Posted in

ТАҚИЯСЫН (БӨРКІН) ТЕРІС АЙНАЛДЫРДЫ (КИГІЗДІ)

Әбүйірін түсіріп, масқара қылды. * Колхозшылардың өздері сайлайды емес пе? Жақтырмаса қабылдамайды. Аудком тек: «мынандай адамға қалай қарайсыңдар?» — деп ұсыныс етеді, таныстырады. Оның бәрі бірдей өтпейді. Колхозшылар талайдың тақиясын теріс айналдырып жібергенін көргенбіз. М.Сүн. * Шіркін, тілінен де, қолынан да келетін ондай жігіттер, орыс, татар саудагерлерінің бөркін теріс айналдырар еді,— деп арбаға отырған соң, Сүлеймен болашақ күйеуіне, «болар еді, тұрар еді» еділеп, көп үміт артып, ауылға қайта бұрылды. С.Жүн. ~ Кезінде «түрксібшілеп» ұрандаған белсенділер мен атқа мінбесе арам өлетіндей көретін әулекілер бүгінгі заманда аз уақытта қазақ халқының қалай өзгергеніне‚ бұрын сауда десе сырт қарайтын елдің енді нағыз саудагерге айналып‚ өзбек пен ұйғырдың тақиясын теріс кигізіп жіберетініне куә болды. Б.Алд.

Posted in

ТАЙҚЫ ЗАМАН

~ Ішіне кіріп кеттім байқастамай,Бес жүз жылқы айдадым тай тастамай.Батырың кіріп кетті «Жәнібек!» деп,Болады тайқы заман әлдеқандай? "Арқалық батыр".

Posted in

ТАЙҚЫ МАҢДАЙ

Маңдай пішіні, дөңестеу келген майңдай. * Сонан соң танығаным тайқы маңдай, бүйрек бет, селдір мұрттықайрақтай қара жігіт Әбілахат Әбдірахимов. Оны сонау он алтыншы жылғы көтерілістен білетінмін. Б.Қыд. * Тәукеңнің қалың қастары қанатын бір-ақ сермеп, тайқы маңдайдың бел ортасына бір барып қайтты.Т.Сәу. ~ Маңдайы жарқыраған, өзіне жарасымды қимылмен домалана томпақ қаққан ол ұзын столдың басына жайғасты, екі қапталда аудармашылар, жас болсада шашы түскен таз жігіт, жұмық көз, қырма сақалды жігіт ағасы, орта жастан ассада қызыл сары шашы шулаған, жалаң бас әйел, оған тақау көп сөйлеп еріндері шаршаған көзілдірік киген арық әйел отыр, оған қарама-қарсы тайқы маңдай, сығыр көз арық кәрі қыз қаздияды. Н.Абдыр. Сормаңдай; жолы болмайтын бақытсыз адам. ~ Әсіресе, қазақтың тайқы маңдайына сыймай қыршынкеткен ғазиз перзенті Шоқан қайтыс болғанда оның кісілігі мен ізгілігі айрықша көрінді. С.Ақт. ~ Қайқы мүйіз тағдырға Тайқы маңдай соғылды. Қан аралас жаңбырға Қарашығым шомылды. Ала құйын үйірген, Шөлді кездім текке бір. Оқ тигендей бүйірден. Н.Айт. * Солар секілді әжемнің күндіз мойнында, түнде қойнында өстім деп мақтана да алмаймын. Ондай ыстық мейірді де, пейілді де тағдыр менің тайқы маңдайыма жазбаған. Ә.Әшім. * Бүйткенше бақырыпшақырып, ана пешке сүйеген көсеумен мына қайда барсам да жолы болмайтын тайқы маңдайымнан тақ еткізіп бір салса, жақсы болар еді! Т.Сәу.

Posted in

ТАҚИЯСЫНА ТАР КЕЛДІ

Талабына сай болмады. ~ — Күрсінбе, балам,- деді әкем, ұнатпаған қабақпен,- мен алып қалмасам, ол қыз ендігі аштан өлер еді. «Жарты пұт тары» дегеннің кәзіргі заманда құны қанша екенін білесің бе? Дыңдай ірі қара!.. Әке-шешесінің тақиясына тар келіп жатқан жоқ ол!.. С.Мұқ. ~ Қисынсыздау екен…—деп күмілжіді Қали. Одан ары өрбімеді. Алшағырдың «түремшік» екені кезінде есіне түсті. Әрі балаға лайық бұл шатты-бұтты оның тақиясына тар. М.Қаб. ~ Оған не болып, не қойғанын айтқым келмеді. Шал бәрі бір ештеңе түсінбес еді. Тақиясына тар келетін хикая. Дж. Сэл. ~ Осыған жыламай, «шыда, жаным шыдалап» жүрген біздікі қандай жан, Қазақстанның азаматтығы тақиясына тар келіп, ерігіп шұрқан тілеп жүргендердікі қандай жан?! Д.Мәс.

Posted in

ТАЙҚЫ ТАҒДЫР

Қиындығы мол, ауыр тағдыр. ~ «Келемін бе Құдайға өзім жақпай, Келемін бе үкіметке сөзім жақпай, Жас кезімнен келемін аласұрып Бұл сұрақтар жауабын әлі таппай. Ақиқат, шындық құмар қу жанымды, Көз жұмайын деп едім жабырқатпай» деп аяқтаған ашынышты жыр жолдары, оқырманын ақынның өмір тарихы мен тайқы тағдырына еріксіз үңілдіреді және ешкімді де бейжай қалдырмайды. Ә.Әш. ~ Кездескен сайын ортақ әңгімеміз таусылмайтын. Ара- арасында тотанақ тірліктің, тайқы тағдырдың алға тартқан, басына салған талқы-тауқыметін айтып мұқап, мұңайып отырушы еді… Ж.Осп.

Posted in

ТАҚИЯСЫНА ТАР КЕЛМЕС (КЕЛМЕЙДІ)

Көңілін көншітуге жарап қалар д.м.. ~ Гүлсімдей ар-ұяты таза, адал азаматтар мына біздің тақиямызға тар келмес! Б.Тоғ. ~ Парторг Тураболовтың мінез- құлқы туралы тағы бір жазаны жоғары жаққа білдіру туралы қаулыға қосып жазғысы келді де, «осы жиналыс та тақиясына тар келмес» деп сыбырлаған… Қ.Түм. * Бір дәуірдің соқталы кезеңдерін қамтыған ауқымды палитра. Былай қарасаң, жә деген жазушы кеудесін қағып қалай мақтанам десе де тақиясына тар келмейтін еңбек. Бірақ мен не барқадар таптым? Т.Сәук.

Posted in

ТАЙЛЫ-ТАЯҒЫ (ТҰЯҒЫ, ТАЙЛАҒЫ) ҚАЛМАЙ

Ешкім қалыс қалған жоқ. * Қызылжар жақсылап қарсы алды ғой. Тайлы-таяғы қалмай шығарып та салды. С. Шайм. * Ал, көптен бері ұмтылған жаңа жер, жаңа егіс, жаңа сабанның бастапқы желі кішкене артельді тұтасымен аяғынан тік тұрғызды — бірінші күні тайлы-таяғы қалмай бәрі қырға шыққан-ды. Х.Есен. * Қайран, баяғы күндер-ай!.. Қай ауылға лаққы келгенін есітсе, тайлы-таяғы қалмай жүгіретін еді. З.Шүк. * Басынан бақайшағына дейін былғары киіп, өңірінен былғары иісі аңқыған, кексе де болса көркем, жігіт атасының соңынан калымщиктердің тайлы-тұяғы қалмай өре жүгірді. Қ.Ысқ. * … келер аптада бас қосып, өз алдарына жеке шаңырақ көтереді, бүткіл совхоз тайлы-тұяғы қалмай комсомол тойы ретінде ырғалып-жырғалып, дүрілдетіп өткізбек. М.Қаб. * Ардақтысынан айырылған ашынған халық тайлы-тайлағы қалмай бандыларға қарсы тегіс аттанғанда, олар тоз-тоз болып, біразы төмендеп екі жылдан соң Шұбарбайталдан табылады. Б.Қыд.

Posted in

ТАҚҚА ОТЫРДЫ (МІНДІ)

Патша болды; билікке қол жеткізді. ~ Міне, содан бері Өңгелбай болыс. Бірен-саран байлар — жуандар бір кездегі үзеңгі жолдасы таққа мінген соң, қайта-қайта құтты болсын айтқансып, бағының таймауын, әкім алдар ісінің былықпауын көздеп, баяғы болысекеңнің писары Алексейді хатшылыққа ұсынған. Б.Майл. ~ Қарабет басқармалық таққа отырысымен ара-тұра жұмыс бабын сылтауратып қиғылықты салып, басыма әңгір таяқ орната бастады. С.Жүн. ~ Болыпты бір падиша Сұлтанмахмұт, Шаһары Шаһинұр Борай деген. Ақсүйек жеті атасы таққа мінген, Бәрі де әділ болып дәурен сүрген. "Нұрғаз." ~ Бұл таққа отырған бойында ұсақ хандықтардың басын біріктіргісі келді. Ә.Кек.

Posted in

ТАЙЛЫ-ТАЯҒЫНА ДЕЙІН

Ешкім қалмай, бәрі түгел. * Әбжал келген күні ауыл тайлы-таяғына дейін оның жамағайыны Бәйділдә оташының үйіне жиналды. Н.Дәу. * Бүкір кемпірдің де қосыла жылағанын, бүкіл ауыл адамы тайлы-таяғына дейін жиналып шығып, жұрттың жайсыз тұрысынан қорыққаннан балаларының күзгі жел өтінде ботадай боздап еңірегенін де білмеді. С.Жүн. * Сәлден кейін-ақ бұл ауылдың барлық тайлы-таяғына дейін қалмай бізді қоршап алды. Б.Қыд. * Жаз шықса болды, бұл Шұбарағаштың тайлы- таяғына дейін шөпте жүретіні Байсұлтанға бұрыннан мәлім. Ә.Асқ.