Мән болмайды. * Алшағыр басын шайқады. — Әй, білмеймін, білмеймін… Жетпіс жеті бабаңды тексеретін бала екенсің. Түбің шикі,— Бұл әңгімеден сүт шықпайтынын ұқты ма, кілт өзгерді. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҰҒЫ ҚАЙТТЫ
Көзінің зәрі қайтты. * Кәпір болмаса да солардың сойылын соғып, қазанынан қаспақ жегендер ғой. Сұғы қайтсын, адам түгілі үйге кірген жыланға да ақ тамызып шығаратын халықпыз, – деп күбірлесті әлдекімдер. Ж.Шәк.
СҮТІН АҚТАЙ АЛМАЙ КЕТТІ
Ерте өліп, ана алдындағы парызын орындай алмай кетті. ~ Сонсоң Ана жас төкті еңк-еңк етіп, еңкілдеп, Тәңіріні тұрлаусыз жан екенсің деп тілдеп, жететұғын жеріме жеткізбедің мені деп, еңіреп есті жел үдеп, жылады Ана еңіреп: "Құлыным-ай, сүтімді ақтай алмай кеттің", — деп. Ж.Нәж.
СҰҒЫ ӨТТІ
Көзі тиді. ~ Бір бүйірден қадалған сұғанақ көздердің сұғы өтті ме, бейтаныс қыз жаңа бұлардың жанынан өте бергенде әнтек қысылып, аяғын абыржи алғанда сусылдақ топырақ борап кеткен-ді. Ә.Нұрп. ~ Бұл домбыра қара жүрек, Хан қаһарын қайтарып, Хан да, би де өзі болып, Айтқан әділ шешімді. Содан көздің сұғы өтіп, Тартар беті тесілді. Ж.Аман.
СҮТІН КӨККЕ САУДЫ
Қатты назаланып, теріс батасын берді, қарғады. ~ Мырзабек жақындай бергенде кемпір жаулықты жұлып қолына алды. Екі бетке тырнақты салып жіберіп тіліп тастады. Мырзабек «апа, не болды? деуіне қарамай, омырауын жыртып жіберіп, тозған торсықтай екі емшегін шығарып алды да, көкке сауып: «Көк көкаршын, көкаршын, Көкке жаяр құлашын. Мені бүйтіп жылатқан, Мендей болып жыласын!» — деп дауыс қылып көшені басына көтерді. Сөзін «тумай кет, тумай кет, ақ сүтімнен садаға кет, кешпеймін ойбай, кешпеймін». «Тоғыз ай, он күн көтергем, Көтерген екем бекер мен! Сүйткен құлыным мынадай, Енді қалай етермін!» деп жылады ол. Екі емшегін қолына ұстап, сүтін көкке атқан кемпір, жалынған баласының сөзін құлағына ілмей бозарып талып кетті. С.Мұқ. ~ Қаламқас (мұңайып). Жер аударылайын деп жатқанда мен қалып, жара үстіне у болып төгілуімнің мәні қалай болады? Олардың белін сындырып, анамның ақ сүтін көкке сауғызып, кетпес кекті батасын қалай жүктеп қалам? Құлынын тепкен құландай жүректеріне мұз құйып, қалай қаңғытып жібере алам? Т.Жар. ~ — Ақ сүтін көкке сауып тілеген анаңның, сақалынан сорасы ағып еңіреп, намазға жығылып, құлшылық еткен әкеңнің тілеуін Хақ тағала шын берген екен. Тура сол Жәнібек шабарманнан айнымайсың. Бар мінез, бар қылығың сойып қаптағандай! С.Жүн.
СҰҒЫН ҚАДАДЫ
Ашкөзденіп, телміре қарады; сұқтанды. ~ Ол қостай қоймаған соң, әйеліне бұрылды. Гүлайым, бетіне қызылы теуіп бас изеді де, күйеуінің иығына басын сүйеп қойып Саттарға сұғын қадады. С.Ел. * Чернов деген Колчак генералының жер қайысқан көп әскері Орскіні алып, ендігі сұғын Ақтөбеге қадап, қазақ жеріне қалыңдап кіріп келе жатқаны рас», – деді. Ә.Нұрп. ~ Ол кептердің сүйкімді балапандарына сұғын қадап, «Үшеуінің сүйегі жас шеміршек қой, бұлардың еті қандай дәмді екен!» деп ойлап жүріпті. ҚЕ. * Қонаққа барғанда көз демекші, есіме ауылдағы бір досымның жеңгесі түсті. Сол жеңгейдің сүйегіне сіңген бір әдеті болды. Қай үйге барсын, танысын-танымасын ұры итше үй-ішін сыпыра тінтіп, дүние-мүккамалын түгелдеп, сұғын қадамай шықпаушы еді. Ж.Аязб. ~ Бірақ, бұ жолы іштей таңырқағаны бала күннен бірге өскен Ждақайдың, Хансұлуға еркексіп қарау миына да кіріп — шықпаған неменің енді кеп табан астынан сұғын қадай қалғаны еді… С.Ел. ~ Ашқан балы қате кетіп көрмеген, қырық бір құмалақтың тілін білетін, діні де жат хотын малшының әйелі Еркезаяның аузынан шыққан сөзге бұлар қашан да имандай сеніп, айтқанына көнетін, көнбесе киесі, қасиеті атар, қарғысы тиіп, сұғы қадалар деп қорқатын. Ш.Рах.
СҮТКЕ ТИГЕН КҮШІКТЕЙ
Өзін кінәлі сезініп, жалтаң қақты, жүні жығылды, сүмірейді. * Айдын Иванның тобында сүтке тиген күшіктей болып екі ай жүрді. Өзінен әлдеқайда күшті пысықайлар ортасында бетегеден биік, жусаннан аласа еді. С.Дос. * Су ағатын сайсаланың бәріне тор жайып шаңқылдап казак орыстың тұрысы анау. Шығыста қара бурадай шабынып қалың жоңғардың тұрысы мынау. Бәрінің ортасында өз қонысында өзі сүтке тиген күшіктей боп қазақ жүр. Ә.Нұрп. * — Тый көз жасыңды! — деді,- Мына Қанатымды бауырыңа ал. Өзіңе тапсырам, ана Көктаспаң сүтке тиген күшіктей ғып жүрмесін, Онда екі дүниеде ырза емеспін. Көкесінің сол сөзі есіне түссе ноқталы құлындай тыпыршиды. Н.Сер. ~ Қазақша білетін орысым әлгі қатынды ала көзімен атып жіберді. Сол-ақ екен, ол сүтке тиген күшіктей сүмірейіп бөлмеден шыға жөнелді. К.Қаз.
СҰЙЫҚ ЖҮРІС
Нәпсіқұмарлық, ойнастық, жеңіл жүріс. * Өз балам деп, Айкүмістің баласы деп ілгейсің көзіңе. Сұйық жүріске шатылған әйел, ердің қайсысы болсын баланы бала деп білер ме! Қор болмасын сол сәби… Ғ.Слан. * «Бетховен сазы жалаңаш сезімді оятады, жастардың сұйық жүріске түсуіне сеп, Шекспир пьесаларының желісі желбуаз өтірікке құрылған, таңдай қағып тамсанатын түгі жоқ, ортақол ғана жазғыш». Мәс — саған! Д.Досж. * Бексұлтан бастық болғалы Назеркенің сұйық жүрісі тым жиілеп кетті. С.Дос. * Нәресте шала туып, шетінеді. Содан кейін мұның сұйық жүрісінен секем алған әйелдер сырт айналды. Есесіне еркектер айналшықтайтын болды. Талай құрсақ көтерді. Ү.Жәл. ~ Анау жазығы жоқ сәбиді көзіңнен таса қыла көрме! Өз балам деп, Айкүмістің баласы деп ілгейсің көзіңе. Сұйық жүріске шатылған әйел, ердің қайсысы болсын баланы бала деп білер ме! Ғ.Слан. ~ Көрінбей өз жайына жүріп кетті, ондай сұйық жүріске өзі де епті. Жігіт болсаң, әнеки, осындай бол, Түн болған соң Бануды алып кетті. БС (89 Т.)
СҮТКЕ ТОЙҒАН МАРҚАДАЙ (ҚОЗЫДАЙ)
Тойып алып, маужырап, монтиып ұйықтап жатқан марқа секілді. ~ Бүктетіліп жатқан бел Сүтке тойған марқадай. Бұйра қою қарағай Белге біткен шалқалай. Су жеп қойған жұмыр тас Түйір-түйір малтадай. Арнада өзен қылықты Қылмаңдаған қалқадай. М.Жұм. ~ Көрген сайын Жәкеңді Күліп қайттым жадырап, Сүтке тойған қозыдай Бөгіп қайттым маужырап. Кенен. ~ Сол Көбейсін жасында өте сүйкімді, өзінің былдырлаған балдай тәтті тіліне кімді де болса күлдірмей қоймайтын, шашы тас бұйра. Сүтке тойған қозыдай томпиған бала болды. Ү.Жәл.
СҰҚ КӨЗ ҚАДАЛДЫ
Сұқтана, тіміскілей, ішіп-жей қараған адамның көзқарасы. ~ Жұрттың сұқ көзі ылғи маған қадалатын сияқты, кейбір әйелдердің соңымнан сыбырласып қалып жатқандарын көріп, кірерге тесік таппай, жүрісімнен жаңылам. Т.Ахт. ~ Жуынып болып, сүртініп жатқанмын, кенет ту сыртымнан сұқ көздің қадалып тұрғанын сезіп, селт ете қалғанмын. З.Нұрт.
