Түр-сипаты қорқынышты, зәрлі. * Жүрегімнің дүрсілі болғай еді деп, қолын кеудесіне басып еді — тас, тас емес-ау темір, темір емес — ажал шықыр еткендей, құйқа тамыры шымыр етті. Апан көр сияқтанды. Өйткені тажалдай түсі суық, саудыраған үш адам келіп қалды. Ж.Айм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҒДЫРЫ ТӘЛКЕККЕ ҰШЫРАДЫ (ЖОЛЫҚТЫ, ТАП БОЛДЫ)
Басына іс түсті, қасырет шекті. ~ Кімнің басына іс түспейді, кімнің тағдыры тәлкекке ұшырамайды… И.Сап. ~ Әркім әртүрлі жаңашылдықты іздей тәжірибелік тәсілдер жүргізіп, көптеген тағдыр тәлкекке ұшырады. Ә.Ыб. ~ Жаны қандай терең еді, ойы қандай тұңғиық еді Ыбанның. Егер Ыбанда тіл болса мұның да ғұмыры келте қайырылып, тағдыры тәлкекке жолығар ма, еді… Р.Мұқ. ~ Оның удай ашыған сезімдері қанаттанып, азаптан қиналғанды, құсамен жылағанды, тағдыры тәлкекке тап болған көпті ойлап, жүрек басына зәрдей болып түйілген шер тасқыны өлең болып ағытылғалы тұр. Т.Рыск.
ТАЗ КЕБІНЕ ТҮСТІ (КЕБІН КИДІ)
Бұрынғы қалпына қайтып оралды; баяғы жағдайына, күйіне түсті. ~ Қараса: лашығында кемпірі отыр, Баяғы жарық астау жырық- жырық. Түсіріп таз кебіне бір-ақ күнде Қойыпты қу қақпасты құдай ұрып. А.Байт. ~ Сырлыбайға қарағандардан қара жұмысқа бірінші кеткен адам Қожамбет еді. Бір ай жүріп қайта оралғанда, бір қап жаңалық алып келді. -Жаманқала жақтан ба, қайдам, аузы түкті кәпірлер келе жатқан көрінеді ғой. Қолына түскен адамның басына таз кебін кигізіп, теріс қаратып шоқындырады екен. Бұл қамал солармен ұрысу үшін салынып жатса керек… З.Шүк. ~ Көзден аққан ыстық жас, Қойынға талай төгілді. Қайта кимесем игі еді, Баяғы таз кебімді. "Батырлар жыры". ~ Жылқы бағуға жарайтындарың қаласыңдар да, қалғаның ауылға келіп, таз кепелеріңді қайта киесіңдер. С.Жүн. ~ Өзенге түскен соң, бұралып баяғы таз кепештерін киеді. М.Мырз.
ТАҒДЫРЫН ӨЗІ ТАҢДАДЫ
Өмір жолын өзі таңдады. ~ “Адам таңдау болмаған кездің өзінде де өз тағдырын өзі таңдайды” У.Фолк. ~ Досмағанбет үндеген жоқ. Тергеуші орнынан тұрып шағын терезенің алдына барып сыртқа үңілді. – Ия, адам өз тағдырын өзі таңдайды, – деді даусын созып. Н.Дәут.
ТАЗ КЕПЕШ КИДІ
Баяғы жұпыны тірлік әлі оңалар емес; біреулердің көрген қорлығы өзінің де басына түсті д.м. * Бәріміз де қартайғасын сол таз кепешті киеміз… О.Сәрс. * Қысқасы, өзі бай бола тұра, халқы таз кепеш киіп отырған мемлекет — қазынаның қаһарына» ұшыраған. Н.Сам. * Сатушы бір мырс етіп алып: – Бізде парашют сатылмайды! – депті. Соны айтқанда бұл да сықылықтап күлуші еді, енді сол таз кепешті өз басына киіп отыр. Т.Сәук. ~ Жылқы бағуға жарайтындарың қаласыңдар да, қалғаның ауылға келіп, таз кепелеріңді қайта киесіңдер. С.Жүн.
ТАҒДЫРЫН ШЕШТІ
Біреудің болашағына әсер ететін іске барды. * … еңбекке қыры жоқ, ұяттан ада, кісіліктен махрұм, жиренішті әрі бұралқы пенделер ел билеуге, жұрт тағдырын шешуге, адамды біржола аздыруға кірісті, сөйтіп, бір халықты, бір мемлекетті емес, жарты әлемді қанға, қасіретке бөктіріп, жаһаннамға жол ашты. М.Мағ. * Жер бетіндегі қаншама ұлт пен ұлыстың тағдырын европалықтар ғана шешуі керек пе? Басқасын қойғанда, қашан өлмегін? Қазақтың атынан билік айтуға қай құдай өкілет берді? М.Мағ. * Сол сәтте бұл кездесу Едіге мен Үкібаланың бүкіл алдағы тіршілігінің тағдырын шешетінін ешкім білген жоқ. Ш.Айт.
ТАЗ ҚАЛПЫНА ТҮСТІ
Бұрынғы қалпына, нашар күйіне қайта түсті. ~ Анаргүлмен әкем айтқандай- ақ жеке сөйлесті. Содан біршама уақыт кемпір тыныш жүрді де, қайтадан баяғы таз қалпына түсті. Б.Мом. ~ Әйтеуір, тезірек орнынан түсіп жақсы болды. Әйтпесе… ─ Осы күні қайда? ─ Осы күні елде, баяғы таз қалпына түскен. Т.Әбд. ~ Күйеуінің қайда жүргенін білуге Жаннат қорланды. Ал, Арман үйге келсе мас болып келеді де, ал, келмесе бір апталап қарасын көрсетпейді. Арман екі беті ісініп, көздерінің алды күлкілдеп, тағы бұрынғы таз қалпына түсті. І.Ес.
ТАҒДЫРЫНА БАС ИДІ
Құдыреттің жазғанына мойын ұсынды. ~ Қосымбай молданың «Алла әкбар!» деген дауысы жер астынан шыққандай күңіренеді. Көз сәждеде, жүрек аллада. Тізе басқаны тілсіз күшке, жауыз тағдырға бас игендей болды, сәждеге бас қойғаны жер құшқандай, көр құшқандай болды. Ж.Айм. ~ Әр заманда, әр елдің тарихында, үміт кемесі су астындағы жартасқа соғылып, талқан болған шақта, әрбір жан өз жарасымен ыңырануға айналғанда, осындай момындыққа түсіп, мұңға батып, дін бесігінің тербетуін іздейді. Тағдырына бас иіп, үміт, тілекке қош айтып, жарық сәулені ол дүниеден күтеді. М.Әу.
ТАЗА ЖҮРЕК
Адал, ақ ниет. ~ Белинский айтқан екен: «Қиялдан шыққан махаббат таза жүректен шыққан махаббаттан ауыр, жаман болады. Қиял махаббаты жүрекке түссе, ауыр тас түскен секілді, қозғалтпайды, жанышады, улайды деп. Сол рас па деймін. Сарғаю, күйіну, — жүрек қатты ауырады». Ж.Айм. ~ Альбом – жүрек, жақын достар қолға алар, Таза жүрек оны оқып толғанар. «Мен жазайын, мен оқимын!» – деп алып, Надан жастар кетпес қара тап салар. М.Жұм. ~ Оқуға сусап Россиядан Мединеге барған шәкірттерді һәм олардың, таза көңілмен медресе ашамыз деулерін теріс демейміз. Бұларға көмек беруге уағда еткен қажыларды да сөкпейміз. М.Дул.
ТАҒДЫРЫНА КӨНДІКТІ
Тағдырдың маңдайға жазғанына мойын ұсынды. ~ Адам дозаққа да үйренеді деседі. Құлдық тағдырына Ақназар да көндікті. Уақыт өткен соң кек те көнереді. З.Шүк.
