Көз жасын тыйып, өксігін басты. * Аруана жағадағы шоқ талдың түбіне жетіп, солығын басты. С.Дос. * Бірталай уақыт өткенде барып, Айкүміс солығын басып, баланы жүрегіне қысқан күйде, орындыққа отыра кетті де … Ғ.Слан. * – Апам, жаман, – дейді оның жанында әлі де іштей солығын баса алмай отырған қара бала. Д.Әш. * Көрпесін атасы жапты. Жылағанын қойғанмен, бала көпке дейін солығын баса алмады. Т.Нұрм. * Жалпақ жазиралы даланы еркін кезген қиялшыл бозбаланың кеудесі де солығы басылып, қайыра ұйқыға кеткен жанартаудай болады. С.Сағ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СОҢҒЫ ӘЗІРДЕ
Кейінгі уақытта. * Анау әр ауырған сайын күйіп-пісетін. Жайбарақат, сабыр сақтап жүргені – соңғы әзірде. Нақ сол жолы тіпті немқұрайды қараған тәрізденді. Ж.Нәж. ~ Рас, «Ештен де кеш жақсының» игілігін Сафуан да аз игеріп жүрген жоқ. Бәлкім «Ағалар алақанының» шарапаты шығар, соңғы әзірде десеңіз де, ақыры осы кітап үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы да берілді. Сафуан, Тахауиларды халық өз жазушымыз деп танығалы қашан.. Х.Ерғ. ~ Қыз отауын осындай қалың тобыр, сумаң тіл, сұқ көзден қағыс ұстауға қосқан әміршінің өз ләмі еді. Кербез де әке ұйғарымына дән риза-тын. Өзін тұтқын сезінгені — соңғы әзірде. Бас жылқышыға көңілі ауғалы ғана. Ж.Нәж.
СОМ АЛТЫНДАЙ
Ас құнды, қымбат. ~ Бүркіт өз ойынан өзі тағы да шошынды. «Қасиетін мәңгі жоғалтпас сом алтындай, жер бетіне сирек келетін осынау өзгеше жаратылған дарын күш расымен өлексе күткен қара қарға — дағдарыстың жемі болмақ па. І.Ес. ~ Қазақтың қай тарихын да аңыздар мен әңгімелер толқыны басып кеткен. Бірақ, сол аңыз-әңгіме өзегінде сом алтындай жарқырап тарихи ақиқат жатады. Әрбір мысалдан тарихи дерек көрініп тұрады. Б.Қой.
СОҢҒЫ НҮКТЕСІН ҚОЙДЫ
Әлдебір мәселені, жұмысты тәмам қылды. ~ Кейіннен, Жабайы Батысты игеріп бағындыруға келген басқыншылар жаңа қырғын бастап, бизондардың тарихының соңғы нүктесін қойды. Т.Әс. ~ "Горио әкей" романының соңғы нүктесін қойғаннан соң 35 жастағы Оноре де Бальзак осылайша еңіреп–есеңгіреп, делқұлы, беяапар күйге түсіпті. Ж.Аяз. ~ Қыз дәуренінің соңғы нүктесі қойылғандай сезе ме, әпкем булыға жылады. Жар–жарға ұқсас бір әнді созып жылайды. Б.Мом. ~ Кесік бас «жүз жыл көрмеде тұрса да бұзылмастай» ысталып болған соң Жа– лама туралы жалпақ моңғол жұртына таралған аңыз– лақаптың соңына нүкте қойылады. Т.Жұрт.
СОМ АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ
Шыққан тегі асыл д.м. ~ Ата тегі мұндағы — Орта жүздің ұлығы; Ана тегі ондағы — Өзен судың тұнығы. Екі асылдан қосылған Сом алтынның сынығы. Абай. ~ Сен сүйегі асыл тұқымның, туған жерін таппай тынбайтын тұлпардың тұяғысың. Сондай бір сом алтынның сынығы бола тұра, бұл қай тұралауың. Жағаласқан жауыңа көз жасыңды көрсеткенше көрге кір. Сүйекке таңба салма. С.Дос. ~ … түкті кеудесіне әйел суретінен жасалған алтын салпыншақ таққан, машина кілттерін салатын шығыршығының өзі Бостандық статуясының сымбатынан сылып жасалғандай – ол да сом алтынның сынығы. К.Мыр.
СОҢҒЫ САПАР
Ақырғы жол, соңғы аттанысы. ~ Әйгерім- апаның ажарын көзбен көру, Тұрағұл- ағаның тілегіне тілек қосу, Кәмила қыздың қылығына қызығу, қызығына ұмсыну… Осы тұтанулардың бәрі Қасымбекпен бірге шыққан соңғы сапарда басталған. З.Қаб. ~ -Жүрегім сезеді. Бұл менің туған жерге соңғы сапарым. Бәлкім, Алмытағыа қайтып жете алмаспын. -Жаман ойлама, жаным! С.Дос. ~ Бірақ бұл сапар жолы менің КамАЗ-бенен жүрген соңғы сапарым екенін әзірге білген жоқ едім. (БАҚ)
СОМ БІЛЕК (БІЛЕКТІ)
Қайраты мол, күшті, мығым. * Аты кержақ демесең, обалы кәне, шаруаның адамы. Анау аюдай дене, сом білек, күсті алақан тек еңбек үшін жаралған. Қ.Ысқ. ~ Сол бір сом білектер баяғы бесжылдықтар тұсындағыдай, жеңістердің соңғы жеті жылдығын да күн астына күмбез етіп көтерді. Х.Ерғ. ~ Бұл келгенде Төбелес ауылының соқталдай, сом білек жігіттері жұмысты еңсеріп, балшық толы қалыптарды тізілтіп тастапты. А.Жақс. ~ Сом білек, сұм айлаға қарсы қылар дәрмені сарқылып, мысы құрыды. Иліктіріп, мәжбүрлеп әкетіп барады. Н.Сам. ~ Бас пайдасы кірмейтін түсіне де, Ұлымын Амангелді сарбазының. Әбдірахман — сарбаз әкем сом білекті, Сардарға еріп соғыста ерлік етті. Көтеріліске қатысқан бастан-аяқ, Кісі еді батыл, қайсар, ер жүректі! Ж.Сом. ~ Не бір апай төс сом білек тақымкештердің қолын қарыстырып, қарсыласының атын шөкелеткені аздай-ақ, енді бұған Бейіс жар- масқан. Ө.Кәр.
СОҢҒЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ (ШЫҒАРДЫ, АТТАНДЫРДЫ)
Салт-ғұрыпқа сай жерледі, ақтық сапарға аттандырды. ~ Аппақ қардың арасына сіңіп, бірте- бірте ұзап, көзден тасаланған бейнені ол ең соңғы сапарға шығарып салғандай көңілінде күдіктің шоғы жылтырады. О.Бөк. ~ Соңғы сапарға шығарып салар алдында жататын жерін өз көзімен көргісі келді ме екен, білмеймін. Күн болса жалама аяз, қара суық. Ақпанның он екісі ғой. Қыстың нағыз қаһарына мінетін кезі. Ү.Жәл. ~ Мылтықбай да тапанша асынып жүргенге құмар»‚ деп қалды. Сол Мылтықбай әкесін соңғы сапарға шығарып бара жатқанда мәйіттің басында да отырмады. Қ.Түм. ~ Адамды соңғы сапарға шығарарда неге қара ту ілініп, неге парауыз ышқынады десе, оның да соңғы құрмет деген өзіндік мәнмағынасы бар екен- ау. Қ.Түм. ~ Еркектермен бірге зират басына барды. Солқ- солқ етіп талықси тұрып, Серікті қайтып оралмас соңғы сапарға өз көзімен аттандырды. С.Мұр.
СОМ ДЕНЕЛІ
Ірі, мығым, кесек денелі. * Сақар оларға ұқсамаған бір оршұнақ. Шойыннан құйғандай сом денесіне лайықсыз сопақтау, кішірек басында шұнтиған құлағы тышқанның құлағындай болып еп-ерсі көрінетін. Ү.Жәл. * Бас — аяғы тұтас сом денесі ортадан аз-ақ қалқыңқы бойынан жарасым тауып, Сейілбекті дембелше палуанға ұқсатады. С.Ом.
СОҢҒЫ СӘУЛЕ СӨНДІ
Көзі тұманданып, көруден қалды. ~ Бұл қастан күштер қатарынан қатты соққыға алған Сармолла құлай берді. Көз алдынан соңғы сәуле сөніп, аяғын шалыс басып құлап бара жатқан халінде оның кеудесіне қанжар да сұғылды. М.Әу.
