Posted in

СОРАЙҒАН СОҚА БАСЫ

Жалғыз өзі; қара басы. * Ал менің сүйеніш болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Ә.Нұрш. * Жұрттың бәріне сөйте ме екен, әлде тек мені ғана басына ма екен? Басы бос, ешкімі жоқ, сорайған соқа басы деп басынатын шығар. Қ.Түм.

Posted in

СОҢЫНА ШЫРАҚ (ЖАРЫҚ) АЛЫП ТҮСТІ

Қыр соңына түсіп, қудалады; басқан ізін аңдыды. * Болыс он бес күннен бері тыныштық алған жоқ. Әлі де Бақтығұлдың соңына шам алып түскендей болып келеді. М.Әу. * Яғни, адамзаттың досы — біздің соңымызға шырақ алып түскен үшінші бөлім екен ғой. М.Мағ. ~ Біреулер әлдебір себептермен шырақ алып соңына түскенде, көтере алмады. Жүрегіне жара салынды. Ең жақсы көретін ұлынан айырылды. М.Байғ. * Тани кетті. Мынау, апырау, өзі ғой. Баяғыда соңына шырақ алып түскен дұшпандарынан жасырынып, тау ішінде Касар мергенге еріп қашып-пысып жүргенде тап осындай еді ғой. Ә.Кек.* Биыл салықтан 50 қарасын жасырып қалды. Әрқайсысына айтып түсіндіріп жүріп, ауылнайға протокол істетіп, сотқа беріп едім, ақырында Құдайберген деген өтірік куә болып, жазасын жеңілтіп жіберді. Енді соның өшін алу үшін осы күні менің соңыма жарық алып түсіп жүр. Бүкіл елді қарсы қылуға айналып барады. Б.Майл. ~ Амантайдағы жағдай күннен- күнге қиындап барады. Аудандық милиция начальнигі болып, Амантай қазақ, болысының бұрынғы тілмәші, қаныпезер Егор Язов қойылған. Көрінеу тарпа бас салмағандарымен біздің соңымызға жарық алып түскен. С.Ом.

Posted in

СОРҒА МАЛТЫҚТЫРДЫ

Кесірін тигізді, кесапатқа ұшыратты, сорлатты. ~ Б а з а р б а й. Бірақ сен Шерниязға артық көріп Тимексің мені сорға малтықтырып, Жаныма со бір жерін қатты батат, Қаншама жұбатсаң да айтып тұрып. Ж.Айм.

Posted in

СОҢЫНАН ЕРДІ

Ізін басты, артынан жүрді, ісін жалғастырды. * Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Ж.Айм. * Сонда соңына ерген шуылдақ тобырдың аузында да, көзінде де бір өзі жеке тұрарын білген. Ә.Нұрп. * Оның соңына ерген жалғыз қарындасының аты Фитна болатын. М.б.Т.

Posted in

СОРҒА ШОҢҚАЙТТЫ

Алдап, қорлап кетті. * «Ім-м!» – деді Сүгір бай ауылдардың басты адамдарын көргенде. – Мені табалап, сорға шоңқайтып кетпек қой!» Т.Әл.

Posted in

СОПА БАСЫ

Жалғыздан жалғыз, жеке өзі. ~ Мүмкін, жапан түзде қаңғырып кеткен қосағының сопа басы тентіреп жалғыз қаларын ойлап армандаған болар? Ғ.Біл. ~ Сонан кейін де бұл сабазың қала жақта бір байға тиіп қайтты. Бүтін бір жылдай ма, әлде бір қыс пен бір көктем бе, әйтеуір бұл жолы баласыз сопа басы қайтып келді. М.Қан.

Posted in

СОПАҚ АСТАУ ТАП БОЛДЫ

Кесір кездесті. ~ Қазақтың ежелгі ата мекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласын, сар даласын Жоңғар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, ақ жорға борасын, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүние жүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қатты боран бірде-бір толастамады. Жау шауып сорлаған елге сопақ астау тап болды. Жығылған үстіне жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы, шөп жетпей, мың-мыңдап қырылды… Жоңғарлар бар табысынан айрылды. Ал қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды. І.Ес.

Posted in

СОРЛЫҒА ТОҚПАҚ

Жолы болмас жоқ жерден таяқ жейді. ~ Қойға бір, қойшыға бір қарайды. Әйел дейін десе басында тымақ. Ол тағы бір тап берсе, мына отардан түп-түгел айырылуы мүмкін. Бұрынғы он жылының үстіне шімірікпестен қосып келіп жіберуден тайынбайды мұнда. Сорлыға — тоқпақ деген сол. Осы ой келгенде, жаңағы тәтті қиялдан түк те қалмай ұшты да кетті. К.Қаз.

Posted in

СОПАҢ ЕТТІ

Оқыстан бой көрсетті, шыға келді. ~Түрім осы. Бір қолымда қаңғырлаған бос шелек, екінші қолымда сабын, ысқырып өлең айтып, ағаштың қалың арасынан өзен бойына сопаң етіп, шыға келдім. Б.Соқп. ~ Нәзира әпкем оларды таптұйнақтай ғып буды да төмен қарай домалатып жібердік. Табанға түскен соң өзді- өзіміздің тобылғымызды арқалай бастағанбыз, ауыл жақтан қылтадан сопаң етіп Тоқтар шыға келді. С.Мұр. ~ Басы судан сопаң етіп, көзін ашса, жаңа әзірде бір орнында қалқып тұрған дүние ағыс бойлап, жылжып барады екен. Жаны қалмай ұмтылды. Анау жеткізбейді. Н.Дәу.