Тұзы жараспады, ерлі-зайыптылық өмірі ұзаққа бармады. ~ Ақыры октябрь айында Қызылжалауда тұратын Құрбанкүл Асанбаеваға үйленіп, бұл заңды некесін санағанда жетінші әйелі екен. Онымен де тайыншасы жараспай, құр құйысқаны босап, қырқылжыңы, кикілжіңі біліне бастапты. Б.Қыд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАЙЫП ТҰРДЫ
Заматта жоқ болды; кетіп қалды; алды-артына қарамады; табанын жалтыратты. * Ол да отыр. Түрі жоқ хал сұрамақ. Сұқтанған жат көздерден жасқандым да, Тайып тұрдым. Қашанғы әл шыдамақ. М.Мақ. * Түлкі бұрылып алды да, бүлкілге басып тайып тұрды. Ш.Айт. * Бір жазда кесек құйып там соғып алды. Қарашада ел құмға қарай көшерде кенже інісін қолынан жетектеп тайып тұрды. Т.Әлімқ. * — Жазда тағы оқуға тайып тұрмайсың ба? — Тайып тұрам. Б.Нұрж.
ТАҚА БОЛМАҒАНДА
Ендігі жерде, енді болмағанда, тым болмаса. ~ Жол жүргенде генерал Черновтың қасына жақын болуға тырысады. Тақа болмағанда көп дүрмектің арасында ілесіп, атын құйрықтастырып отырады. Ә.Нұрп. ~ Көзді ашып қараса, кландық һәм рулық, жершілдік принциптерден арылса – болды. Адам табылады. Тақа болмағанда жанына ештеңеден қаймықпай, ақиқатты айта алатын, ұлт пен мемлекеттік мүддені қоя тұрайық, тікелей өзіне шынайы жаны ашитын бірер адамды тартып, солардың ақыл-кеңестеріне құлақ асса – кәнекей?! С.Мұқт.
ТАҚАТ ТАППАДЫ (ҚЫЛМАДЫ)
Тыныштық көрмеді; мазасы кетті. * Науқасының үшінші күнінде тыныштық, тақат таба алмай, тынысы бітіп, жанталасып, өне бойы оттай күйіп жатты. М.Әу. * Дүйсен бір күні: — Әй, қара тәмпіш, реті келсе мен сені басқа бір жеңілірек жұмысқа ауыстырамын. Не жұмысқа ауыстырар екен деп, жаным тақат таппай күтіп жүрмін. Б.Соқ. * Жанына жуып кетсе, бұны не түртіп қашады. Не бірдеңесін алып қашқысы кеп қол-аяғы тақат таппай жыбыршып тұратын. Ә.Нұрп. * Әскерден босап, қайтып келе жаттым. Бұл соғыс біткеннен кейін. Алматыға жеткенше тақат қылмадым. Кім біледі, Гауһар, мүмкін, ендігі үйіне оралған шығар. Табысып, мәре-сәре болармыз деп үміттендім. Б.Соқ.
ТАЖАЛ БОЛЫП ТИДІ (ЖАЛАҢДАДЫ, ТӨНДІ)
Ажалдай қорқынышты, суық, ызбарлы кейпін танытты, обырдай тиді. ~ Жалғыз жолбарыстың да әкесі нән еді. Тіпті жолбарысқа тажал болып тиген, оның жалпақ табанынан қалған мөрді жазбай танитын, сөйтіп ізге түсіп соғатын Келдібайға да шалдырмаған екен. Б.Қыд. ~ Жан алғыш, тажал болып жалаңдаған, Жабыңқы елдің күйі жаман болған Кездерде Әннің ғана арқасында, Осындай Бірлікпенен аман қалған. К.Шалқ. ~ Қашсам-дағы зілзала заманақыр Тажал болып төнер-ау маған ақыр. «Ей, жалған дүние» деп мысқыл жүзбен Күліп жатқан өлікке қара да тұр! Г.Дәу.
ТАЙ ТҰЯҚ
1.Үлкендігі тайдың тұяғындай кесек алтын, күміс. ~ Толғамбай ақын Сүлейменнің туған- туыстарына көңіл айтып, тоқтатып, су құйып, беті-қолдарын жуып, дастархан жайып, Құран оқиды. Дастарханға бір тай тұяқ тастайды Маманның алдына әкеліп. (Zharar.kz.) ~ Бөкеннің даулайтыны кісі құны, Икемге ап Сұлтан отыр енді мұны. Дәрігердің қалтасына тай — тұяқ сап, Аузын тығындады,— шықпас үні. Кенен. ~ Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі, Тай тұяқ алма күміс төбеңдегі, Қол жайғыш бая қуып тақыс шалдың Ұстады қойын, тонын шегелдегі. І.Жанс. ~ Тұлпардың аунағаны туған жерің, Биеден туа бермес сендей құлын. Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ, Бір жолда әперіп ең ердің құнын. Ақан сері. ~ Жабырқап жаным сағынды, Шалқысын шабыт-дариям. Сымбатың сыбдыр қағатын, Бозбалақ бала қайыңдай. Келбетің көпке жағатын, Тай тұяқ туған айымдай. М.Раш. 2. Ат тұяғынан жасалатын қазақ халқының музыкалық аспабы. ~ Тай-тұяқтың 3 түрі дүкенімізде сатылады. Тай-тұяқ аспабы оркестр және ансамбльдерде аттың шабысын келтіретін ырғақты аспап ретінде қолданылады. БАҚ.
ТАЖАЛДАЙ ТҮСІ СУЫҚ
Түр-сипаты қорқынышты, зәрлі. * Жүрегімнің дүрсілі болғай еді деп, қолын кеудесіне басып еді — тас, тас емес-ау темір, темір емес — ажал шықыр еткендей, құйқа тамыры шымыр етті. Апан көр сияқтанды. Өйткені тажалдай түсі суық, саудыраған үш адам келіп қалды. Ж.Айм.
ТАҒДЫРЫ ТӘЛКЕККЕ ҰШЫРАДЫ (ЖОЛЫҚТЫ, ТАП БОЛДЫ)
Басына іс түсті, қасырет шекті. ~ Кімнің басына іс түспейді, кімнің тағдыры тәлкекке ұшырамайды… И.Сап. ~ Әркім әртүрлі жаңашылдықты іздей тәжірибелік тәсілдер жүргізіп, көптеген тағдыр тәлкекке ұшырады. Ә.Ыб. ~ Жаны қандай терең еді, ойы қандай тұңғиық еді Ыбанның. Егер Ыбанда тіл болса мұның да ғұмыры келте қайырылып, тағдыры тәлкекке жолығар ма, еді… Р.Мұқ. ~ Оның удай ашыған сезімдері қанаттанып, азаптан қиналғанды, құсамен жылағанды, тағдыры тәлкекке тап болған көпті ойлап, жүрек басына зәрдей болып түйілген шер тасқыны өлең болып ағытылғалы тұр. Т.Рыск.
ТАЗ КЕБІНЕ ТҮСТІ (КЕБІН КИДІ)
Бұрынғы қалпына қайтып оралды; баяғы жағдайына, күйіне түсті. ~ Қараса: лашығында кемпірі отыр, Баяғы жарық астау жырық- жырық. Түсіріп таз кебіне бір-ақ күнде Қойыпты қу қақпасты құдай ұрып. А.Байт. ~ Сырлыбайға қарағандардан қара жұмысқа бірінші кеткен адам Қожамбет еді. Бір ай жүріп қайта оралғанда, бір қап жаңалық алып келді. -Жаманқала жақтан ба, қайдам, аузы түкті кәпірлер келе жатқан көрінеді ғой. Қолына түскен адамның басына таз кебін кигізіп, теріс қаратып шоқындырады екен. Бұл қамал солармен ұрысу үшін салынып жатса керек… З.Шүк. ~ Көзден аққан ыстық жас, Қойынға талай төгілді. Қайта кимесем игі еді, Баяғы таз кебімді. "Батырлар жыры". ~ Жылқы бағуға жарайтындарың қаласыңдар да, қалғаның ауылға келіп, таз кепелеріңді қайта киесіңдер. С.Жүн. ~ Өзенге түскен соң, бұралып баяғы таз кепештерін киеді. М.Мырз.
ТАҒДЫРЫН ӨЗІ ТАҢДАДЫ
Өмір жолын өзі таңдады. ~ “Адам таңдау болмаған кездің өзінде де өз тағдырын өзі таңдайды” У.Фолк. ~ Досмағанбет үндеген жоқ. Тергеуші орнынан тұрып шағын терезенің алдына барып сыртқа үңілді. – Ия, адам өз тағдырын өзі таңдайды, – деді даусын созып. Н.Дәут.
