Posted in

СЫРТТАЙ (СЫРТТАН) ТОН ПІШТІ

Істің мән-жайын анықтамай, анығына көз жеткізбей тұрып, ойша долбар жасады. ~ Атақты байдың тойында жүлдеге түсетін жүйріктер мен палуандарды санасты. Байсал байдың бәйгеге не тігетініне сырттай тон пішті. Ә.Кек. ~ бұл жерде менің жазғандарымды не кітаптан, не журналдағы нұсқасынан бастан-аяқ түгел оқып алмай, елден естігені бойынша, сырттай тон пішіп, беталды лағып сөйлегендерге зығырданым қайнап отырып ызам келгенін, қатты күйінгенімді жасыра алмадым. С.Им. * Менікі бергі жағындағы тілеуқор көңіл. «Егер былай болса қайтер еді» дейтіндей сырттай тон пішу. Шындығында күлкіңіз келеді. Қ.Жиенб. ~ Күй тартып, ән салғанда көрген көз сүйініп, естіген құлақтың құрышы қаныпты. Сондықтан бойжеткен қызы бар қатындар Ыдырысты іштей қалап, сырттай тон пішіп жүреді екен. Ә.Ыб. ~ Бұрын тек сырттай тон пішеді екен. Әбекең жұмыстағы жайбарақаттыққа қатал кісі болып шықты. Б.Тоғ. * Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да ерлер. Б.Мом. ~ Біз сырттан тон пішіп отырғанымызбен,екеуі -екі таудың тағысы. Бір дараға бекінген екен, жанынан безген олар Құдайдан да қорықпайды. Алдымен солардың өзінен тіл алу керек! Ж.Шәк. ~ Күн бұрын неге айтып, жоспарды соған орай неге жасатпады? Оған облыс көнді ме: «Пәлен совхоз пәлендей жер жыртады», — деп сырттан тон пішіп, бұйрықгы жібере салған жоқ па?.. З.Шаш.

Posted in

СЫРНАЙДАЙ ТАҚЫЛДАДЫ

Тақ-тақ етіп, жөнді-жөнсіз көп сөйледі. ~ Сонда Абай: Дәумен, сен сырнайдай тақылдаған шешен емес пе едің, жағың қарысып қалған жоқ па, неге үндемей қалдың? деді. Содан соң Дәкең де сөзін жалғастырып, соға берді. Екеуі де сөздерін айтып болды. БС. 96 т. ~ Би ағалар-ау, мен қалып барамын, дегенде Қазыбек Қалдан Шерінге қайта кіріп, сырнайдай тақылдап, жүйесін босатып сөйлеп, сұрап алған екен. «Қазыбек өзгесінен бір жесір артық алыпты» деп кейінгіге айтылып қалған. БС. "Тарихи аңыздар."

Posted in

СЫРТТАЙ ӨЛШЕП-ПІШТІ

* Сырттай өлшеп-пішу ағат та шығар, алайда қайтесіз, Кәмила-қыз осы бір көргенінің өзіненақ қаралай түңіліп, іштей жұтап, құтсыз құдалар маңында амалсыз, әрең шыдады да олардан құтыла бере ауырып қалды. З.Қабд.

Posted in

СЫРТ АДАМ

Бөгде жан, бөтен кісі. ~ Сен ағайын-туған ішіндесің, ал мен сырт адаммын, суға ағып бара жатсам жан аямай қол ұшын созатын жақыным жоқ. Б.Тоғ. ~ Кешке үйге қонақ шақырайын. Сен менен гөрі сырт адамсың, әңгімені Көкшегір екеуің бастаңдар, ар жағын мен алып кетермін. Б.Нұрж.

Posted in

СЫРТТАЙ ТАНЫС

Жүзбе-жүз кездеспесе де, аралас-құралас болмаса да атына қанық. * Жаманкөз аулының жақсыларына сырттай таныс Нұрымбет балалары шұрқырасып жатыр. З.Шүк. ~ Газет бетінде Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Қанипа Бұғыбаева, Рамазан Тышқанбаевтардың өлеңдері, Сайын Мұратбеков, Ұзақбай Доспанбетов, тағы басқалардың әңгімелері жиі жарияланып тұратын да, бір-бірімізбен жүз көріспесек те, сырттай таныс-біліс болатынбыз. Ал Құдаш есіміне әзірше кезіге қойған жоқ едім. С.Им. ~ Әзиза Кавказбен сырттай таныс. Лермонтовты көп оқыған, Бештау дегенде құлағы елең ете қалғаны да сондықтан. Ш.Мұрт.

Posted in

СЫР АҚТАРДЫ

Шетін ойларымен бөлісті. ~ Зерделі, көкірегі ояу жігіт деп айтып жатырмын саған. Кім көрінгенге ақ та тоқ сыр ақтарып әуре болғым келмейді. С.Им. ~ Сондықтан ол сахарадан кетер шағында Шынармен оңаша сыр ақтарысып, бел шешіп сөйлесер кезең іздеген. Т.Әл. ~ Елді елең еткізіп, сонау ел білмес ескі заманнан сыр ақтарған, жеті қабат жер астынан алтын іздегендей Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби», «Саншура Күнби» романдарының да аңысы аз емес. Ж.Шәк. ~ Арал жайлы саудагер Сыр ақтарды корольге: – Шіркін, ондай бар ма ел Мына жалпақ әлемде… С.Қал.

Posted in

СЫРАЛҒЫ ЖАУ

Айла-шарғысы белгілі ежелгі дұшпан. * Менікі үйреніскен ауру ғой, сыралғы жау: бір күні ол жеңеді, бір күні мен жеңем. Бүгін сәл бетім бері қараған түрі бар. Т.Сәу. ~ “Аттан! Аттан! Жау шап- ты!” Жұрт дүрлігісті. Суыт хабарды ақылмен топшылап мән- жайды ой елегінен өткізген елбасылар сыралғы жаудың бұл жолғы қоқайының зымияндығын салғаннан-ақ тап басқан. Ө.Кәр.

Posted in

СЫР АЛДЫРДЫ

Ішкі ойын, әлдебір құпиясын сездіріп қойды. * Дегенмен сомадай болып, бір ауылдың сиырына қауға тарта алмауды намыс көреді; сыр алдырмағысы келеді. Сиырлар қарқынын басқан кезде, Қартқожа бітегене тыныстап, оң жаққа қарады. Ж.Айм. Қорыққан баладай бірден сыр алдырып алғанына қысылып, қасындағыларға қарап еді, біразы қобалжып тұрсакерек, әдетте түнеріңкі жүретін қабақтары жұмсарып, өңдеріне күлкі де емес, қорқыныш та емес, бір бейжай сезімнің табы қонақтапты. Ә.Кек. * Досының ойын оқып Бахтияр елеусіз езу тартып қойды. Бірі алдадым деп, бірі алданған боп – екі жақ та бір-біріне сыр алдыртар емес. Т.Сәук. ~ Аяқ-қолына қорғасын байлағандай, сүйектері ап-ауыр. Сегізкөз, жон- жотасы сырқырайды. «Апыр- ау, бағана, осы кешке жақын- ақ тың сияқты едім ғой. Шынымен сыр алдыра бастағаным ба?.." К.Сег. Сол Ауғанбайдың өзін оққағар үшін алдыға салып сұр жыландай иріле шұбырған сұрғылт топ тұсынан өтіпболғанға дейін Боранқұл жігіттері дыбыс білдірмеді, сыр алдырмады. Ғ.Біл.

Posted in

СЫРАЛҒЫ СҰРАДЫ

Аң аулап, олжалы келе жатқан аңшыдан сұрап алатын сыйлық. ~ Маңғыстау тауы мұнарлы, Өзіңнен медет сұралды. Сырыңды сенің ашуға, Отырмын сұрап сыралғы. Тұнған тарих тау тасы, Кең далам оның сырласы. Ашуға сырын ақтарған, Балаңыз енді жырласын. Н.Қож.

Posted in

СЫР АШПАДЫ

Ойын жасырды, ағынан жарылмады. * Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. І.Ес. ~ Байғұс жетімегім-ай! Сөйлеспейді, сыр ашпайды деп кұстаналайды. О да қай бір жетісіп жүреді дейсің? Баласынан: Келінмен араларың қалай?»- деп сұраудың да реті жоқ. Ә.Кек. * Сыр ашпайды сенің құла түздерің, Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің. Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын, Домбыраңның пернесінен іздедім. М.Мақ. * Онымен тұрып жатқанымды өзі ауру әкеме қалай айтайын, үйдегілерге ештеңе деп сыр ашпадым. С.Досж.