Тым аз, титімдей. ~ Тізе берсе осының бәрі қып- қызыл шығын екен. Қазір қорада сілекей сүртерлік қана бірер қарайған қалды. Ә.Асқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СИҚЫ (СЫЙҚЫ) БАР
~ «Өрістен әрі жүрісі суыт екі атты адам Қоспаға қарай бет алып жортып бара жатқан. Кешке дейін Бұлдыртыдан бір-ақ шығар сиқы бар. Х.Ес. ~ Пәруадигар, бүгін жаңбыр жауатын сиқы бар: Алматы — талай күннен бері шіліңгір ыстықтан таңдайы кеуіп талықсыған… Ж.Шағ. ~ Қарсы алдынан үскіре соғар суық лепті аңғарғандай бөрінің де ылдилана бүріскен сиқы бар. С.См. ~ Оның өткір көзі әке мен баланың біріне-бірі айна-қатесіз ұқсайтынын да тез шалды: әкесі шарғалау бойлы, баласынын, да денесі сондай болатын сыйқы бар… С.Мұқ.
СИЫР БҮЙРЕК БҰЙРАТ (ЖОТА)
Бір-бірінен бөлек жатқан. ~ Мейірбек суыт жүріспен Көктал бойына бес күнде зорға жеткен. Сиыр бүйрек бұйраттың басына шыққанда әдеттегі ас болатын жер – мәліштің сазы көрінді. Б.Тоғ. ~ Сиыр бүйрек бұйрат ішінде көш ізіне түсіп келе жатқан шұбалаң құйрық шаңды көріп, Молдаш жігіттерін тасаға түсірді. Ғ.Біл. ~ Оң жақтағы сиыр бүйрек жоталар төбеге келген күннің жып- жылы шуағына бөгіп, дел- сал манаурап жатыр. Д.Әш.
СИҚЫ (СЫЙҚЫ) ЖОҚ
~ 1945-жылы, Абайдың тууына жүз жыл толуына байланысты, үкімет берген қаражатқа Семей облысының басқарушылары, Абай қабірінің үстіне кірпіштен зират жасатқан екен, онысының ескерткіш сиқы жоқ. С.Мұқ. ~ Гүлбаһрам осыны айтып жылайды зар, Асан, Үсен екеуі кеңес қылар. ~ Ақшасы үй салғызуға жетпегендіктен бе, қақпасының сиқы жоқ. М.Дәу. – Мұны алсақ масқарамыз шығатындай, Бұл бізге сиқы жоқ қой қатын болар. "Нұрғаз." ~ Мөржан. Жоқ, жаным, маған сұратпа! Маған ол күйігіңді тарттырма! Осы білгенім де жетер. Шешеңнің ауыр салмақ көтерер сиқы жоғын ойла! М.Әу. ~ Ақшасы үй салғызуға жетпегендіктен бе, қақпасының сиқы жоқ. Шіріген, сынған тақтайларды құрастырып шегелеп, қиқы– шойқы қып ілекерлеп қойған. М.Дәу. ~ Міне, масқара, оң жақ көзі қара күреңденіп, қанталапты. Бір тәулік тұрмақ, бір жұмада жазыла қояр сыйқы жоқ. Құдай атқанда ертеңгі сабаққа бара алмайтын болды. Ә.Ыб. ~ Сұрақтарының сыйқы жоқ қой, — деп қалды Тілеулі жақтырмай. Б.Нұрж.
СИЫР КӨЗДЕНДІ
Көзі аларды, ақшиды. ~ Шешендердің шеке тамыры білеудей болып, жыққан сиыр көзденіп, сөзге қонақ беріспеді. Ж.Айм.
СИҚЫ (СЫЙҚЫ) КЕТТІ
Сәнінен айрылды, өңі кетті. ~ Ыңқылдап, күрсілдеп тер пұшпағынан атып, әлденеше дем алып ақшам әлетінде Арбабай аулына әрең жетті. Ол ауылдың да сиқы кеткен. Әбігер. Олар да азықсыраған. Пішені біткен. Олардың да қорегі қатықсыз қара көже. Ж.Айм. ~ Жақсыбай сиқы кеткен Арманның үйіне келгенін ұнатқан жоқ. І.Ес. ~ Қыс бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы суреттердей жадырай қалған. І.Ес. ~ «Қазір сол, сыйқы кеткен құр қуыс кеуде болыпты да… өзім болсам, неге жүргенімді де, не боларымды да білмейтін жан болыппын…» Л.Толс.
СИЫР ҚИМЫЛ
Денесін әрең қозғау. ~ Біржан қолға қолқа салмай-ақ бел көтергісі келіп еді, болмасын лез байқаған соң жер тіренді. — Сиыр қимылға жарап қапсың ғой, – деді Әпіш. — Күл, күл. Құдай қылса амал қанша? — Құдай? Аузыңа түспейтін сөз еді. А.Сүл.
СИҚЫ ҚАЛМАДЫ
Түр-түсінен түк қалмады, өңі адам шошырлық. ~ Базардың да базар сиқы қалмапты. Тізіліп отыратын шемішкеші әйелдердің орнында зәңкиіп қос қабатты үй тұр. Қ.Жиен. ~ Әйелдің адам сиқы қалмаған бет алабы – маңдайы, мұрны, әсіресе, шыт-шыт жарылған ерні құдды ошаққа құлап отқа күйгендей қара қошқылданып, ажар-әлпеті мүлде бұзылып кеткен-ді. Ә.Нұрп.
СИЫР ҚҰЙЫМШАҚТАНДЫ
1. Әлдебір істің аяқсыз қалып, соңы сұйы—лып, бәсең тартуы туралы. ~ Матайдың сөзінің басы таудай болса да, аяғы сиырқұйымшақтанып келіп қылдай болып кетті. М.Әу. ~ Енді міне, әуелде соншама сеніммен құлшына кіріскен істің өзі сиырқұйымшақтанып, мүлдем басқаша сипат алып бара жатқанын ол әбден түсін гендей. С.Ғабб. ~ Анада екі жақтың сөзін ұстаған Смайыл би басында соншалық, әділдік айтатын ата баласы болып кіріскен еді. Артынан сөзді сиыр құйымшақтатып аяғын жерге тигізбеді. С.Бег. ~ — Рас айтып отырсың ба? — деді Қилыбаев сенер — сенбесін білмей. — Алғаш келгенде бәрі де осылай әдемі сөйлеп, кейін сиыр құйымшақтанып, директордың шылауында кетуші еді. Қ.Жұм. ~ Сейфолла біраз құстарды қызықтаған соң әңгімеге құлақ тосты. Бала ұғымына ауыр хиқаят сиыр құйымшықтана келіп саятшылыққа кеп тірелген. Ө.Кәр. ~ Кеше кешке Әлия келіп кетті. Өзіңді біраз тосты… Жазда оқуға түсем дейді. Сабағын сұрап алғысы келді ме, қайдам!.. Сиыр құйымшақтап барып, сөз сабағын жігітке тастады. М.Қаб. 2. Бәсеңдеп барып, жіңішкерді, біржола жоқ болды. ~ Сәлден кейін сиырқұйымшақтанған жылқы ізі бірте-бірте тасқа сіңіп, жоқ болыпты. БАҚ.
СИҚЫ ҚАШТЫ
Өңі бұзылды, түрі адам көргісіздей. ~ Бірден алыстан көзге ұрғаны – ауылды әлдебір беймәлім де белгісіз күңгірттік жайлаған. Бұрын да оңғаны шамалы еді, ал бүгінде үйдің сиқы тіпті қашып жұтаңданған. Ә.Ыб. ~ Мұндағы «талай мәрте» мен «сан» деген сөздердің біреуі ғана қолданылуы керек еді. Мағыналас сөзді қатар қолданудан сөйлемнің сиқы қашып тұр. Ж.Шәк. ~ Төңірегіме, сиқы қашқан сұрдай дүниеге қарағым да келмейді, оны көзім көргенмен көкірегім ұғып тұрған жоқ. Бәрі мәнсіз. Т.Ахт.
