Бос әуреге түсіп, басы қатты, дал болды, ығыры шықты. ~ Ыстық көжесін бор- бор ұрттап, бойы жылынған соң, Соқпақбай отыра алмай, күшеніп жалтаңдай басып тағы жөнелді. Соқаң сергелдең бола тұрсын. Біз тор шолақтың ізін кесейік. Ж.Айм. ~ — Ел билігін, жер билігін алған соң, атамекендерін өз қандарымен бояп, қайда қаңғыртты? Өзіміз нағып келдік мұнда? Дүниенің бұлың- пұшпағына, қазақтың босқындары сергелдең болып кетті. Т.Рыск.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЕНСІН БЕ, СЕНБЕСІН БЕ
Таң қалды, көргеніне сене алмай абдырады. ~ Орнынан атып тұра бермек еді. Алдында үңіле қарап тұрған қара сұр кісі кеудесінен басып қозғалтпады. Сенсін бе, сенбесін бе… Ә.Кек. ~ Мұқатай қуанып. Қонағының көңілін қалай аулаудың ығын таппай, абдырай елпектеді. Ойнақшыған қоңыр көзі жалындап, сенерін де, сенбесін де білмей, ан-таң. Шынымен Әсетсіз бе? Қ.Тол. ~ Белсенділер сенерін де, сенбесін де білмей бір-біріне қарады. әлге созылған үнсіздікті ысқаяқ қара қайта бұзып: Қанша дегенмен өз еңбегімен емес, өзгені қанап үйренген бай-құлақтың қатыны емес пе, деді жымыңдап. А.Мек. ~ Терентий сенерін де, сенбесін де білмей біраз тұрды. Самұраттың шын сөзі тәрізді. Ал, ал. Түсіріп ал. Қораңа кіргізіп ал! Бұның тілін өзің білесің ғой. Ә.Тар.
СЕРГЕЛДЕҢ ДЕ СЕРУЕН (СЕЙІЛ)
Бас аман, ден сау болса бәрі қызық д.м. ~ Қыдыш. Қарағым-ай, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл емес пе? Ойында озған, шында да озады. Кел, Жүке, осыны екеуміз бәйге қылайық. М.Әу. ~ Сергелдең де серуен деген ғой. Жас кездеріңде бейнет көрсеңдер қартайғанда зейнет көресіңдер. Ж.Шәк. Менімен жақын сырласар, жанымды түсінер жолдастарым: «Сергелдең де серуен, қайшылықтардың ортасында өсіп жетілесің. Айтқаның ақиқат болса несіне қорқасың. Арың таза болса алған бетіңнен қайтпа. Көздеген бағытыңнан адаспасаң болғаны!» деп шабыттандырды. Ж.Шәк.
СЕҢ БҰЗЫЛДЫ
Өзен-судың мұзы еріді. ~ Сол ауырғаннан марттың аяғында – далада ойдым-ойдым қара жер көрініп,өзендерде сең бұзылып, мектепке бөгет бойымен айналып баратын кезде бір-ақ тұрдым. Т.Әбд. ~ Дәл қазір өзен тасып, сең бұзылып ерігелі Шу өткел бермек тұрсын, айғайлағаныңды естіртпейді. Б.Тоғ. Әлдебір игі өзгеріс, қозғалыс басталды. ~ Тізімге жазылу басталды. Сең бұзылғандай. Мерғалидан соң «меніде жаз» деген дауыстар шыға бастады. Кеңседегілердің көпшілігі тізімге тіркелді. Ү.Жәл. ~ "Балаларды бұзып жатыр, классиктерді ит жеме қылды" деп, жоғары жаққа домалақ арыз түсіпті. Оның да, менің де үстімнен. "Шыда, әзірге шыда, жуықта сең бұзылады, соған дейін сыр берме" дейді Арсекең. М.Қаб. ~ Жүсіп сақалын сипап, бата берді. Сол-ақ екен, сірескен мұздың іргесі сөгіліп сең бұзылғандай, отырған жұрт шуласып: – Бірігеміз, несі бар. – Екі қолға бір жұмыс. Біз де елміз, жұртпыз. Басымызды қосамыз. С.Жүн.
СЕРГЕЛДЕҢ ЖОЛ
Қалтарыс-қиындығы көп тағдыр соқпағы. ~ Өткен өмірімнен көріп отырсыздар, мен кішкене күнімнен-ақ сергелдең жолға түскен адаммын ғой. С.Мұқ. ~ Серке санды ат мініп сергелдең жолына түспегенмен селтеңдеп белсенді болған едік. Бірақ оның арты өкінішпен, өксікпен мұнасып, мұңға батқызып кеткен жайы бар. Б.Қыд. ~ Әкеме сауданың пайдасы аз уақытта ғана көрініп, көп жылдың бойына сергелдең жолдың бойымен қаңғырып киім-кешектен, төсек-орыннан, ыдыс-аяқтан жүдеген біздің үй, сыртына аппақ сүттей кигіз жамылумен қатар, кәзір жасау-жиһаз жағынан да, киіну жағынан да қазақтың ең салтанатты байына таласарлық. С.Мұқ.
СЕНЕН КЕЛГЕН ПӘЛЕНІ КӨРІП АЛАЙЫН
Неге де болса дайынмын, қолыңнан келген жамандығыңды істеп қал д.м. * Басынған екенсің! Мен орталықта ауырып жатқанда… Сенен келген пәлені көріп алайын, шпана неме! Түті-еп тастаймын-н! М.Қаб.
СЕҢ ЖҮРДІ
Өзен-көл бетіндегі мұз еріп, қозғала бастады. ~ Көктемде мұз еріп, сең жүріп жатқан кезде Іле станциясынан біз жаққа баржа сүйреген пароходтар қатынай бастады. Б.Тоғ. ~ Сең жүріп аласұрған өзен арнасына ұзақ қадалып тұрамын да қоямын. Қияли адам секілдімін. Н.Сер. ~ Көшелерде адамдар сеңдей соғысады. Мәскеудің көшелері қыс бойы тоң болып сіресіп жатып, бүгін кенеттен сең жүріп, таудай-таудай тасқын толқындары тулағандай. Ш.Мұр. ~ Мезгіл март айы, Іледен әлі сең жүріп жатса керек. Б.Тоғ.
СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛДЫ
Әуре қылып, ығырын шығарды. ~ Бір заманда дастарқанға тартылған тамағын әрең алып ішетін маңғаз әкемді сергелдеңге салып қойғаныма өкіндім, аптаға жақын жүріп аман келгенше береке таппадым. М.Мағ. ~ Соған дейін, сегіз жыл бойы, Қазақстанға патша болып, қазақтарды қойдай қырып, сергелдеңге салған екен. Ш.Мұр. ~ Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск. ~ Әли әйелі мен баласы жарты ауыз сөзден немесе қас-қабағынан түсінетініне іштей риза болса да, осынша сергелдеңге салған кеңес өкіметіне қаны қайнап-ақ тұр. Б.Тоғ. ~ Қоршаудағы әскерді сергелдеңге салып титығына жететін де, шыдам шегінен асырып ашындыратын да аса бір қиын ұрыс басталды. Т.Ахт. ~ «Махаббатымның маздаған шырағын тағдырдың қара күйесі өшірді ме? Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск.
СЕНЕР-СЕНБЕСІН БІЛМЕДІ
Шын-өтірігін айыра алмай дал болды. ~ — Сонда қай уақытта көз ілеміз? Адам да, мал да сонша уақыт бойы ұйқысыз жүруге қалай шыдайды?! — Қараман сенер-сенбесін білмей, тағы да қырыстанып, қабағын түйді. Б.Ыбыр. ~ Ханның ойын біреулер аңғарғандай болды, біреулер сенер-сенбесін білмей, дүдәмәл тұрды. Б.Нұрж. ~ Сенер-сенбесін білмей жүрген Жамал апай шынымен де сасқалақтайын деді. С.Ғабб. Көргенінің шындығына күмән келтіргендей дал болды. ~ Нұркен мына сөзге сенер-сенбесін білмегендей абдырай аттап, машинаға жақындап, есіктің тұтқасын таба алмай, сипалап жүріп зорға ашты. Ә.Кек. ~ Иығыңа тағы бір жұлдыз керек қой. Әкел қағаздарыңды, дедім қолымды созып. Ол сенер-сенбесін білмей, жылан көздерін жыпылықтата берді. К.Адырб. ~ Жас жігіттің сүйген қызы сол сәтте Әуенді де, бишіні де күлкі етті. Құлағына білмей сенер-сенбесін, Жігіт тұрды жиғандай боп енді есін. А.Бақтыг. ~ Омардың орнынан түскенін Әли газеттен оқыған, бірақ іс сотта болады, қызметсіз қалар деп ойламаған, қалалық бақтың ішіндегі жаздық ресторанда тамақ ішіп отырып, дастарқандас болған кісілерден әлгі жайды естігенде сенерсенбесін білмеді. Ә.Тар.
СЕҢ СОҚҚАН БАЛЫҚТАЙ
Не істерін білмей абдырап қалды; әлсіреп, күштен айрылып, әрекетсіз қалды; не істерін білмей сасқалақтады. Биені желі басына айдап келіп, Иманқұлға сөйлесті де, Орманбас жылқышы құрығына таянып, сілейіп тұрып қалды. Ел сең соққан балықтай. Ж.Айм. * Ли- Танг- Пунг солай соқты. Дүние сең соққан балықтай аузын аш-ып, демі құрыды, құты ұшты. Ж.Айм. Бұрын бірін- бірі боқтап балағаттап жататын «уголовниктер» сол күні сең соққан балықтай болды. М.Дәул. Сең соққан балықтай есеңгіреп не істеп, не қоярын білген жоқ. Басы ауған жаққа қарай сенделіп жүріп келеді. Т.Сәук. * Ол сең соққан балықтай теңселіп, салы суға кетіп, есікке қарай жылжыды. Ә.Нұрш. * Сең соққан балықтай мына қазап сәтте бұл да болса аш көңілге азық. М.Қаб. ~ Студенттер біріне бірі адырая қарсып, аң-таң болып жүр. Бастары салбырап, сең соққан балықтай есеңгіреп отырғандар да бар. Б.Тоғ. ~ Бұрын көңіліне әлдене ұнамай қалса, бұрқылдап сөйлеп- сөйлеп алып сабасына түсетін, жер- жебіріне жетіп барып басылушы еді, енді сең соққан балықтай өзімен өзі мәңгіреді де жүреді. А.См.
