Posted in

СЫҚЫЛЫҚ АТТЫ

Мәз болды, сылқ-сылқ күлді. * Кәмшат бөркінің үкісі ағарандап, шалбарлы, шоңқайма етікті сыйда бой, бұраң бел Хансұлу ақ тісі жарқырап күліп, төңірегін қоршап сықылык атқан жастарға әлсін-әлсін ұмтылып жүр. С.Елу. * — Өйдөйт деген-ай, тағы не айтасың? — Балапан ерсі көрді ме, сықылық атты. Н.Сер.

Posted in

СЫБЫРЛАҒАНДЫ ҚҰДАЙ ЕСТІМЕЙ МЕ

Түптеп келгенде ешнәрсе құпия болып қалмайды д.м. ~ Салған жеріңнен алып түспесек айып бізде, сала алмасаң кінә сенде! Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Ақмола алынбайтын күйде болса, оны ашып айт! І.Ес. ~ «Сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей жасырып жұмбақтар несі бар, деп Өміржан атынан түсіп, арбаға сүйене келіп үстіңгі бүркеулі текеметті қолымен қайыра көтерді. С.Бег. ~ Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, мұндай қолдың текке келе жатпағанын Еділ, Жайық бойындағы Маңғыт, Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жағалбайлы рулары бірден сезген. І.Ес.

Posted in

СЫЗ ЖАСТАНЫП, ҚИ ТӨСЕНДІ

Малшылық өмірдің қиындығы хақында. * Қысы- жазы малшылармен бірге сыз жастанып, қи төсеніп, қойдың құрттаған бақайына дейін бірге шұқыласып, жаны тыным таппайтын шаруаның торысы. Қ.Ысқ.

Posted in

СЫЛАҢ ЕТТІ

Бұлаңдап, әсемсіп, сиқырланып, оқыстан бой көрсетті. ~ Боз үйге ай сәулесі нұрын төгед, Шәпи қыз сәлем айтып, келсін деп ед. Шомылған айдын көлге аққудай боп, Бұраң бел сылаң етіп шыға келед. Балуан Шолақ. * Содан соң ертеректе, бала кезінде уақиға сылаң етіп есіне оралды. О.Бөк. * Бұлт астынан сылаң етіп ай шықты. Қ.Ысқ. * … үстінде қос етекті көйлегі бар, көйлектің сыртынан барқыт қамзол киген сұңғақ бойлы ақсұр қыз сылаң етіп кіріп келді. Ә.Әб. ~ Басыңнан бағың кетсе құда кетер, Айрылып ауыз тамыр жүдә кетер. Басыңа бақ айналып қайта қонса, Бәрі көп ор түлкідей сылаң етер! С.Бақ.

Posted in

СЫЗ ҚАБАҚ

Көңілінде қаяу бар, ренішті, мұңды. ~ … Алатаудың шыңдары да көрінбейді, сұрғылт тұман жұтып қойыпты. Дүниеде тұнжырап сыз қабақ көңілсіздік қана қалған, еңсе басып салбырап тұр. Т.Сәу. ~ Не де болса, уытын қайтарайын дегендей төр жақта кекірейіп отырған сыз қабақ Бәйімбет сыңар езуін Бүлк еткізіп: − Ендеше сен жаритын болдың. Орыстан тақым сыбағаны алдымен алатын сен едің ғой, − деді. Ә.Кек.

Posted in

СЫЛАҢ ЖҮРІС

Қылмыңдап, кербездене жүру. * Тоқ балтыры да, қыпша белі де сылаң жүрісінен білініп, мен мұндалап тұр. «Бәтір-ау, мынау тура біздің Жәзира сияқты ғой». М.Сүн.

Posted in

СЫЗ ӨТКІЗДІ

Кесір келтірді. ~ Осы екі ел ру басы жуандарының бір-біріне сыз өткізсем деген бақталасы, бақкүндестігінен және солардың екі елді бүлдірген мінезінен барып, ақыры, бір-біріне қатты ушыққан, қатты аңдысып шатасқан ел болатын. М.Әу. ~ … болыспен қабағы келіспей қырындап жүрген ауылдарға сыз өткізіп, жасқандырып, орайы келсе, тырнағын батырып, жаншыңқырап кетуге де ең епті, ең орайлы кісі Бақтығұл болды. М.Әу. ~ Шынында Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеберлік бар, әрі бір жағынан Семейдің үркек, шорқақ чиновниктерін айламен сыз өткізіп, "баспасөз жүзіне шығарамын" дегендей сескендіру де бар. М.Әу.

Posted in

СЫЛАҢ ҚАҚТЫ

Кербезденді, жайнаңдады, бұлаңдады. ~ Вахш ағып барады буырқанып, Жасыру жоқ бойымда сезімді анық. Сылаң қаққан қараймын бүлкіліне, Тау ішінде жүр едім көзім талып. К.Сал. * Наз, еркелі сұлудай сылаң қақты. Жағада күбірлеген мені байқап, Сылқылдап, келекелеп күліп жатты. М.Мақ. ~ Аңғартар алуан сырдың жайын кейін, Виканы сылаң қаққан қайың дейін. Маужыр түн пүліш түкті етек жайса, Айналып бақ кетуге Айым бейім. А.Әлім. * Қадиша анадайдан сылаң қағып ас үйге қарай өтіп кетті. Ө.Ахм. ~ Нұрлы күн шомылдырып шуақ төккен, Самал жел сыбырлайды құрақты өпкен. Сайларда сылқ-сылқ күліп сылаң қағып, Бұрымы тарқатылған бұлақ көктем. Т.Сәд.

Posted in

СЫЗ ТАРТТЫ

Өңінде ашу, зіл, пайда болды, сұстанды. * Жамбастап жатқан орнынан ырғала көтеріліп, Азнабай сыртқытоңы салмақты, етжеңді денесін обадай қадап алды да, сыз тартқан өңін жандайшабына бұрды. С.См. * Бекет үндеген жоқ. Бұл жауапқа өзінің даяр емес екенін сезіп те, мойындап та келеді. Жылы да болса Сиғаттың сыз тартқан жүзінен жасқанын, бұқпалап құтылғысы келген. Қ.Ысқ. Салқындады, суық түсті. * Әр жерде бір бозамдықтанған шамның жарығы еркін жетпей үңірейген казармаіші сыз тартып азынап тұр Т.Сәу. * … шәугім басын апанның шілде айларында да сыз тартып тұратын салқын топырағына салды … Ә.Нұрп. * … зіл кетпен әбден қажытып жібергендей көрінді де арық ішіне лақтырып тастап, шалғын үстіне отыра кетті. Шөп сыз тарта бастапты. Қ.Ысқ.