* Сырттай өлшеп-пішу ағат та шығар, алайда қайтесіз, Кәмила-қыз осы бір көргенінің өзіненақ қаралай түңіліп, іштей жұтап, құтсыз құдалар маңында амалсыз, әрең шыдады да олардан құтыла бере ауырып қалды. З.Қабд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫРТ АДАМ
Бөгде жан, бөтен кісі. ~ Сен ағайын-туған ішіндесің, ал мен сырт адаммын, суға ағып бара жатсам жан аямай қол ұшын созатын жақыным жоқ. Б.Тоғ. ~ Кешке үйге қонақ шақырайын. Сен менен гөрі сырт адамсың, әңгімені Көкшегір екеуің бастаңдар, ар жағын мен алып кетермін. Б.Нұрж.
СЫРТТАЙ ТАНЫС
Жүзбе-жүз кездеспесе де, аралас-құралас болмаса да атына қанық. * Жаманкөз аулының жақсыларына сырттай таныс Нұрымбет балалары шұрқырасып жатыр. З.Шүк. ~ Газет бетінде Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Қанипа Бұғыбаева, Рамазан Тышқанбаевтардың өлеңдері, Сайын Мұратбеков, Ұзақбай Доспанбетов, тағы басқалардың әңгімелері жиі жарияланып тұратын да, бір-бірімізбен жүз көріспесек те, сырттай таныс-біліс болатынбыз. Ал Құдаш есіміне әзірше кезіге қойған жоқ едім. С.Им. ~ Әзиза Кавказбен сырттай таныс. Лермонтовты көп оқыған, Бештау дегенде құлағы елең ете қалғаны да сондықтан. Ш.Мұрт.
СЫРТ АЙНАЛДЫ
1. Айнып кетті, қатынасын үзді, теріс қарады. ~ Дұрыс айтасың. Он бес жыл… Ендеше он бес жыл бауырына басқан адамнан бір– ақ күнде сырт айналады деп қалай ойлайсың сен?! Өй, ынжық!.. Д.Әш. ~ «Қайтеміз, тағдырдың жазуы осылай болды» деп құдалықтан қол үзіп, сырт айналып кетері әбден мүмкін еді. Қ.Жұм. ~ Ауладағы сыныптастары да өзі жұмысқа шыққалы сырт айнала береді. Қ.Түм. ~ Дүние тегіс бұлардан сырт айналып кетпепті. Марғуа әуелі соны түйсінді. Үміт оты қайта тұтанғандай. Ш.Бейс. ~ Кейін Дәлелхан орыстар мен Моңғолияның адамдарының қолына қонған. Оны біз көріп отырсақ та көпке дейін Оспан батыр: Тұра тұр, тұра тұр. Байқайық, — деумен көп уақыт сенісе алмай келдік. Ең ақырда Дәлелхан шын айрылуды талап қылған кезде, Оспан батыр Дәлелханнан бір-ақ күнде сырт айналып, оның есігін бір- ақ жапты. Ж.Шәк. ~ Сараң сөйлесіп, сырт айналып, қашқақтап тұрғанымен Болатбекті көргенде ақ жүзіне алау жүгіріп, еріксіз жымың ете қалады. С.Олж. Уақыт өтті. ~ Жоқ-ау, мен олардың тапсырмаларын орындамай жүрсем бір сәрі ғой. Бәрі тап-тұйнақтай.Міне, екі-үш жыл сырт айналды, бірде-бір графиктен кешіккен емеспін. Қ.Жиен. Арқасын берді, айналып өте шықты. ~ Шырағым, өзің біледі екенсің ғой, — деп Шәлтік бұл кісіге үңіле беріпеді, ол жылжып, сырт айналып кетті. Енді қайтып сөз сұраған жоқ. М.Әу. ~ Алуға бар да беруге жоқ ағай- ын нәсібін түзден айырған саятшыға жүз көріскенде көлгірсіп, сырт айнала бере сыртынан сырық білеп күңкілдейтіні бар. Ө.Кәр.
СЫРТТАН КІЖІНДІ
Қасында жоқ адамға батырсынып, сес көрсетіп, қорқытып-үркіткен болды. * Маған Құлагердің бәйгесі керек жоқ, құны керек. — Иә, құны керек! — Кім өлтірді, тауып берсін,— деп сырттан кіжінген біреулер айқай салды. С.Жүн. * Бұл жақтағы теріскейліктер бірін- бірі қағытпаса көңілі көншімейді. Ағайын екеш ағайынның өзі кей- кейде бір- біріне сырттан кіжінеді. Т.Әл. * «Е, ол пысық неме емес пе», – деп кейбіреулер мақтай сөйлесе, енді бір күншілдер: «Ол секілді қолымда машинам болса, мен де көрер ем», – деп сырттан кіжінеді. С.Жүн. * Бірақ тұтас 3—4 болыс бір рудан болғандықтан, солар шымы тұтастығына семіріп, Жарасбайды құр ғана орысқа тығылған пысық қана көріп, елін шолақ байталдың құйрығындай шолтаңдаған аз көріп, сырттан кіжініп, күпінуге келгенде, шек білмейтін болған. С.Жүн.
СЫРТ БЕРДІ (БЕРІСТІ)
Теріс айналды, жақтырмағанын танытты, ұрсысып қалды. ~ Қара мұрт Ақбілектің жан жарасын әлде көзінен оқып білді ме, әлде бір басқа сезім кернеді ме, кім білсін жирен сүйем деп тағы кезеніп, Ақбілек сырт беріп тыжырынып еді, ашуланған адамша анаған ажырая қарап, бірдеме деп шорт кесті. Ж.Айм. ~ Абай да осы Ербол сезгенді шолып қалса керек. Басында қызыға қарап тұрған қалпынан тез жалт бұрылып, салдар тобына сырт берді. М.Әу. ~ Ойда жоқта дүрдараз болып, бір-біріне сырт беріскен қос басшысының мынау қылықтарына жіп тағып та үлгіре алмай келе жатқан серіктерінен Қасқақ та оқшаулау шыға берген. К.Сег.
СЫРТЫ — КҮЛІМ, ІШІ — ЖЫЛЫМ
~ "Тостағанды иіскедің" деп айып таққанына қарағанда, өлеңшілік өнерін әлі ұмыта алмай жүрген кеспектей қарындасын кесапат қонағына қарсы айдап салып отырған Андастың өзі болғаны да! Сонда сырты — күлім, іші — жылым мырзаның діттеген жері қайсы? О.Сәр.
СЫРТ БУЫН
Қартайып, ел тірлігінен көз жазып, бөтенсіп кеткен адам туралы. ~ Дос тапса да, жау тапса да, бұлар енді өздерінің тұстасынан табады. Өз заманының тілін де бұлар сырт буын кәріден оңай ұғынады. М.Әу. ~ Дуылдап Маралдының атырабы, Бір қыздың тойы болып жатыр әлі. Таянған таяғына сырт буын да, Ұйықтамай таңды кезбен атырады… Мүшеден дәмесіз де дәмелі дә, Осында ой елі де, тау елі де: Сүйіндік, Апай-Бөрі, Қозған-Қақсал, Қыпшақ пен Бұқа-Күбір, Сәмегі де… М.Әлімб. ~ Енді мұндай жорыққа шығудан қалған бірен-саран сырт буын ақ бас қарттарды орталарына алып, әлі оттасып жүр. Ғ.Мүс. ~ Жасымда ел қорғаған ер едім, енді үй қорыған шал болдым. Сексен жас аз емес. Қартайып сырт буын болсам да ел-жұртқа қадірсіз емеспін. Бұған да шүкір. Ш.Мам. ~ Көп жылдай бірімізден біріміз адасып көз жазып та қалдық, сөйтіп сырт буын болып кеттік қой. С.Талж.
СЫРТЫ БҮТІН, ІШІ ТҮТІН
Сырттай сыр бермегенмен, әлдебір қайғы жанын жеп жүрген адам хақында. ~ Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін. Абай. ~ Ашуланбағанда, осы күні сыртым бүтін, ішім түтін болған шақ, – деп Толқын Бикешке үлкен ала көзімен бір қарап қойды. Ә.Шәр. ~ Сіздер енді ескіліктің қалдығымен күресіп қана қоймай, сол жаңа өмірден орын алып үлгерген жат қылықты адамдарға қарсы күрес ашу керек. Ондай сырты бүтін, іші түтін сарқыншақтар бізде әлі бар». О.Бөк. ~ Қалт-құлт еткен аз өмірі… Сырты бүтін, іші түтін тіршілігі… Д. Ис. ~ Өзі үйренген, көзі үйренген жандар оған қам жемес, Сырты бүтін, іші түтін дертті қала ләм демес.Н.Айт.
СЫРТ БУЫН ТАРТТЫ
Бөтенсіді, жатсынды. ~ Адам қартайған сайын өмірден сырт буын тартып, жана заман, жаңа ықылымның көп қитұрқы– қалтарысын дәл аңғара бермейді екен. Қарт адамның бағыт– бағдардан тез жаңылатыны да содан. Қ.Жұм. ~ … көсемнің көшедегі тас мүсініне арлы– берлі өткендер суық қарап, томсара жылыстайды. Ішінара біреулер неге екені беймәлім, сырт буын тартып, сыздап тұр. Т.Рыск.
