Сынықшылықпен айналысты. ~ Арғы жағы ата-бабасынан жалғасып, тіні үзілмей келе жатқан қасиет болар, Есенияздың кейде сынық ұстайтын да өнері бар еді. Өзі соны арнайы кәсіп қылмаса да туралап келген адамдарды қайтармайтын. «Менің қолым емес, ескілердің қолы, өткендердің жолы» деп сылап-сипап жібереді. О.Көш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫҢҒЫР КҮЛКІ
Күмістей сыңғырлаған әсем, ұнамды күлкі. * Сыңғыр күлкіден айрылып сыңсыған мұң пернелерге оратылып қыңсылайды. Ғ.Біл. * Ырысқанның әсем сыңғыр күлкісі де бүгін шаншудай қадалып, соның бәрі әлдебір дарақылық, беймазалық сияқты көріне берген. Қ.Жұм. ~ Ақілгек сыңғырлай күлді. Оның күміс қоңыраудай сыңғыр күлкісі өн бойына шымырлап дарып, сіңіп жатты. С.Олж. ~ Айлы түн, алтыбақан қызығы, қыз-келіншектер мен бозбалалардың топтанып, қосыла шырқаған әндері, сыңғыр күлкі, шолпының сыңғыры, әткеншекте әуелете ән салып, ғашық жүректің ынтық зарын жеткізгенде көңіл шіркін мейлінше толқитыны әлі де ұмытылған жоқ. А.Жақс. ~ Тынысы ашылған домбыра қызша сықылықтап сыңғыр күлкіні күміс теңгедей қақпақылдады. Ө.Кәр.
СЫНЫҚ ШӨПТІ КӨТЕРМЕЙДІ
Түк істемейді, қол қусырып отыра береді. ~ Сұлтанмұрат әнге, мен ұсталыққа болмасам, шаруаға қыбымыз жоқ, әйтеуір өлмешінің күнімен жүрген жандармыз. Кемпір өлгелі, үйдің түрін көріп отырсың, екеуміз де бір сынық шөпті көтеруге қыбымыз жоқ, епсіз бейбақтармыз, ыбырсып жатқаны мынау. С.Жүн. ~ Еңбек етпеген ішіп-жемейді. Дұрыс делік! Сөйте тұра жұмыс істейтін бір адамға пәпке қолтықтаған он адам әкіреңдейді. Елімізді жалқаулар, жерден сынық шөп көтермейтін әйеншектер, өзгенің көлеңкесімен тыныстайтын масылдар, ішкіштер жайлаған. Ө.Кәр.
СЫҢҒЫР ҚАҚТЫ
Сылдырлап, күмбірлеп шыққан үн, дыбыс хақында. * Түйе мойындарындағы жез қоңыраулар жүріске бір ырғақ тербеліп сыңғыр қағады. С.Елу. * Жеңгесі де: «қалауыңды айт» деп қоймағасын Түгел де тартынбай, қос бұрымының ұшында сыңғыр қағып жүрген қоңыраулы күміс шашбауға жиенқұрық салған. Ү.Жәл. * …аппақ жұмыр білекке жараса кеткен қос күміс білезікті сыңғыр қақтырып, сары қымызды да аса бір жарасымдықпен баптай сапырып, өзі құйған. К.Сег.
СЫНА ҚАҚТЫ
Араға іріткі салды. ~ Әрине А.Атамбаев сияқты алысты болжай алмайтын, кететін болған соң есікті қатты серпіп тұрған саясаткердің сөздері ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ пен қырғыз арасындағы туыстық пен достыққа сына қаға алмайды. "ЕҚ". ~ Сынның ел мен ердің арасына сына қағу үшін емес, жұмыстың жандануы, ширауы үшін жазылатынын ескерсек, кейбір ат үстіндегі азаматтардың оқыса да, оқымаған, естісе де естімеген кейіп танытуын қалай түсінуге болады?!. "ОҚ" ~ – Қазақстан халқын біріктіретін санаулы фактордың бірі – әнұран. Ал мынандай аударманы соған сына қағу үшін жасалған әрекет деп түсінемін. "Азаттық".
СЫНЫҚ ЖЕТІМ
Мұңды, шерлі, бишара. ~ Сосынғысы ағайынға сөз айттырып жүріп, Бижамал атты өзіндей бір мұңлықты кезіктірген. Ағынан жарылса, «сынық жетім шал» деген былайғы қаңқу сөзден именді. Ә.Асқ.
СЫНАДАЙ ҚАДАЛДЫ
Жабысып алып, айрылмады. ~ Аузына дуа қонбаса да айтқаны келіп, Мешел бұдан соң оқуды да жарытқан жоқ. Ең қиыны, баладан ананың жылы құшағын айырып, жалғыз көздің екі араға суық сынадай қадалғаны. Қ.Ысқ. ~ Қайдан есіне түскенін білмейді, Қоспан ұмытып кеткен Қасболаттың сонау сөзі енді келіп екеуінің арасына сынадай қадалып тұрып алды. Т.Ахт.
СЫНЫҚ ЖҮЗ (ЖҮЗДІ)
Көңілсіз, жабырқау. ~ Он бес күн бойы боқ сыпырып, сақал-мұрты қаулап өсіп, жадап-жүдеп келіп отыр. Шашын сыпырып тастағасын тоқырайып қалған бас кісіні кескінсіздеу етіп көрсете ме, онсыз да сынық жүзінің сиқын кетіріп-ақ жіберіпті. Қ,Мұх. * Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Қ.Қази.
СЫНАДАЙ ҚЫСТЫРЫЛДЫ
Әлдебір іске орынсыз килікті, кірісті. ~ Жанұзақ оның сөзін елең құрлы да көрген жоқ. Жұмаш пен Баймырзаның арасында сынадай қыстырылып, отырып алды. Қ.Жұм. ~ Дегенмен қара мұрт өлермен адам. Қайдағы қиынға сынадай қыстырылып, ауыл атынан араласып, ылғи көзге түсіп жүреді. Ғ.Мүс. ~ Олар шүпірлесіп автобус жанында тұрып фотоға түсті. Ортада — Әдемі. Тәжен Ханзада мен Нұркүлдің арасына сынадай қыстырылып тұрып алып «Әй, мені крупный планмен ал» деп қарқ — қарқ күледі. Н.Сер.
СЫНЫҚ ИНЕ АЛМАДЫ
Дәнеме алмады. * Жаман іске ешқашан барғаным жоқ. Бос жатса сынық ине алғаным жоқ, Қанағат қылдым азды, талғамым тоқ. Ә.Қоянб. ~ Екеуі жата берді осы күйде, Қолына еркін тиіп қызық дүние. Істеген бұл жігіттің жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. БС. Мырқы батыр".
