Posted in

СІЛЕСІН ҚАТЫРДЫ

* Бірер рет біреулердің Жайнаққа қол қатқанын естіген Ақпан, олардың сілесін қатыра сабап, одан кейін басқалар өйтуге қорқатын болған. С.Мұқ.

Posted in

СІДЕТ ЖҮКТЕДІ (АРТТЫ)

Әлдебір еңбегін міндетсініп, ылғи да біреуді өзіне қарыздар етіп көрсеткісі келетін, пәлеқор адамға қатысты. ~ Жүрегі — жылы, бойы — құрыш, Туысы жаннан бөлек-ті. Өнері оның жұрт асқан, Ғылымға көңілі зерек-ті. Аямаған ғаріптен Қолдан келген көмекті. Кісіге сідет жүктетпей, Еңбекпен тапқан қоректі. Абай. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу.

Posted in

СІЛЕСІНЕ ҚАЛДЫ

* Қатынын да ренжітіп кетіп еді. Әжесі де ішінен разы болмай қалып еді. Әлде солардың сілесіне қалдым ба деп ойлайды. Әйтсе де сыр білдіргісі келмейді. Ж.Айм.

Posted in

СІДІГІ САРҒАЙЫП КҮТТІ

Ұзақ, телміре күтті. ~ Майор қол астындағы тұтқын тектес жігіттің өзіне қол сермегеніне ызаланса да‚ үйінде сідігі сарғайып күтіп‚ қайта– қайта қалта телефонмен жанын жеп‚ алқымнан алып жатқан әкімді ойлап шалт басып шығып кетті. Қ.Түм.

Posted in

СІЛЕУСІН КӨЗ

Оттай жанған өткір жанар. * Ұлбану саусағының арасында түтіндеген темекінің шоғын анда-санда бір қызарта сорып қойып, ойланып отыр. Сілеусін көздері үшбұрыштанып шабытпен лыпыл қағады. Т.Сәук. * Леся қайтып үйге кірмеді. Кірмейтінін тағы сезіп отыр. Әйелін есіне алуы мұң екен, сілеусін көз қараңғы бұрыштан тағы да шақырайып шыға келді… "Бекет қайда?!." Қ.Ысқ. * Басында пұшпақ бөрікі бар, тік жаға қына сары көйлегінің сыртынан жұқа бешпен, бұтына қара шұға сым-шалбар киген, биік өкше қисық табан етігімен аяғын созып отырған сұңғыла жігіттің сілеусін көзінен шоши бастады. Б.Тоғ.

Posted in

СІДІГІНЕ СҮРІНДІ

Денесін әзер көтеріп жүр д.м. ~ — Енді сен кетсең анау сідігіне сүрініп, өле алмай жүрген жаман Әкеңнің күні не болмақ?! Соғыс — от, соғыс — оқ, от пен оқта ес жоқ, жақсы мен жаманды талғап, таңдап жатпайды. К.Сег.

Posted in

СІЛІКПЕСІ ШЫҚТЫ

Сау-тамтығы қалмады; әбден болдырып, шаршады. ~ Сол сәтінде-ақ іргелес біткен екі төбешіктің аралығындағы түйемойнақ белден асып жоқ болды. Тазы алға аттай түсіп тұрып қалды. Әбден сілікпесі шыққан екен. М.Мағ. ~ Әккі неміс мыс оқты боратып, үйді қайтарып аламын деп дамылсыз шабылады. Тұмсығы тасқа тигендей бірде кері тайқып, бірде өлігін баса көктеп ұмтылумен сілікпесі шығыпты. Д.Досж. ~ Ұзақ та ауыр жүрістен шаршап, зорыққан жылқыдай әбден сілікпесі шыққан Дархан аталас ағайынның осындай іштартар пейіліне риза, масаң көруші еді. О.Бөк. ~ Қыз сезімінің сілікпесі шығып жаншылғанына, қыз жанының сілесі қатып жылағанына қатыгез қала селт етіп сезімін білдіріп, мәу деп үнін шығарар емес. Е.Әлім.

Posted in

СІДІК ШАПТЫРЫМ

~ Нендей зауалдың келгенін осы күні ақын, жазушы көбейді. Ауылды түгелдей алып айтпағанда, өзі тұратын ұзындығы сідік шаптырым көшенің бойында үш-төрт ақын пайда болды. Н.Дәу. ~ — Көп жүрмейміз. Жапалжанның үйі сідік шаптырым жерде. Автобус қымбат, нан қымбат. Торсиып піспеген таба нан болмағаннан кейін… Қ.Түм. ~ . Ауылды түгелдей алып айтпағанда, өзі тұратын ұзындығы сідік шаптырым көшенің бойында үш-төрт ақын пайда болды. Н.Айт. ~ Бәрін айтып, өзімнің «предатель-сатқын» емес екенімді түсіндіруім керек. Сол үшін тез жетуім керек. Сідік шаптырымдай жер қалды. Қ.Жиен.

Posted in

СІЛІКПЕСІН ШЫҒАРДЫ

Қыспаққа алды, қатты қинады; әбден ығыр қылды. * Екі жігіттің осыншама сілікпесін шығарып сендерге не болды?! С.Шайм. ~ Құс аулайтындар Жанасты көре алмайтын. Бір рет Жаппас бір үйір кекіліктің ізіне түсіп келе жатқанда, екі адам мұны тарпа бас салады. Сабай бастайды. Басқа да, бетке де, көзге де ұрып, сілікпесін шығара сабайды. Міне, содан Жаппас бір көзінен айрылып, Башбайға қойшы болады… Ә.Әл. * Тіршілікке қажет сыбаға емес үлес, енші емес меншік іздеген сімсік ындын сілікпесін шығарған бүгінгі адамзат бұл ібіліс ұғымдардың қыл тұзағын қалай шешіп шығудың жолын бақ пен таққа жабыла таласқандай, жабыла іздемесе, құлағын қылтитып тұрған Қиямет-қайымнан қашып құтыла алмайды. Ә.Кекілб. * Үлкен білімге қоса тағдыр сыйлаған шешендігі бар, небір аузы алты қарыс адамдардың аузын аштырмай сілікпесін шығарған. О.Бөк.

Posted in

СІДІРІНЕ ІЛІНДІ

Қаңқасы ғана қалды д.м. ~ — Баяғыда сіздің әкеңіз көшкінге кеткен «Сайтан көпірге» де жете алмадық- ау, деді Ерік. — Қай тұста еді? Осыдан төте тартсақ, тым алыс емес. Біз сәл бұрыс, құлдырап барамыз. Бетон көпірден өтпесек «Сайтан көпір» атты кісіні көтере алмайды. Сідіріне ілініп әрең тұр. О.Бөк.