Posted in

САРАЙЫ АШЫЛДЫ

Кеудесін кере дем алды, таза ауамен тыныстады, рахаттанды.~ Тіл-аузы бар адам емес пе, үндемей жүруге қашанғы төзбек. Біреумен сөйлессе – сарайы ашылып, тынысы әжептеуір кеңіп қалады. Қ.Тол. ~ Жылыбұлақтың суы атына сай, ішкенде жалпы шөл суына тән кермек дәмі де білінеді ептеп. Бірақ сонысына қарамастан жұтқан сайын сарайың ашылып, іше түскің кеп, аңсарың ауа береді. С.Мұр. ~ Қарғаларым-ай, сендерді де ерте оятып жібердік-ау, –деп Елісханның екі ұлының торсықтай маңдайларынан кезек иіскеген Әліптің сарайы ашылып, сәтке болса да тынысы кеңи қалды. Ж.Шәк.

Posted in

САНАТҚА ҚОСПАДЫ (АЛМАДЫ)

Есептеспеді, қор санады. ~ Әкпар әйеліне жалт қарады. Тіркістене түсіп, қоңыр көзі қошқылт тартты. Жуас шопанды санатқа қоспаған жұрт бұл шат-шәлекей өзгерісті аңғармады. М.Қаб. ~ Бәрінен де ораза мен бітірдің кезінде имансызсың деп, қызыл жұмыртқаның кезінде антихрист деп бұл жұрттың санатқа қоспайтыны жанға батады да!.. Қ.Ысқ. ~ Некесіз баланы «көрдемше»,- деп қатарға қоспаған. Жаугершілік заманда сапқа тұрғызып, санатқа алмаған. «Жеті атасын білмеген жетесіз»,- деген. С.Досж.

Posted in

САНЫН СОҚТЫ

Өкініп қалды, алданғанын кеш түсінді. ~ Туу, қара басып танымай қалыппын ғой, — деді апам санын соғып, — ау, сіз анада Қойшыжанды ілестіріп кеткен шал екенсіз ғой. Н.Сер. ~ Үйлену Балбаланың ойында мүлде жоқ еді, "Бүгін жолым болмайтынын сезіп едім-ау, сезіп едім!" — деп іштей санын соқты да қалды. Ә.Тар. ~ Шарик-Малик ашып жіберіп еді, бұршақтай шарик жәудіреп орнында тұр. − Қап, – деп санын соқты Шарик-Малик. – Давай, енді екі жүзден тігейік. Ш.Мұр.

Posted in

САНАТҚА ҚОСТЫ

Жұрт қатарына қосты, адам қылды, өсіріп-жетілдірді. ~ Кезінде өзін біреу мәпелеп асырап өсіріп, санатқа қосып, адам етсе, ол қамқорлық қақысы айнала беріп өз басына да келді. С.Жүн. ~ Әкеңе қарызым көп еді, — деді отағасы күрсініп. — Жетелеп жүріп жеткізіп, сүйрелеп жүріп санатқа қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарызым есіме түседі де өзімнен өзім қысыламын. Қ.Ысқ. ~ «Жаудың аты — жау. Ол ешқашан дос болмайды, доспын дегенмен, осал кезіңді күтіп, үнемі аңдыйды да жүреді. Сондықтан оны «бар» деп санатқа қосқанша, «жоқ» деп ана жаққа жібере салған жақсы», — деп еді. Б.Нұрж. ~ Әрине, халық үшін төккен тер, еткен еңбек ешқашан ескерілмей қалмақ емес. Жетпіс жыл бойы темір құрсауда іштен тынып, булығып жүрген ел енді міне, өзінің абзал ұлдарына іздеу салып, санатқа қосып, қайта тірілтіп жатыр. С.Ақт.

Posted in

САНЫН ШАПАЛАҚТАДЫ (ШАПАҚТАДЫ, ШАПАТТАДЫ)

Қуанғаннан есі кетті. ~ Сонан бері Ермек, әкесі қуса жеткізбейтін қасқыр жоқтай көретін. Сондықтан ол Жалаудың «өзім қуамын» деген сөзін естігеннен кейін алақайға басып екі санын шапалақтай жөнелді. Ә.Әб. ~ Күлкіші Хасен ғой баяғы. «Әй, Саршұнақ, әй, жалаңтөс Бәһәдүр, бір керемет қызық айтайын ба?» деп әрқайсымызға қойған атауымен шақырып алып, қызығын айтпас бұрын санын шапалақтап алдымен өзі күліп алатын сол кісінің осыған неге ұнамайтынын миыма сіңіре алмадым. К.Сег. ~ Ырысбек мүлде ішегі түйіліп, көзінен жасы сорғалап, санын шапақтап өлді де қалды. Қысқасы не керек, ойын біткенше есін жиған жоқ. С.Мұр. ~ Адам болып жаратылудың өзі таудай бақыт. Соны сезу мұң екен – ешбір бақытсыздыққа бұл дүниеден орын қалмайтын сияқты. Соның бір дәлелі әне анау қосаяқтап, санын шапаттап келе жатқан Кенжегүл. Ш.Мұр.

Posted in

САНАТҚА ҚОСЫЛДЫ

Жұрт қатарлы болды, абыройы артты, белгілі бір топқа қосылды. ~ Ес — ақылдың алғашқы нышанасы. Есі кірген бала ақыл есігінен аттайды. Ақылы толысқан бозбала (бойжеткен) кәмелетке енеді. Кәмелетке ену — кәдеге жарау, санатқа қосылу. И.Сап. ~ Бет алдымыз — терістік. Одан соққан ызгырық-қызыл жалап барады. Бірақ қаптағы екі пұт тары оны бізге сездірер емес. Бәріміз санатқа қосылып қалғандаймыз. Б.Қыд. ~ Бұл кезде күшік адам атаулыны иелерім, — өзіне күнде тамақ құятын, үйдің бар шаруасын істейтін ұзынетек кісі де осы санатқа қосылатын, — және бөтен жандар деп екіге бөлетін. М.Мағ.

Posted in

САНАУҒА ОН САУСАҒЫ ЖЕТЕДІ

Көп емес. ~ Сендер кімсіңдер? Қаншасыңдар? Аттарыңды атап, сандарыңды санауға он саусағым еркін жетеді, бас-аяғың онға толмайтын оңбағандар жалған ұран шығарып, жай білмейтін жатқа жарамсақтанып, жақынға жала жауып, жақсы атқа ие болғансып отырсыңдар. С.Сей.

Posted in

САНЫНДА ҚИСАП ЖОҚ

Өте көп; саны мол. * Енді ойлап отырса, мұндай оқиғаларда, сынықшының шапағаты тиіп санатқа қосылған азаматтар санында қисап жоқ секілді. О.Сәрс. ~ Оғыз тайпалары Сыр бойына барып сонда оғыз мемлекетін құрды, ұйғұрлар Тұрпанда идіқұт мемлекетін, Гансуда ганжоу хандығын құрды. Демек көшкен халықтың санында хисап жоқ, жарты млн не млн-нан артық. Ж.Шәк

Posted in

САНАУЛЫ ДЕМІ БІТТІ

Ажалы келді; өмірлік жолы таусылды. ~ Санаулы демі біткен соң бар байлығын балаларына қалдырып саудагер әке бұл фәниден бақиға аттанады. М.б.Т. ~ Шын ажалың жетпесе, Санаулы демің бітпесе, Бір жәрдемі тиер-ау Бабай түкті бабаның. Қайыр, қош, деп Алпамыс, Ырзалық жауап айтады. Байланды арқан беліне, Кейқуатты тартады. "Алпамыс б."