Posted in

СОЙҒАН ТҮЛКІДЕЙ (ЫРЖАҚТАДЫ, ЫРЖИДЫ)

Ыржақтап күлді. ~ Сорлы соншама көздің жауын аларлық қағына қызыл болмаса ғой, бір жерде нанын тауып, күнін көріп жүрер еді, міне, енді Әдібайдың жаман төсегінің тұсында сойған түлкідей ырсиып тұр. О.Әуб. * ― Сонда мен немене, әркімнің бетіне қарап сойған түлкідей ыржақтай бермекпін бе?! Б.Тоғ. * Шегені анадайдан көріп сойған түлкідей ыржиды Ждақай. Төртбақ келген, шымыр, тарғыл бет бала жігіт. С.Елу. ~ Осы иір сапты айырдың арғы басында сойған түлкідей ырсия күліп таяққа кигізілген боксшының қолғабы тұр. Д.Ис.

Posted in

СІРГЕ ЖИЯР

Күзді күні бие ағытар алдында жиналған соңғы қымызды көрші-қолаңын, туған-туыстарын шақырып сыйлаудәстүрі. ~ Күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесін "сірге жияр" деп атайды. БАҚ. ~ – Түрі көп: дастарқанға, баланы сүндетке отырғызғанда, алғаш тайға мінгізгенде, бие байлағанда – «қымыз мұрындық» дейді, биені ағытқанда – «сірге жияр» бар, жаңа үйге кіргенде, алыс сапарға шыққанда, аңға шыққанда барша игі істің алдында үлкендерден бата сұрайды. С.НЕг. Соңғы, ақтық дүниесі, бар қалған асылы д.м. ~ Жоңғар ордасының сірге жияр соңғы ханы Дабашы аздағанқолмен мұзарт асып, Қашқарияға қашқан екен. Қ.Жұм. ~ "Ауырмайтын жерім жоқ. Емханаға апарып тұрмайды. Дәрігерге көрсетпейді. Қара жүрегімді қақ жарып, өз ішімнен шыққан балам, төлімнің сірге жияр кенжесі ана сүтін ақтамады." Т.Рыск. ~ … Егер мұның өлімінде ешқандай күн болмаса, өкімет сол үшін бір жылдан бері ақ тер, көк терге түсіп, сабылар ма еді? Өлім — өмірдің сірге жияр қорытындысы. Өмірдің нәрі мен сөлі кейде оның соңғы нүктесінде жатуы да мүмкін. Қ.Жұм.

Posted in

СОЙҚАН САЛДЫ (ШЫҒАРДЫ)

Айқай-шу көтеріп, бүлік шығарып, ойран салды. * Осыны білетін әйелі әркімге қараптан-қарап отырып, орынсыз ұрынып, ойдай сөз айтып, жүрген жеріне сойқан салумен болатын. Көп ұзамай Түгелдің үйімен судай сүзісіп жүріп, Сақар арам пиғылын таныта бастаған. Ү.Жәл. ~ Уәжге Бөкпенбайдың әйелі жүйріктік жасады. — Тәйт әрі! Әкіреңдеме! Қонақтар ел жата аттанып кеткен. Сойқан сап кететінін біз қайдан білеміз?.. Уәж орынды шықты. Кәден тасыған қаны суынып, сабырға бой алдырды. Т.Әл. ~ Осыны білетін әйелі әркімге қараптан-қарап отырып, орынсыз ұрынып, ойдай сөз айтып, жүрген жеріне сойқан салумен болатын. І.Ес.

Posted in

СІРГЕ МӨЛДІРЕТЕР

Күздігүні, бие ағытылар алдында берілген қымыз. Мұны "Сірге жияр" деп те атайды. ~ Ал күзгі соңғы қымызда (ауыл адамдарына) таттыруды (ішкізуді) «сірге мөлдіретер» деп атайды. С.Мұқ.

Posted in

СОЙЫЛ СОҒАР

1. Соқтығыс-қақтығысқа қолдың алдыңғы қатарында жүретін ұр да жық атқамінерлер, майталман сарбаздар. ~ — Бұл былай да лып еткелі тұрған өрт еді, — деді Есеней, — соны тұтатып жіберуге Өтейдің қозысы себеп болды. Сылтау табылды. Енді осыны пайдалану керек. Сен — «жаубасарлап», мен — «ұшпайлап» екі жақтан ұран шақырсақ, Керей, Уақтың сойыл соғар еркегінен атқа қонбаған жан қалмайды. С.Мұқ. ~ Баймырзадан қалайда өш алуым керек. Қалай алам? Баймырза жалғыз жүрмейді, ылғи да сойыл соғар нөкер жиып жүреді. Ендеше, маған да нөкер керек. Б.Соқ. ~ Бұзатын кім заманды? Айлашыл алаяқтар, іштей ірітіп, елдің берекесін кетіретіндер, ұрда- жық ұран шықса, алдыға түсіп, сойыл соғарлар бұзады заманды,- деп үйдегілерді елең еткізді. Т.Рыс. ~ Ауылдағы сойыл соғар дәрмені бар жігіт-желең мен отағасын Қыземшекке аттандырып, жүз үйлі ауылдың қатын-қалаш, бала-шағасына өзі бас боп қалғалы бері каратель отрядтың ат тұмсығын кеудесіне әйтеуір бір тірерін Төрехан біліп те жүрген. А.Сүл. ~ Көшкен жұртта қалғандай құлазыған үйде бұдан әрі бөгелуді жөн санамаған Анике қалыңдығын ертіп, Жаһан сілтеген сілемге беттеді. Шыңғырбайдың биігіне жеткенде Сұлушоқының етегінде сойыл соғарлар қым-қуыт қайшалысып жатты. Ә.Ыб. 2. Біреудің (ханның, байдың, болыстың т.с.с) айтқанын істеп, айтағына көнетін барып кел — шауып келі, қолшоқпары. ~ Тарихи деректерге қарағанда, қазақ феодалдарына, беделді адамдарға арқа сүйеген Жәңгір хан, сол кезде халық арасында беделді Исатай Тайманұлын да өзіне тілеулес, өзінің сойыл соғар биі етуге тырысқан. С.Мұқ. ~ Досболдың тілеуіндегі жуан ауылдың көбі бұның ыстығына күйіп, суығына тоңбақ болып, өзді-өзі ауқымындағы кедей-кепшіктерін де қолтығынан шығармай сойыл соғар ғылып, әзірлеп жүрген. М.Әу. ~ Абай қыстауының оңтүстік жағында жиырма бес шақырымдай жерде Орда деген тау бар. Оны қыстайтын Мамай батырдың тұқымдары солардың бір старшыны Еламан, Байшора деген екі атаның баласы. Еламан сексен үй, Байшора жиырма үй. Ол заманда кімнің сойыл соғары көп болса азға зорлық етеді. Әрх.Кәк. ~ Жоғарыда отырғандар оларға “тәйт” десе, бәрі де індеріне кіріп кеткендей жым болмай ма? Олар тек әлгі лауазым иелерімен талантты қабылеттілердің қол шоқпарлары мен сойыл соғарлары. Т.Мед. * Ендігі жерде Абай бастаған үкімет сойылын соғарлар Құсман мен Құдабайды қатарынан ұстауға кіріседі. Ж.Шәк.

Posted in

СІРЕУ ҚАР

Нығыздалып қатқан қар. * Есімде бар. Бала күнім. Жер сіреу қар. Ызбарланып аспанның ажары бір кірмейді. Ж.Айм. ~ Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қары қаңтарға қосты. Ұдайымен алай-түлей ақтүтек боран соқты. Боран ашылса, шартылдаған сары шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса жаңбыр жауды. Ж.Айм. ~ Кере қарыс аузын ашып, гүр-гүр етті. Артқы аяғымен сіреу қарды бұрқырата осып-осып жіберді. Көзі қып-қызыл. Жалы тікірейіп, айбарын асырып барады. Ө.Кәр. ~ Қуаты шағылмаған күйлі жануар сіреу қарды омыраумен бұзып, қоянша орғып етегіне сүріне-жығылып қалың нуға тармасып қалған қашқынға бір бүйірден таяп барды. Ә.Сар.

Posted in

СІРІ БҮРДІ

Адамды қинау тәсілі. Басына түйенің көнін жапсырып кигізеді де, шешілместей қылып таңады. Ыстықтан көн бүрісіп, тұтқынның (әрине, тұтқын болуы шарт емес) басын екі шекеден қысады. ~ Ақназардың басына бір жаз сірі бүріп ұстады. Суға салып балбыратып қойған түйенің көңін, басына кигізіп, айнала жиегін көктеп тастайды. Күн ұлы сәскеге көтеріліп қатты қыза бастағанда, көнде құрысады… Тастай қатып кеткен кезінде, көн бір уыс болып бүрісіп, екі шекеден қысады… З.Шүк. ~ Сарының бір баласы түрікпенің қызын қатындыққа алып отыр. Екі баланы басына сірі бүріп, қойдың соңына салып қойыпты. Біреуінің далада өліп қалғанын Сегіз көзімен көрді. Есіне түссе әлі күнге жаны түршігеді. З.Шүк.

Posted in

СІЛТІГЕ САЛҒАН СҮЙЕКТЕЙ

Өңі құп-қу болып, бозарып, қансыз-сөлсіз қалыпқа түсті. ~ Өзі де сілтіге салған сүйектей боп–боз. Жүріс–тұрысында да баяғы батылдық жоқ. Кібіртік. Созадаң. Бір нәрседен әбден соққы жеп, басымен қайғы болған адам ғана осындай болса керек. Ә.Кек.

Posted in

СІРІ ЖЕТІМ

Өмір тауқыметін көп көрген, жетімдікке көндіккен жетім бала. ~ Мен болдым бала күнде тірі жетім, Болғам жоқ еркеленіп ірі жетім. Бала боп ата-аналы, сый көргем жоқ, Қадірсіз, құнсыз, пұлсыз сірі жетім! М.Ж.Көп.

Posted in

СИЫРДЫҢ БҮЙРЕГІНДЕЙ БЫТЫРАДЫ (БӨЛШЕКТЕНДІ, БӨЛЕКТЕНДІ)

Жөн-жосықсыз, тоз-тоз болып, жан-жаққа тарап кетті; батары қосылмады, беркесі кетті. ~ Бұл шашыранды қуат қанша күшейгенмен, еш уақытта тұтаса алмайды, сондықтан жағдайы келген бір замандарда, (ондай жағдайдың тумауы мүмкін емес), қазақша айтқанда Англия «сиырдың бүйрегіндей бытырап кете барады, ал Россия, жылқының бүйрегіндей тұтастығынан танбайды. С.Мұқ. ~ Адам атаулының мінезі жүдә бірдей емес — түзуі де, шәлкесі де бар; іскері де, жалқау да бар; елгезегі де, шаба да бар; солардың бәрін жинақы ұстамасаң, жүдә сиырдың бүйрегіндей бытыратып аласың; ендеше, елдің ақысын жеме, бірақ тәртіпті қатаң ұста» дедім. С.Мұқ. ~ Суырдайын күн кешіп әркім ойлап өз басын, Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын, Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ, Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын. М.Мақ. ~ Ошақтың үш бұтындай үшкіл, қазақ, Ел болып еңсе көтер, күш қыл, қазақ. Сиырдың бүйрегіндей бытырасаң, Қашанда көрер күнің мүшкіл, қазақ! Н,Айт. ~ «Өскеменнің пәлен жылын тойлаймыз» деген сөз әр он жыл сайын бір шығады. Осы әңгіменің шеті шықса болды, берекесі айрандай ұйып отырған қала жұрты сиырдың бүйрегіндей бөлектеніп шыға келеді. БАҚ.