Қурап, тозып, құр сүлдесі қалды. * Кей жылдары тіпті жаз ортасы аумай-ақ шаңдақ боп қуарып, сілемі шығып қалатын дермене, бозаң, жусан, көкпек өседі І.Есен.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СИЯҒЫ ЖОҚ
Сапасы жоқ, нашар д.м. ~ – Төһ, сенің түсіңнің де түс сияғы жоқ екен. Қойдық қой енді бәрін де! Сөйлеуге шамаң келмей жатып, неменеге мені талқыға сала бересің?- деп Мерген орнынан тұрып кеткен. К.Сег. ~ Осында келіп жүретін адамдардың талайының аузынан: «Ой, шарабының шарап сияғы жоқ, құр су», – дегендерін талай естіген. С.Жүн.
СІЛЕСІ ҚАТТЫ (ҚҰРЫДЫ)
Қатты болдырды, өлмеші болды, әбден қажыды, күш-қуатынан айрылды. * Алыс-жұлыс, ауыр күйік, аттың соққысымен Ақбілектің сілесі қатып, аттан түсіргенде, өлген адамша сылқ ете түскен. Ж.Айм. * Өткен түні қонған қаласынан арақты ішіп-ішіп сілесі қатып құлаған Кошкин, таңертең тұра похмель жасаймын деп, жарты бөтелкені тағы да төңкерген еді. С.Мұқ. * Ақтеректей тіп-тік кеуде қоғадай иіліп, жүрегі тілім-тілім боп талықсыды. Басын көтере алмады. Жердің тесігі болса түсіп-ақ кетер еді. Сілесі қатты, мысы құрып. – Жолың түскенде келіп, қымыз ішіп тұр, Шәкен… И.Жақ. * Егіздер жылай-жылай сілесі қатып, үйдің көлеңкесінде, енесі жатқан жерде талмаусырап ұйықтап қалды. Ш.Мұрт. * Көз ұшында қараңдаған біреу сол сияқты. Дәл өзі. Жүрегі кеудесіне сыймай қуанып, құйғытқан күйі жетіп барса – ол емес… Әбден сілесі қатып, шарасыз түңілістен көкірегі ыңырсып қараңғы түскенде үйге бір-ақ оралған. Т.Сәук.
СИЯСЫ КЕППЕГЕН
Жаңа ғана жазылып біткен шығарма туралы. * Сиясы кеппеген бір пәшкі қағазды түйгіштеп- түйгіштеп былай қойды да: ─ Кетік бала, мен ет әкеліп қойдым, сен соны жақсылап ас, қасқырша жұлып жеп отырып, мен саған бір нәрсе оқып берейін, — деді. Қ.Ысқ. * Сонсоң да сиясы кеппеген балшығына дейін Мәскеуге ала жүгіретін пысықтардан момын Аханға есе тендік тиген жоқ. Қ.Ысқ.
СІЛЕСІ ҚАТЫП ҰЙЫҚТАДЫ
Тұяқ серіппей ұйықтады. ~ Сілесі қатып ұйықтап қалған екен. Дауыстан оянды. Көзін ашып қуықтай бөлмеде неге жатқанын пайымдай алмай жан-жағына аларып қарады. С.Ел. ~ Кириск өзін– өзі кінәлап, түнде сілесі қатып ұйықтап қалғанына өкініп, өксіп– өксіп жылайды. Егер ұйқы дұшпан болмаса, ол әкесін өлсе жіберер ме еді? Ш.Айт.
СІБІР АЙДАУЫНДА, ТҰТҚЫН БАЙЛАУЫНДА
Патшалық үкіметтің қорлығын әбден көріп, Сібірге айдалып, қиямет қияндықты баснына өткерген адамдар хақында. ~ «Николай орнынан түсірілді» деген хабарды дала алғанда қашаннан Сібірді басқан ауыр тұман серпіліп кеткендей болды. Халықтың қайдағы-жайдағысы қозып, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуаныш. Қашаннан Сібір айдауында, тұтқын байлауында жүргендердің бірсыпырасы босанып, халыққа сөз сөйлеуге аттанды. Халықтың да өлген ынтасы оянып, жиылыс іздеп, сөз тыңдағысы келді. І.Жан.
СІЛЕСІН ҚАТЫРДЫ
* Бірер рет біреулердің Жайнаққа қол қатқанын естіген Ақпан, олардың сілесін қатыра сабап, одан кейін басқалар өйтуге қорқатын болған. С.Мұқ.
СІДЕТ ЖҮКТЕДІ (АРТТЫ)
Әлдебір еңбегін міндетсініп, ылғи да біреуді өзіне қарыздар етіп көрсеткісі келетін, пәлеқор адамға қатысты. ~ Жүрегі — жылы, бойы — құрыш, Туысы жаннан бөлек-ті. Өнері оның жұрт асқан, Ғылымға көңілі зерек-ті. Аямаған ғаріптен Қолдан келген көмекті. Кісіге сідет жүктетпей, Еңбекпен тапқан қоректі. Абай. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу.
СІЛЕСІНЕ ҚАЛДЫ
* Қатынын да ренжітіп кетіп еді. Әжесі де ішінен разы болмай қалып еді. Әлде солардың сілесіне қалдым ба деп ойлайды. Әйтсе де сыр білдіргісі келмейді. Ж.Айм.
СІДІГІ САРҒАЙЫП КҮТТІ
Ұзақ, телміре күтті. ~ Майор қол астындағы тұтқын тектес жігіттің өзіне қол сермегеніне ызаланса да‚ үйінде сідігі сарғайып күтіп‚ қайта– қайта қалта телефонмен жанын жеп‚ алқымнан алып жатқан әкімді ойлап шалт басып шығып кетті. Қ.Түм.
