Posted in

СЫНАДАЙ ҚЫСТЫРЫЛДЫ

Әлдебір іске орынсыз килікті, кірісті. ~ Жанұзақ оның сөзін елең құрлы да көрген жоқ. Жұмаш пен Баймырзаның арасында сынадай қыстырылып, отырып алды. Қ.Жұм. ~ Дегенмен қара мұрт өлермен адам. Қайдағы қиынға сынадай қыстырылып, ауыл атынан араласып, ылғи көзге түсіп жүреді. Ғ.Мүс. ~ Олар шүпірлесіп автобус жанында тұрып фотоға түсті. Ортада — Әдемі. Тәжен Ханзада мен Нұркүлдің арасына сынадай қыстырылып тұрып алып «Әй, мені крупный планмен ал» деп қарқ — қарқ күледі. Н.Сер.

Posted in

СЫНЫҚ ИНЕ АЛМАДЫ

Дәнеме алмады. * Жаман іске ешқашан барғаным жоқ. Бос жатса сынық ине алғаным жоқ, Қанағат қылдым азды, талғамым тоқ. Ә.Қоянб. ~ Екеуі жата берді осы күйде, Қолына еркін тиіп қызық дүние. Істеген бұл жігіттің жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. БС. Мырқы батыр".

Posted in

СЫНАЛАП КІРДІ

Қыстырылып, жігін тауып енді. * Ақандар да қақпаға ұмтылды. Мойындарын созып, көп адамдардың арасынан сыналап кіре алмай әлек. С.Жүн. * Шәуәли жапа-тармағай үймелеген жұрттың қай жерінен сыналап кірерін білмей ана машинаға бір, мына машинаға бір жүгірген алақтап. Т.Сәу. * Кең майданды түгел жапырмай, жігін тауып сыналап кіріп, қақыратып жарып өтуге құштар неміс командованиесіне қарсы бұл бір жақсы тәсіл еді. Т.Ахт. * Содан бері санасына сыздықтап, сыналап кіріп, үңгіп, үңірейтіп тастаған. С.Сағ. * Ән Абылайдың тұла бойына сыналап сіңіп барады. Қ.Түм. * Сыныққа сылтау таппай киліксең, көзіңе шұқитындар жаттан да, жақыннан да табылары анық. Сылтау болса, сыналап кіріп, сұғынып ену оңайдың оңайы. С.См. * Бүгін мен де Садыкемнің қойнықонышы толы сын- сықағына сыналап кірмей- ақ, … сатирасының бір де болса бірегей сипатын аңғартатын бірер сөз айтсам деп едім… З.Қаб.

Posted in

СЫНЫҚ ИНЕ ҚАЛДЫРМАДЫ

Түк қалдырмады. ~ Дүниесін бере берсін Хұршым танып, Бастырып екі арбаға тиеп салып. Сол үйден (ыстық) сынық ине, түк қалдырмай: Келіндер! — дейді — түгел жинап алып! М.Ж.Көп.

Posted in

СЫНАПТАЙ (СЫНАПША) СЫРҒЫДЫ

Қитұрқы тұрақсыздық туралы. ~ Немене, күмәнің бар ма? – деп мен оған қарсы сұрақ қойдым. ― Кім біледі сынаптай сырғыған дүние… – деп, Жолтай тағы да сары уайымға басты. Б.Тоғ. ~ Сынаптай сырғитын кеңестік сайқал саясат «жығылғанның басында, жылағанның қасында» табылғысы келетін қашаннан бергі үйреншікті қитұрқы әдетімен. Ж.Шәк. Жылдамдық сипаты ретінде де айтылады. ~ Су жаңа көлік сынаптай сырғыды: таңғы саф ауа жағымды-ақ тынысыңды аша түседі. Т.Ор. ~ Қызғылт жиектен қалың нөпір көрінді. «Бұ не, құдай-ау?» Жәзира таңдана қарай қалды. Алыстан әлгі сынаптай сырғыған қара желмая тәрізді. М.Сүн. ~ Ең алдымен, өзгелерден оқ бойы шығандап жалқы келе жатқан жүргіншінің астындағы керген төстіктей көк қасқа шұлғып тастап, сумаң-сумаң аяңдағанда өрлі-еңіске бірдей сынаптай сырғиды. К.Сег. * Сүрініп жығылмай, сынапша сырғып өкшелеп жеткен составқа соғылмай, әр қадамыңды санап басып, я асығыс, я жаңылыс баспай, он алты шақырым сапар шегу — сіңіріңді созады. Д.Дос. Жылжып барып, көрінбей кетті д.м. ~ Сынаптай сырғыған уақытпен бірге жасы да ұлғайып, қызметі де өсіп,мәртебесі жоғарылай берді. Д.Рам. * … қаудырлаған сулығының қыртыс-қыртысына іркілген жаңбыр суы сынаптай сырғып кетіп жатқанымен де ісі жоқ. Бүгежектеп, табалдырық аузында кебісін шеше алмай, аһлады-үһледі. М.Сүн. * Орта түс. Жолдың қақ жартысы есеп. Сәл ассаң, уақыт өрмектің жүзі ауып, бірсін-бірсін еңіске қарай еңкулеген күн ғұмыр көкжиекке қарай домалай жөнелер. Сөйте-сөйте сынаптай сырғып барып, түн түнегіне сіңіп жоғалар. Ү.Жәл.

Posted in

СЫНЫҚ ИНЕ, СЫДЫРЫМ ТАСПА (АЛМАДЫ)

Болмашы нәрсе (алмады). ~ Екеуі және жүрді зыр жүгіріп, Кез болды бір өзенге талай жүріп. Жарлы бала өзеннен балық алды, Таспаны бау, инені қармақ қылып. От жақты, балық пісті, тойып алды. Байбатша қуанғаннан әнге салды. «Сынық ине, сыдырым таспа» деген, Мирас боп кейінгіге сонан қалды. Шәк. ~ Бас қалқа — хан Абылай қой-қойлады, Дәулетбай Қосайды ертіп үйге салды. «Сынық ине, сыдырым таспа алман» деп, Түйесін өрістегі жия барды. Ағадан осылайша көңілі қалды, Түйенің үйге барар қомын салды. Жеті күн, жеті түнде үрдіс көшіп, Бойына Ащысудың жетіп барды. БС. "Қисса Ер Қабанбай".

Posted in

СЫНАПТАЙ БҰЗЫЛДЫ

Оқыс өзгерді, айнып қалды, қылт етті. ~ Қазір… бұл екі міндеттің қайсысының үдесінен шыққанын сараптау қиын. Мүмкін, Әлнұр Мұсаевтың сынаптай бұзылып, «Рахатты» сатып жіберуін, Австрия билігінің алдында кішкене болсын, Әлиев сүйкімділігінің кете бастауын — Сүлейменовтың көрінбейтін тірлігіне санауға болар. "Абай-информ". ~ Соңынан қарап тұрған Мұса бір сәт Балтабекпен жүрген жастық шағын еске алды. Ол бір дүние сынаптай бұзылып, теңіздей толқып тұрған кез еді. А.Алт.

Posted in

СЫНАПТАЙ ҚҰБЫЛДЫ

Оқтын-оқтын түр-түсін өзгертіп, қылмың қақты. ~ Бәлсінуін мұның, құртың қозып байсыраған күні мен болмасам да, өзге біреуге өзі-ақ соқтығарсың!» деп өкпелеп қалды, ойнап-күліп, әңгімелесіп жаймашуақ келе жатқан ханымның болымсыз іске бола қылт етіп сынаптай құбылып томсырая қалған мына түрін ұнатпай. Ш.Рах. ~ Құбылам сәт сайын сынаптай, Сезімім жатқан соң шыдатпай. Сағынышыма айналдың сен менің! Е.Өт.

Posted in

СЫНАПТАЙ ОЙНАҚШЫДЫ

Сан құбылды, сиқырланды. * Сұлу әйел дегенің электр шамына ұқсайтынына Белланың көзі сол арада жеткен: сынаптай ойнақшып, күміс сазандай бұлтылдап, ашылған гүлдей албырап тұрған қыз кенет қап-қара болып түтігіп шыға келсін. Ә.Тар.

Posted in

СЫМБЫЛБАЙ (СЫМБЫЛ) ДА ЖОҚ

Дәнеме жоқ, ештеңе де жоқ. ~ Масқара! Күмажнік түгілі, сымбылбай да жоқ. Алас ұрды. Қалтасын олай ақтарды, бұлай ақтарды. Қойын, қонышын сипалады. Түк жоқ. Көзінен жас шығып кетті. Ж.Айм. ~ Адам ауруын өзіне қабылдаған қамқор қара мысық не халде екенін білу үшін Өрен есікті ашып жіберді. Мысық түгіл сымбылбай да жоқ. Б.Қыд. ~ Бала берем саған деп, Сан әйелді емдедің. Күйсеуіңе болайын, Сен болсаң менің сенгенім. Жазылады деп ең, жазылмай Талайы өлді қаза боп, Өледі деп ең, жазылды, Талайы құлан таза боп. Бала түгіл, сымбыл жоқ, Бедеуге бала бермек ең, Бедеу қатын қалды ма Сен етегін көрмеген? Дулат Баб. ~ — Қақтанып отыратын отынға жарытып тастап едің!.. Он кубәметр төс тақтай сұрағаныма он жыл болды, сымбыл да жоқ! Қ.Ысқ. ~ Арасын екі ауылдың болжал етіп, Жеріме іздеп жүріп келмеп пе едім. Мен келсем жігіт түгіл сымбыл да жоқ, Соңыңнан іздеп жүріп өлмек пе едім? Т. Кәр.