Posted in

ҰШТЫҒЫНА ШЫҒА (ЖЕТЕ) АЛМАДЫ

Әлдебір істің мәнісін түсіне алмады, түбіне ой жеткізе алмады. ~ Бек сол жолы еш нәрсенің ұштығына жете алмай, әрі-сәрі күй кешкен… Б.Тоғ. * Шырақшы бір ұзын сүреге түсіп алып, ұштығына шыға алмай отыр. З.Шүк. * Дүние аласапыран, күн сайынғы өзгерістердің ұштығына шыға алмайсың. Бүгін бірін бағындырсаң, ертең екіншісі. Қ.Жиенб. * Ешбір ойдың ұштығына жете алмаған Бәйтен кешкі сағат сегізге он минут қалғанда көпірдің жанына келді. Т.Әбд.

Posted in

ҰЯҢ КӨЗҚАРАС (КӨЗ)

~ Василий Кусков жаратылысынан сыпайы адам болатын да, сырт көзге жұмсақ мінезді, кейде тіпті жасықтау да көрінетін. Оның ұяң көзқарасы, майда қимылы, қоңыр даусы алғашқы көзге осыны аңғартатын. Т.Ахт. ~ Оның имене басқан әр қадамы, ұяң көзқарасын жас маралдың мүсіні мен іс-қимылын еске түсіретін еді. О.Уай. ~ Аяқтарында кебіс байпақ, не жаман кішкене етік. Адамдары өңсіз, ұяң көзінің астымен қарайды. Сөзді айқын сөйлемейді. Ішінен бір қулық даярлап отырған тәрізді. С.Сей.

Posted in

ҰШЫ-ҚИЫРЫ ЖОҚ

Әсіресе, крестьяндарды, ұшы-қиыры жоқ еңбек елін қарсылыққа бастап кететін революцияның күштері декернеп келеді. М.Әу. – Осы маңайдың, – дейді олар, – тауы, орманы жоқ, ұшы-қиыры жоқ, жап-жалпақ кең даласы көлге таянабұйраттана бастайды да, аңғарға жақындай қырқаланып кетеді. С.Мұқ. Бір мезет оған мына түнек түннің ұшы-қиыры жоқ сияқты көрініп кетті. З.Шүк.

Posted in

ҰЯСЫН БҰЗДЫ

~ Жұрттың сүттей ұйып отырған талай ұясын бұздың!!! Некелі жарына қол салдың!!! — Мен… ешкімнің ұясын бұзғаным жоқ! Ешкімнің әйелін зорлағаным жоқ… еркінен тыс!!! Желқуық ұрғашылардың өздері кінәлі!!! Шыбыш сүйкенбесе, теке артылмайды!!! Мен зорлағыш болсам Хансұлуды неге зорламаймын?? Кегім бар, қыжылым бар… Әрі, өзегіме түскен жегі құрттай… ұшқым кетіп жүрген ұрғашы… Ал, тағы қандай айтарың бар, зәнталақ!!! — деп, кіжініп миын бұрғылаған әлгі бұралқы ойға қарсы айқайлады. С.Ел.

Posted in

ҰШЫҒЫН ШЫҒАРДЫ

Шетін көрсетті; емеурін байқатты. ~ Қуанышты той үстінде отырса да іштей жұтатып, өзегін кеміріп шыдатпай бара жатқан осы сыбыстардың ұшығын шығарғанда Балқаш даңғырлап қоя берген. Ғ.Біл. ~ Әй, балалар, бытырамай тұра тұрыңдар, той болған соң, ойын– сауықсыз бола ма?! – деп Әбекең тағы бір ойының ұшығын шығарды. К.Сег. ~ …өзіне тілектестіктен басқа жамандығы жоқ жігіт еді, сондай бір жүрекжарды жаңалықтың ұшығын шығарды да, «қалғанын ертең»,– деп, ештеңеге үлгертпей қоя салды тұтқаны. С.Нұғ.

Posted in

ҰЯСЫНАН ЖЕРІДІ

~ Бір кезде қолы жетпес ақ құстай көрінген Ақтоты міне алдында тұр. Қанаты сынып қайырылған, ұясынан жеріген… Енді барар жер, басар тауын білмейді. Б.Тоғ.

Posted in

ҰШЫҒЫНА ШЫҒА (ЖЕТЕ) АЛМАДЫ

Істің, ойдың түбіне көз жібере алмады; әлдебір түйінді шеше алмады, толық түсіне алмады, ұқпады, мәнісін түсінбеді. * Мұсабай жаман ойдың ұшығына шыға алмай жатқанда, Бірмаған жақсы атты кісі бола қалайын деп, түнде шапқызған екен. Ж.Айм. * Шалының бұл қылығын қанша ойласа да ұшығына шыға алмады. А.Сей. * Апыл-құпыл киініп жатқан сәтінде Күреңбай Нұртайдың кейінгі кездегі оқыс өзгерген осы құбылмалы мінезіне ой жүгіртіп еді, бірақ оның да ұшығына шыға алмады. С.Ом. * Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел болуға бәріде қарсы емес, бірақ кімнің қолы… Билер сол даудың ұшығына шыға алмай, түннің бір уағына шейін ырғасты… З.Шүк. * О, Тоба! Кейде періштедей көрінген пенделердің адам ұшығына жете алмайтын талай қат-қабат мінезі бар-ау, дүниеде! Е.Мұх. * Бүгін операцияға жатқызамыз дегендерін естіген. «Басқа да пышақ салып жаза ма екен?..» деп Айкүміс осында келгелі ой ұшығына жете алмай жүр. Ғ.Слан. ~ * Байсалбай. Міне, осы. Бүгін ауыз жаласып отырсаң да, саған арнап қойнына бір тас тығып отырады. Сен де сырт бересің ғой әлі, сені осымен матайын деп, бір қауіптің жотасын көрсетіп қояды ғой. Әйтеуір ұшығына бір жете алмай-ақ қойдым, не керек. М.Әу.

Posted in

ҰЯТ АРҚАЛАДЫ

Бар жақсылықты үйіп-төгіп, не алдаусыратып, сөздің артын ұзын арқан, кең тұсауға салып уатсаң, балашасенген ақкөңіл жандардың алдында кешірілмес ұят арқалап, үнемі күнәһар боп жүргенің… С.Жүн. Үрия. Шық үйімнен бейбастақ. Айнаш. Кейін ұят арқаласаңыз бізге өкпелемеңіз. Ә.Тәж. Ал сен болсаң, елдегі тентектігіңді ұлы адамның, ұлы патша Мұрагерінің алдында жасап, айықпас ұятарқалаттың халқыңа. С.Жүн.

Posted in

ҰШЫҒЫНА ШЫҚҚАНДА

*Алайда осы мәжнүн сырдың ұшығына шыққанда, алғашқы әсер ұшты-күйлі жоғалып, орнын әлдебір ылайлы, жайсыз сезім басады. Т.Әсем. * Бірақ сөйлем сайын тарқатылған сұмдық сырдың ұшығына шыққанда о бастағы ізгі махаббаттың қандай аномалияға айналғанын көресіз. Т.Әсем. * Философиялық кульбит сияқты сәт сайын құбылып, аударылып-төңкеріліп тұрған пікірдің ұшығына шыққанда түсінгенім – қазақ әдебиеті тек қана әдеби әулеттің ісі болып қалады екен, және сол кезде қайта өрлеу (!) басталады екен. Т.Әсем.

Posted in

ҰЯТ ҚЫСТЫ

Ж а ң ы л. Қиналдым дейсіз бе. Сізді көп болса азғантай ғана ұят қысқан шығар. Т.Ахт. Ұлын ұйықтатып болысымен Ақбергенді біледі — ау деген еркек кіндіктілерге түгел телефон соққан. Біржағынан ұят қысқандығын да жасыра алмайды. Қ.Жиен. Үндемей, жанында томпайып жүреді де қояды. Қой аузынан шөп алмас момынның өзі. Ол үндемеген сайынжігітті ұят қысатындай. С.Досж.