Пайдасы болды, көмегі тиді. ~ Ұжым қабырғасы қайысса-дағы қалт-қалт етіп құламай қалды, бірден-бірге селбелесті, септігі тиді, соғыс біте шаруа қауымы да еңсесін тіктеп алды. Д.Дос. ~ Басын шайқайды. Әрине, ештеңенің қажеті жоқ. – Уақыт өткізуге септігі тиер, ертеңмен стол сағатымды әкелсем қайтеді? М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЕНІМСІЗДІК ТУҒЫЗДЫ (ТУДЫРДЫ)
Көңілге күдік ұялатты. ~ Жаяу Мұсаның өткір арыздары елдегі ата мұрасын қуалап болыс болған кісілерге де оңай тимеген. Олардың да көп заманғы мықты іргесін шайқап, өздеріне көп сенімсіздік туғызған. Ә.Марғ. ~ Жаушы жаңағыдай «құрал тапсыру» жайын бұйырғанда үйез әскері дағдарыста кідіре түскен. Себебі, өздерінің Лың жыдай сарыаяқ басшысынан ажырап қалулары бұларға сенімсіздік тудырған. Ж.Ахм.
СЕРГЕК ҚҰЛАҚ
Алғыр, зерделі, сақ адам. * Тоңқалаң топ басынан асқан тұмақ, «Бәлі» деп бас тұқырған төмен құлап. Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап, Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ. І.Жанс. ~ Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады. Б.Мом.
СЕНІМСІЗДІКПЕН ҚАРАДЫ
Күмәндене қарады, көңіліндегі күдікті жасыра алмады, сенім артпады. ~ Ұлықтар тексергенде Ырғайты еліне шеттеп келген Мардандарға өзгеше сенімсіздікпен қарап, қатты қысымға алып, қатаң ұстаған. І.Жанс. ~ Балалығында салқындықты көп көрген жан өсе келе өмірге де сенімсіздікпен қарайды. Ә.Ысқ. ~ Мына бір құлағы жоқ, қайыршының дорбасындай арқасына қап таңған, бір иығына бүктеп салған тоны бар, киімі жүдеу, сүреңсіз, өзі ұсқынсыз қазақ қалай-ақ менің әкем бола салмақ дегендей Владилена маған сенімсіздікпен қарайды. Б.Қыд. ~ «Мынау не жеп семіріп жүр-ей?» дегендей әйелім кейде бетіме сенімсіздікпен қарап қояды: – Мен жоқта балаларға қойған тамақтың бетін сыпырып жүргеннен саумысың-ей? Т.Сәу. ~ Гиви қыздың салғырт, салқын тартқан жүзіне сенімсіздікпен қарады. Т.Сәу.
СЕРГЕЛДЕҢ (КҮЙ) КЕШТІ
Әуре болып, ығыры шықты. ~ Замана дауылы ала құйын ұйытқып соққанда сергелдең кешкен халық қайғысы еді. С.Ел. ~ Борап, ұйтқып соғар тентек мінез де танытпай, үн-түнсіз жауып алғаны ауыр екен: бірде ұйқың келеді, бірде өз-өзіңнен жер тепкілеп айғайлағың келеді — сезімің селт етпейтін сергелдең күй кешесің, әйтеуір, басынан кене шаққан адамдай мең- зең, өз алдына лағып, бұйығы тартқан біреулер. О.Бөк.
СЕНІҢ ТАБАНЫҢА ҚАДАЛҒАН ШӨҢГЕ (ТІКЕН, ШӨГІР) МАҢДАЙЫМА ҚАДАЛСЫН.
Құрбаның болайын, құдай басыңа қайғы бермесін д.м. ~ Біз сөзден қалғалы қашан. Ағайын, ашсаң — аяңда, жұмсаң — жұмырыңда болушы едік… Сенің табаныңа қадалған тікен мандайымызға қадалсын деуші едік… Ж.Айм. ~ Күнім-ай, ботам- ай, соншама түйсіз биіктен құларлықтай жаныңа не зор туды екен. Сенің табаныңа батқан шөңге, менің маңдайыма қадалса болмай ма?.. Ә.Ыб. ~ … мен сені жанымнан артық санадым. Өзің білесің, сенің «табаныңа қадалатын шөңге менің маңдайыма» деп талай тіледім. Ж.Нәжім. ~ …Сен үшін ізденбекке бел байлағам. Сенің табаныңа кірген шөгір біздің мандайымызға қадалсын, деген еліміз сен емеспісің. М.Әуез.
СЕРГЕЛДЕҢ БОЛДЫ
Бос әуреге түсіп, басы қатты, дал болды, ығыры шықты. ~ Ыстық көжесін бор- бор ұрттап, бойы жылынған соң, Соқпақбай отыра алмай, күшеніп жалтаңдай басып тағы жөнелді. Соқаң сергелдең бола тұрсын. Біз тор шолақтың ізін кесейік. Ж.Айм. ~ — Ел билігін, жер билігін алған соң, атамекендерін өз қандарымен бояп, қайда қаңғыртты? Өзіміз нағып келдік мұнда? Дүниенің бұлың- пұшпағына, қазақтың босқындары сергелдең болып кетті. Т.Рыск.
СЕНСІН БЕ, СЕНБЕСІН БЕ
Таң қалды, көргеніне сене алмай абдырады. ~ Орнынан атып тұра бермек еді. Алдында үңіле қарап тұрған қара сұр кісі кеудесінен басып қозғалтпады. Сенсін бе, сенбесін бе… Ә.Кек. ~ Мұқатай қуанып. Қонағының көңілін қалай аулаудың ығын таппай, абдырай елпектеді. Ойнақшыған қоңыр көзі жалындап, сенерін де, сенбесін де білмей, ан-таң. Шынымен Әсетсіз бе? Қ.Тол. ~ Белсенділер сенерін де, сенбесін де білмей бір-біріне қарады. әлге созылған үнсіздікті ысқаяқ қара қайта бұзып: Қанша дегенмен өз еңбегімен емес, өзгені қанап үйренген бай-құлақтың қатыны емес пе, деді жымыңдап. А.Мек. ~ Терентий сенерін де, сенбесін де білмей біраз тұрды. Самұраттың шын сөзі тәрізді. Ал, ал. Түсіріп ал. Қораңа кіргізіп ал! Бұның тілін өзің білесің ғой. Ә.Тар.
СЕРГЕЛДЕҢ ДЕ СЕРУЕН (СЕЙІЛ)
Бас аман, ден сау болса бәрі қызық д.м. ~ Қыдыш. Қарағым-ай, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл емес пе? Ойында озған, шында да озады. Кел, Жүке, осыны екеуміз бәйге қылайық. М.Әу. ~ Сергелдең де серуен деген ғой. Жас кездеріңде бейнет көрсеңдер қартайғанда зейнет көресіңдер. Ж.Шәк. Менімен жақын сырласар, жанымды түсінер жолдастарым: «Сергелдең де серуен, қайшылықтардың ортасында өсіп жетілесің. Айтқаның ақиқат болса несіне қорқасың. Арың таза болса алған бетіңнен қайтпа. Көздеген бағытыңнан адаспасаң болғаны!» деп шабыттандырды. Ж.Шәк.
СЕҢ БҰЗЫЛДЫ
Өзен-судың мұзы еріді. ~ Сол ауырғаннан марттың аяғында – далада ойдым-ойдым қара жер көрініп,өзендерде сең бұзылып, мектепке бөгет бойымен айналып баратын кезде бір-ақ тұрдым. Т.Әбд. ~ Дәл қазір өзен тасып, сең бұзылып ерігелі Шу өткел бермек тұрсын, айғайлағаныңды естіртпейді. Б.Тоғ. Әлдебір игі өзгеріс, қозғалыс басталды. ~ Тізімге жазылу басталды. Сең бұзылғандай. Мерғалидан соң «меніде жаз» деген дауыстар шыға бастады. Кеңседегілердің көпшілігі тізімге тіркелді. Ү.Жәл. ~ "Балаларды бұзып жатыр, классиктерді ит жеме қылды" деп, жоғары жаққа домалақ арыз түсіпті. Оның да, менің де үстімнен. "Шыда, әзірге шыда, жуықта сең бұзылады, соған дейін сыр берме" дейді Арсекең. М.Қаб. ~ Жүсіп сақалын сипап, бата берді. Сол-ақ екен, сірескен мұздың іргесі сөгіліп сең бұзылғандай, отырған жұрт шуласып: – Бірігеміз, несі бар. – Екі қолға бір жұмыс. Біз де елміз, жұртпыз. Басымызды қосамыз. С.Жүн.
