Posted in

СӨГІС АЛДЫ

Қатты кінәланып, айыптау сөз, ескерту естіді. ~ Оның үстіне газетке қажетті материалды уағында дайындап бере алмағаным үшін сөгіс алдым. Бұл жолы ауызша. Бірақ сөгістің аты сөгіс. М.Мағ. ~ Ол тосылды. Мен қатаң сөгіс алып, комсомол қатарында қалдым. Н.Сер. ~ Қуат рульге отырғанда еліріп кетеді, машинасын жын қуғандай безілдете жөнеледі, сол мінезінің "арқасында" талай рет сөгіс те алғаны бар. Ә.Тар.

Posted in

СӨГІС БЕРДІ

Қатаң ескерту жасады, жер-жебіріне жетіп ұрысты. ~ Аз да болса біздің қарнымыздың тоқ болғанын, ауылдың аяғынан тұрғанын ойлады ғой. Сол үшін сөгіс берді, басқа ауылға ауыстырып отыр… Ә.Әл. ~ Жеті ай бойы Отырарды қамап, көп шығынға ұшырағаны үшін Жошыға қатаң сөгіс беріп, қолбасылыққа оның орнына Угедейді тағайындау себебі де осыдан. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨГІС ЕСТІДІ

Әлдебір айыбы үшін жазғыру естіді, ескерту алды. ~ Басқалар ұрыса берсін, ұра берсін. Ал бірақ Зиба әпкемнен сөгіс естісем – зор жаза. Ш.Мұр. ~ Мұрны, екі бетінің ұшы күрең қызыл боп бөртіп кеткен. Әнеугі, Қодарстан басында ұйықтаған күні, арақ ішкені үшін жолдастарынан сөгіс еститін осы сабаз екен ғой. Ә.Тар. ~ Сөгісті Сафуан ағамыз естігенмен, құйрығын ыстық таба қарып бара жатқандай Амантай қипақтап отыра алмады. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨГІС ЖАРИЯЛАДЫ

Ресми түрде ескерту айтты. ~ Ротаны сапқа тұрғызып қойып генерал Нерченко (бұрынғы Кремльдің әскери училищесінің начальнигі) полковник Андреевке сөгіс жариялады, біздің майорға ескерту жасады. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨГІС ЖОҚ

Не істесе де болады, ешкім айыптамайды д.м. ~ Есер шіркін есіріп, Болып алды тым тантық. Көш бойы жұрт қасында, Өзгеменен жұмыс жоқ. Атты теуіп, адамды Тістесе де сөгіс жоқ. Абай. ~ Жоқтау жыры осылай аяқталғанда, Құрман қажыдай бірадар сопылар, Сымайылдай үлкендер әлдебір қарттық уайыммен көздеріне жас алып, егіліп жылап отыр еді. Сымайылға сөгіс жоқ, кәрілігі жеткен, қазалы, қам көңіл адам. Қ.Жұм. ~ – Басқа бір мәдениетті жұрттың өкілі болса, аймақтың әміршісіне «ұлы мәртебелім» деп сөйлесер еді. Сіздерге сөгіс жоқ қой бірақ… Қ.Жұм.

Posted in

СӨДЕГЕЙ-СОЛПЫ АДАМ

Қалай болса солай, бос тентіреп жүретін, іс-әрекеті сөлекет адам туралы. ~ Әлде, бар назарын малға салып, ары-бері жүрген сөдегей-солпы адамға онша ден қоймай ма, сөлбірейіп келе жатқан ұлына, әйтеуір, көңіл аудармады. Ә.Ыб. ~ Аудан әкімі елді қойша иіріп алып, кімде- кім бандылардың жақындарын, сөдегей- солпы адамдарды үйіне жасаса ауыр жазаға тартылатынын айтты. Т.Рыс.

Posted in

СӨДЕГЕЙ ЖҮРІС

Жөн-жосықсыз, бейсауат жүріс. ~ — Сол тұспен шекараға қашатындар бар. Жақында сондай сөдегей жүрістен екі қашқын ұсталды. Ұтыдағы әскерлерден сол жақтағы шеткері төбелерге, Ұланбұлаққа қарауыл қойылатын болыпты. Қ.Шабд. ~ Сол Өтеген қоңыр күзде, таңға жуық таң асырған атын көше бойындағы алсын көгалға отқа қойып жүріп, Жұмабектің қызы мен Жолдыбайдың алма бақшасының арасынан бірге шыққанын көзі шалып қалады. Ішінде иіріліп жылан жатқандай, уыттанып жүрген Өтеген, қарсыласының сөдегей жүрісін құрақ көрпедей күлдібадам түр шығарып, жалпақ елге жайып жібереген. Т.Рыск. ~ Таңғы шайымды ішіп бола бере үйге ентігіп кірген баланың сөдегей жүрісі үйдегілерді елең еткізді. Мен қылп ете қалдым. Е.Мәт. ~ Ақыры сол құйындай ұйытқыған зымыран зардаптардың бірі әдепкі раундтың соңғы сәттерінде сөде-гей жүріс, сөлекет қимылдан аса ал-маған Доминикті жазық жерде жалп еткізіп, баудай домалатып түсірді. С.Пір. ~ Ішінде иіріліп жылан жатқандай, уыттанып жүрген Өтеген, қарсыласының сөдегей жүрісін құрақ көрпедей күлдібадам түр шығарып, жалпақ елге жайып жібереген. Т.Рыс.

Posted in

СОРТАҢНАН КЕЛГЕН СИЫРДАЙ ОПТЫҚТЫ

Жанын салып қармады. ~ Қартқожа орнынан бір-екі рет ұмтылып еді, қолына еш нәрсе түсіре алмады. Ұрымтал жердегі озбырлар жұлып әкетті. Әйтеуір Имақанның қолындағы сүбеден қармаулырақ төрт-бес алып жіберді. Күні бойы қымыз ішіп, алысып-жұлысып, шабыттанып отырған жігіттер сортаңнан келген сиырдай оптығып, қырып барады. Ж.Айм.

Posted in

СӨДЕГЕЙ ЖҮРІСТІ (АДАМ)

Бейсауат, күдік тудыратын суыт жүрісті адам. ~ — Құдай сақтайды ғой… — Сөдегей жүрісті, бөгде біреуді көрмесін де. Көзі түссе, саққұлақ машкерлер- ақ ұстап береді оны. Т.Рыс. ~ Сөдегей жүрісті адам, әрине, күндіз жүрмейді, апақ– сапақ кешкі ымыртты бетке алады. Ақшам үйіріліп, көз байланар шақта тосқауылда жатқандар талдың арасынан шығып, енді жарқабақтың астындағы көпірдің дәл аузына келіп тұрды. Қ.Жұм.