Не болса содан күдіктенді, секем алды. Өте сақ, әккі адам туралы. ~ Ал арамзаларға бірдеме деу қиын. Олар арақ ішкен күннің өзінде саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағандай аса сақтық танытып мас болмауға тырысады. Ж.Шәк. ~ Ұлы жүз ханы неге қатыспайды мына диуанға? Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған ұябасарлық әбден түпке жетпеп пе еді. С.См. ~ Ал қазір екінің бірі «әне, қашқын!», «міне, қашқын!» деп саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отыр. Шекара күзетінің сақтығы да күшті. Ж.Шәк. ~ Арамызда сөз таситындар да жеткілікті. Көбіне сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарай бастадық. Өйтпеуге болмады, екі көзіңнің бірі, егізіңнің сыңары сенің жаныңдағы бақылаушың. Б.Қыд. ~ «Рақметті» жаудыра-жаудыра жолға түстім. «Рақметті» жаудырмай қайтем, сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған ол заманда кімге кім қарасқандай еді, «балапан басына, тұрымтай тұсына» болып кеткен-ді. Б.Қыд. * Сапты аяққа ас құйса — сабына қарауыл қойып отыратын сақтығы, көбінесе, малының түгелдігі жағында жүретін кісі еді. Ғ.Біл. ~ Бұл, сол заманға деген өкпе мен назаны жеткізудің бір көрінісі болса керек. Аңғалдық деп бағалар едім. Қанша астарлап баққанмен, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған кезең үшін анау-мынау емес көркем шығармаға эмоцияңды қосу «өле алмай жүр едім» деп жар салумен тең. А.Нүс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРҒАЯ КҮТТІ
Ұзақ, шыдамы тоза тосты. ~ Ести қоймаса байқау керек деген қорытындыға келді. Болмаса осыншама қуанышты сарғая күткен жүрек көтере алмай қалуы да ықтимал… С.Ғаб. ~ Мұстафа: Тізе қоса отырып күрессек, халқымыз сарғая күткен азаттыққа қол жеткізе аламыз. Қ.Бег. ~ Ғалия қонаққа жалт қарады. Жүрегі аузына тығылып: -Әкемді біледі екенсіз ғой. Жолына қарап сарғая күткенімізге не заман. О.Көшб. ~ Қарғаның манадан бері иегі қышып, сарғая күтіп отырған шағы осы еді. О.Әуб.
САПЫ ҰРДЫ
Пышақ салғандай доғарды. * Сыйладым шуақ жанарларыңа, Санасыз ойға сапы ұрдық. Сұлулық та жоқ ғаламда мына, Жоқ болса егер ақындық. Е.Рау.
САПЫРЫП ІШІП, КҮЙСЕП ЖЕДІ (ШАЙНАМАЙ АСАДЫ)
Ойына келгенін істеді, ішіп-жеді, жемқорлық жасады. * Бұрынғы директордың тұсында ол өзі сапырып ішіп, күйсеп жеп үйреніп қалған тәрізді. Б.Тоғ. ~ Лауазымы барларда үрей қалмаған. Жел қай жағымнан есер екен дегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қараушылар көп. Кеше ғана сапырып ішіп, шайнамай асап, шалқақ басып жургендердің жүні жығылған. Б.Тоғ.
САР ЖЕЛДІ (ЖЕЛІС)
Бір қалыпты қарқынмен алға жылжыды. ~ Күміс шілиялап пар жеккен қос ақ боз ат сар желіп келеді. С.Жүн. ~ Екі жолаушы бағанағы бойда сар желіп отырып, іш пыстырған тар сайдың аузына шығып, енді Орта — Ақсудың үлкен аңғарына ілінген соң, ат басын еркін жіберіп, біраз жарасып алды. Ж.Ахм. ~ Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Д.Әш. ~ Бара-бара үдей түсті де, іңірге қарай кәдімгі күздің қара жауынына айналып, төпеп кетті. Жігіттер торы атпен құйрық тістесе соңынан бір елі қалмай сар желдіріп келеді. С.Жүн. ~ Көз жетер жерде қарайған қара жоқ, сар далада сағым көшеді. Сары шалдың астындағы ақ тұлпар сар желістен танған жоқ. Сарбасаттың сыртындағы ауылдан таң сәріден шығып еді, күн сәскеге көтерілді. З.Шүк.
САР ТАП БОЛДЫ
Шаршап-шалдықты, қалжырады, титықтап бітті, әбден жүдеді. * Көңілімде соғар жерім, барар үйім жоқ емес. Алайда, ұзақ жолдан сар тап боп келгенде осы үйден артық дем алар жай бола қояр ма екен? Р.Рай. * … көк күмбездің әлде бір жерінен азаншының сарғайып сар тап боп жатқан көл-көсір даланың қиыр-қиырына жететіндей қып күңіренте шырқаған әдемі үні естіледі. Ә.Кек. * Телжанның алдында сонау бір кезде торкөз дәптердің беті не жазылған тілімдей- тілімдей төрт хат жатыр. Төртеуі де сар тап боп сарғайып, илеген терідей жұмсарып, әбден тозған. Д.Әш.
САР ТЕНТЕК
Алаңғасар, ерке, есерсоқ. ~ Әжесінің айтуынша, о дүниенің мақұлықтары мұрынды, ауызды, бетті, көзді ойып, бәрін жеп қойған. Өзінің, әжесінің сар тентегі Аңсағанның басы…– осы арада баланың тұла бойы түршігіп кетті. Ж.Нәж. ~ Сен тентек шаршадың ғой. Біраз отырып, дем ал, қалқам… Б.Мом. ~ Сар тентек «сақау» еді ол көрінген, Қалай тез оған әсем өң берілген?.. Өзінен үлкен еді домбырасы, Күбідей шанағы да өңгерілген. Х.Ерғ.
САР ТӨСЕК БОП САРҒАЙДЫ
Аурудың әсерінен ұзақ төсек тартты. * Әлсін-әлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, алма еріні кезеріп Бетпақ кезіп кеткендей, кимешегі қалқылдап қуыршаққа тіккендей, сатпақ-сатпақ жастығы емес кетпендей, сар төсек боп сарғайып – бұ жатқаның қай әйел? Ж.Айт.
САП ТИДЫ (ТЫЙДЫ)
Дереу тоқтатты; бірден қойды. * Қол жасақтап, көрінбейтін жауды ұстауға сайда бас бұғып бір топ жігіттер жатады. Ондайды жоғарыдан көзі қырағы Бала батыр біліп қап сәтте шабуылын сап тияды. Ш.Құм. * Өзбекстан соның нәтижесінде діни экстримизмді сап тиды. БАҚ. * Күлкісін тоқтата алсайшы. Қанша күлерін кім білсін, екі адамды көрді де күлкісін сап тиды. Бұл адамдар – жазушының жаңа әңгімесінің кейіпкерлері еді. А.Мант. ~ Әйел одан көзін тайдырмай қадала қарап қалған, жас жуған жүзі боп- боз. Агбаның өзін орнынан тұрғызғанына үміттенген, әрі сескеніп шошынған түрде өксігін сап тыйып сілейді де қалды. — Кетіп қал! Жылдам кет! — деп қатая түсті араб. А.См.
САРА ЖОЛ
Түзу, тура, дұрыс бағыт; адастырмайтын жол. * Тәңірімнің бір өзі жар болғанының арқасында, Сартаулы халқын сара жолға салып еліме оралдым. Ә.Кек. * Шартарапты шарпып, жалпақ жұртты ұйытқан, билік пен білім тізгінін тең ұстаған қайран сара жолым! Т.Жұрт. * Жұтынып алға өңмеңдеген жыланкөз, шұбар бетке иек қақты. – Сіздің сара жолыңыздан ауытқымай, тек өзіңіз сияқты басқаруға тырысамын! Т.Сәук. * Сізге жүрек сөзімді айтар болсам,мен коммунистік идеяны жақтаймын. Елдеріңіздің жүріп отырған сара жолынадаерекше қызығамын. Ж.Шәк. ~ Қара боп әппақ Ақ болды қара. Қарғалар қаптап, Айнала — нала. Кешегі сара жол Қайда? Қара! Дал болды сана, Бұған не шара! Т.Әбд-а.
