйеген көсеумен мына қайда барсам да жолы болмайтын тайқы маңдайымнан тақ еткізіп бір салса, жақсы болар еді! Т.Сәу.

Posted in

ТАҚИЯСЫНА ТАР КЕЛДІ

Талабына сай болмады. ~ — Күрсінбе, балам,- деді әкем, ұнатпаған қабақпен,- мен алып қалмасам, ол қыз ендігі аштан өлер еді. «Жарты пұт тары» дегеннің кәзіргі заманда құны қанша екенін білесің бе? Дыңдай ірі қара!.. Әке-шешесінің тақиясына тар келіп жатқан жоқ ол!.. С.Мұқ. ~ Қисынсыздау екен…—деп күмілжіді Қали. Одан ары өрбімеді. Алшағырдың «түремшік» екені кезінде есіне түсті. Әрі балаға лайық бұл шатты-бұтты оның тақиясына тар. М.Қаб. ~ Оған не болып, не қойғанын айтқым келмеді. Шал бәрі бір ештеңе түсінбес еді. Тақиясына тар келетін хикая. Дж. Сэл. ~ Осыған жыламай, «шыда, жаным шыдалап» жүрген біздікі қандай жан, Қазақстанның азаматтығы тақиясына тар келіп, ерігіп шұрқан тілеп жүргендердікі қандай жан?! Д.Мәс.

Posted in

ТАЙҚЫ ТАҒДЫР

Қиындығы мол, ауыр тағдыр. ~ «Келемін бе Құдайға өзім жақпай, Келемін бе үкіметке сөзім жақпай, Жас кезімнен келемін аласұрып Бұл сұрақтар жауабын әлі таппай. Ақиқат, шындық құмар қу жанымды, Көз жұмайын деп едім жабырқатпай» деп аяқтаған ашынышты жыр жолдары, оқырманын ақынның өмір тарихы мен тайқы тағдырына еріксіз үңілдіреді және ешкімді де бейжай қалдырмайды. Ә.Әш. ~ Кездескен сайын ортақ әңгімеміз таусылмайтын. Ара- арасында тотанақ тірліктің, тайқы тағдырдың алға тартқан, басына салған талқы-тауқыметін айтып мұқап, мұңайып отырушы еді… Ж.Осп.