Posted in

СӨЗДІҢ ТҮБІН ТҮСІРЕДІ

Сөйлеген сөзінің қисынын келтіріп айтатын сөзуар адам туралы. ~ Әмен сөздің түбін түсіріп, тепсініп сөйледі. Қолындағы билікті қалай пайдалану керегін білетін адамның сөзін естіп, Иса бұдан әрі оның іскерлігін мойындап, үндемеді. А.Жақс. ~ Оның киген қызыл қаңылтыр таққан солдаттың шошақ бөркін ана сирақты Күзеубайдың Оразғалиы да киіп келген. Жүр ғой, не айтып, не қойғанын білмейді десе сол кезде кедей-батырақтан советті арқаланып атқа мінгендерді қорлайтын сөздің түбін түсіре айтысып жатты. С.Бег. ~ Ол өзінен ығып қана үндемейтін әйелінің басқа жерлерде сөздің түбін түсіретінін, қилы-қилы құбылтып, қиялын шынға бергісіздей жеткізіп жүргенінен бейхабар. Б.Тлен.

Posted in

СӨЗІ ПЫШЫРАДЫ

Сөзінің қиюы кетіп, мәні жоғалды. * Түрік құлақ отағасы тек тиыштықты айтты. Әшірбек суыққа тіпті осал екен. Беті талақша көгеріп, қиюы қашқан аузынан сөзі пышырай шығады. Ғ.Мұст. * Шай құйып отырған бәйбіше аузын кемсеңдетіп, орамалмен көзін сүртті. Тістері әлі қаладай болса да, сөздер пышырап шықты. Ғ.Мұст. * Жаңағылардың жымсыма жылым тірлігі бұларға жұғып кетті ме, екеуінің сөзі сетінеп, пышырай бастады, араны өңез салқындық кеулегендей. М.Қаб.

Posted in

СӨЗДІҢ ШЫНЫ (КЕРЕК)

Турасын айтсақ д.м. * Сөздің шыны, әйтеуір амалдап болса да ағайынға бір еркелік етіп, соны қолға түсірсек, Мұрыншақ көңілінің жыртығы болса жамала жатар деген аптықпен ес таппай, аяқты ағат басып қалдым. Ж.Ахм. ~ Сөздің шыны керек, қашанда КПСС жиынына ұқсап кететін «Нұр Отанның» бұл бас қосуы қызықтырды. БАҚ. ~ Болған шығар. Сөздің шыны керек, көбісі достықтың туын ұстаған достар емес, саусаққа қысқан стақан достар болды-ау, шамасы. … деп күйінбес еді … Х.Есенқ. ~ Сөздің шыны керек, қазақ тілін үйренгісі келіп жүргендер өте аз. Өзге ұлт өкілдері «өз ана тілін білмейтін қазақтар бар ғой» дегенді айтып, жайбарақат күн кешуде. А.Ерк.

Posted in

СӨЗІ СҮЙЕКТЕН ӨТЕДІ

Тілі өткір, ауыр, айтқан сөздері жүреккке тиеді. ~ Өй, жалмауыз, әкеңді бір, шешеңді екі жұттың. Енді келіп бізді құрттың! — деп долданып шыға келеді. Тілі ащы-ақ. Сөзі сүйектен өтіп, айқайы төбе шашты тік тұрғызады. Ү.Жәл. ~ Уай, жұртым– ау! Көрнеу көзге зарлатып қоясыңдар ма осылай. Қорлықты Сүйменқұлдан көрдім ғой! Қолы етіме, сөзі сүйегімнен өтті ғой! Халқым– ау, қайдасың? С.См. ~ Тауман сөзі сүйегінен өтсе де қолбасы шыдап бақты. Шыдамасқа лаж жоқ. С.Дос.

Posted in

СӨЗІ (ЖАНҒА) БАТТЫ

Біреудің айтқаны шымбайына батты, жанына тиді. ~ Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер, Қарамай қатты сөйле өлгеніме. Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті, Қаптағай Аталықта жүргенімде. Біржан сал. * — Сол сөз сізден гөрі маған батты. Оқысаң да өз еліңді білмейсің, басқаны қалай білесің? — деген сияқты. Ғ.Мұст. ~ Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты, Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты. Қайырусыз, қағусыз өскен басым, Бұлқындым шу асаудай мойны қатты. Шәк. ~ Ақын Сара ардақты көзі дейін, Ұлбике, Ырыстының сөзі дейін. Мен артық айтпаған ем сұлу сөзді, Шымбайыма шын батты сұлу сөзі. Ш.Айт.

Posted in

СӨЗІ СҰЙЫЛЫП БАРАДЫ

Әңгімесінің мәні кетті. ~ Қалтасында бір тиыны жоқ әдетіне дейін аңғал-саңғал жатақханалық жігіт. Күн асқан сайын сөзі сұйылып барады. Үйленемін, бас құраймын дейді, сөз байласып жүрген шөпжелкесі жоқ. М.Қаб.

Posted in

СӨЗІ АЛТЫ БАТПАН АУЫР

Айтқан сөзінде зіл бар. ~ Әйтеуір жазғаным қазақша екен-ау деген көңілде медет бар, әйтпесе халім мүшкіл еді. Ғабекең босқа шашылмайтын, не айтса да сөзі алты батпан ауыр, тыңдаушының құлағына емес, көкейіне дық ете қалатын. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨЗІ ТЕҢДЕС

Сөзінің салмағы, құны, деңгейі өзіне сай; өнері, таланты қатарлас. * Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері, Іздеген келіп тұрмын Біржан сері, Жолықпай сөзі өктемді жүрген шығар, Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері. "Біржан-Сара". ~ Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері, Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын Арғынның Алтай-Қарпық ақтан кері. Біржан сал.

Posted in

СӨЗІ БІР ЖЕРДЕН ШЫҚТЫ

Айтқандары бірізді болып шықты. * Бір-бірінің орнын ерекше ұқты. Әлиханды серке деп мойындады. Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар сөзі бір жерден шықты. Р.Нұрғ.

Posted in

СӨЗІ ТҮЙЕДЕН ТҮСКЕНДЕЙ

Орынсыз, ожар айтылған сөз туралы. ~ Сөзі түйеден түскендей, Боқаңа бұйрық есебінде айтылып жатқан бір сөз… Бұдан он жыл бұрын Боқаң Құсайынның жылқысын бағып жүрген кезде мұндай сөзді естісе орынды еді. Б.Май. ~ Сапарлас көрші сөзі әзіл болса да түйеден түскендей тым ірі секілді. Айталық, таныспай жатып «құлағым керең болсын» деп қарғанудың не керегі бар? Содан ба, Бағдан іркіліп қалды. С.Шәй. ~ Аты затына – сай, Жүйрік десе – жүйрік, шашасына шаң жұқпас нағыздың өзі ме, сызып жүрісі білінбейді. Сөзі түйеден түскендей тегі. Д.Дос.