Posted in

СҮЙЕГІ СЫРҚЫРАДЫ

Жаны ауырды, тұла бойы тітіренді. ~ Байбөрі осылай деп жүрді жылап, Құдайдан күні-түні бала сұрап. Сүйегі сырқырайды Байбөріге, Бұл сөзді есіткен жан салып құлақ. "Алпамыс батыр". ~ Бұның үй ішімен ботадай боздап, бейіт басында да қатты күңіреніп жылағанын көргенде, тірі жанның бәрінің сай-сүйегі сырқыраған. М.Әу.

Posted in

СҮЙЕГІН АРШЫДЫ

Абыройын сақтап қалды. ~ Жігіт екесің, шырағым… Бұл барлық қазақтың елдігіне тиетін, намысына шабатын жұмысы. Не сүйегін аршитын, не сүйегіне тағы бір қара таңба басатын жұмыс… Ғ.Мүс.

Posted in

СҮЙЕГІН КЕМІРДІ

Ішін удай ашытты, жүрегін ауыртты. ~ Әсіресе,«қол қусырып үйренген құлсың ғой, кепкен көніңді жібіт» дегені сүйегін кеміріп барады. Ж.Шәк. ~ Мең-зең денесі жеңілейіп барады. Көз алдында көлкештеп тұрып алған соқыр тұман ашылайын дегендей. Тартулы жақтай сіресіп тұрған кәрі жүйкесі жұмсарып барады. Еңірей төгілген зарлы саз сай сүйегін сал-сал кеміріп ала жөнелгені. Ә.Кек.

Posted in

СҮЙЕГІ БОС

Жасық, жуас, болбыр. ~ Енді қолында Күлбадан, Райқан деген екі қыз, Ғабдрахыман, Мағауия деген екі ұл. Олардың алды тоғыз жаста, арты бес жаста. Жаратылысында сүйегі бостау Ділдә бала басты болып, тез қартаюға айналған. Бетіне айғызданып ажым түсіп саркідір қатын болған. Әрх.Кәк.

Posted in

СҮЙЕГІН ҚОРЛАДЫ

Ата-тегін қорлайтын іс істеді, намысын аяққа басты. ~ Бұл, елін сатып, құлқын қуып кетіп бара жатқан жүрісімен, барлық істелген ірі істі былғағандай. Сол ниет жолында өлген ел азаматтарының сүйегін қорлағандай еді. М.Әу. ~ Зираттың күнгей қабырғасында осы төңіректегі орман тағысы сүйгенінің сүйегін қорлап тұрғанын ол әлі сезетін емес. Қайдан сезсін – бұл аң емес, адам ғой… Адам. А.Алт. ~ Мұндағы ойлары – қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да себептері бар. І.Ес. ~ Бұған дейін Сыбан – Рабтан басқа жұртқа көз қылып, "ағамның сүйегін қорлатпаймын. Қытайға бере алмаймын" дегенмен келіп еді. С.См.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАБЫРҚАДЫ

~ «Аздықтың қасіреті осы екен»,- деп, Айрылып ақылынан, қалды сасып. Қалмақтың зорлығына шыдай алмай, Сүйегі жабырқады жаман жасып. Жіберді тарту қылып тоғыз адам, «Қамбарға қайтыңдар,- деп,- амандасып». "Қамбар батыр".

Posted in

СҮЙЕГІН СҰРАДЫ

Шыққан тегін сұрады. ~ Жарылқасын өзіне бейтаныс, жылы жүзді келіншектен жөн сұрап, арғы беттен келгенін ұққан соң, жақын тартып, талай әңгімені үлкен ынтамен тыңдады. Сүйегін сұрап, арғы- бергі тегін ұқты. Т.Рыс.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАМАН

Негізі, шыққан тегі нашар. ~ Рас жаман сол болар, Өзге адамды қор көрер, Сонда білер жаманың, Жан шығара келген соң. Білгендердің айтқаны Көкірегіне кірмейді, Өз пайдасын білмейді, Сүйегі жаман болған соң. Дул. Баб.

Posted in

СҮЙЕГІН СЫНДЫРДЫ

Қорлады, намысына тиді. ~ Апырым-ау бұл кіммен жүр? Кім менің маңдайымды басатын? Қара қазақ қатынымның қойнына бармақ түгіл, жаман ниетпен қорамның шетінен жүрді ме? Менің сүйегімді сындырып, басымды қорлайтын осы қаңғырған ноғай болып па екен? Мен осы шақша бас ноғайға оп-оңай болыппын ба? І.Жанс. ~ Қарайтып хан басымды итіме исем, Аузыма тас толмай ма мұны сүйсем. Сұлтандай сүйегімді сындырмаспын! Өзіме өз ауруым, жансам-күйсем… І.Жан. ~ Өзі солқылдап тұрған ағашты сүйкеніп құлаттың. «Жігітің анау ма, өз басын жөндеп алып жүре алмайтын дәлдүш. Өйтіп сүйекті сындырма!» деді. Т.Сәу.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАРЫЛДЫ

Бала көтерді. ~ Әйел әңгімені судай сапырып отыр. Күйеуінен ерте қалғанын да айтып көз жасын сығып алды. Әйтеуір, артында ұлы қалды. Мұның сүйегі жарылды. Пұшпағы қанады. Қубас емес. Ана деген аты бар. Ана болмаған ұрғашыдан өткен бақытсыздық жоқ ұрғашыға. Н.Дәут.