Posted in

ОРАМАЛЫ КҮЙЕЛЕШ, ЕТЕГІ САУЫС

Ұқыпсыз, кір-қожалақ әйел туралы. * Сөйткен Оразбек бүгін бұл түгілі ханға сәлем берсе де. Бұған рулас болып келетін орамалы күйелеш, етегі сауыс қара қатын мен берекесіз Оразбектен тіршіліктің апшасы қуырған екі бала қалай шығып жүргеніне таң. Н.Дәу.

Posted in

ОРАМАЛ ТАСТАДЫ

Біреуді айтысқа, басқа жарысқа, бәсекеге шақыру салты. * Өлеңнен кейін «орамал тастамақ» болды. Бұл елдің әйелге бар көрсететін бір артық сыйы: жігіт орамал тастаса, қыз үн-түн жоқ барып сүйер еді, қыз тастаса, жігіт үш ауыз өлең айтып сүйер еді. «Орамал тастамақтан» өлең білмейтін топастардың мысы шықты. Ж.Айм. * Енді осы отырған жұртқа орамал тастап, айтысқа, өлеңін шақырып көріңізші – одан бәтуа шықпайды. О.Сәрс.

Posted in

ОРАМАЛ ТАРТТЫ

Келін болып түсті; күйеуге шықты. ~ Келініңіз риза. Басына тартқан көк орамалын әлі тастаған жоқ. Сол күйі орамал тартқан келін боп кететін түрі бар. Ұлы Жібек жолымен алғаш жүруі ғой, бәрін айтып, түсіндірдім. Қ.Түм. ~ Осылай шешкен Жігер, Жанардың басына ақ орамал тартып, осы үйдің тірлігін істеу, аяулы жар ғана емес, келін болуы бақыт екенін армандаудың өзі бос қиял деп шешті. АҚ «Таразы…»

Posted in

ОРАМАЛ СЫЙЛАУ

Қыз баланың өзі ұнатқан жігітке сезімін білдіріп, орамал сыйлауы; сондай-ақ екі арада жүрген жеңгесіне алғыс ретінде орамал сыйлауы. * Араға жүрген жеңгемізге қазақ жігіттерінің салтымен шәйі орамал сыйладым. М.Мағ. * Бірақ, Мырзагүл оны өзі іздеп келеді деген ой ешқашан ойына кіріп көрген жоқ. Қыз намысы ондайға жол бермейді. Ол орамал сыйлап, айтарын айтты, ендігінің бәрі жігіттің мойнында… Ш.Айт.

Posted in

ОРАМАЛ САЛУ

Жаңа түскен келіннің басына орамал жабу салты. * Менің есіл-дертім киелі шаңырақтан оң аяғыммен аттау. Қазір басыма ақ орамал салғысы келетін жеңгелері мені көрісімен тұра ұмтылар. Отқа май тамызар. Жан-жақтағы ағайын-туыстары жиналар. Қ.Жиенб. * – Әрине, – деді Гүлзина менің ойымды сезгендей. – Зорлықпен алып қашып, үйге енгізіп, басыма орамал салғанда, соның бәрін сыпырып тастап, қайта кетіп қалуыма да болатын еді. Ә.Асқ.

Posted in

ОРАЛЫҢНЫҢ БАРЫНДА (ОЙНА ДА КҮЛ)

Жастық дәуренің өтіп кетпей тұрғанда, шама-шарқың барында. ~ Жастық дәурен екі айналып келмейді, — деп ішек-сілесі қатады. — Сен де кәдімгідей пендесің ғой, ақ қанатты періште емессің. «Оралыңның барында ойна да күл!» дегенді бұрынғылар неге айтты дейсің? Т.Рыск. ~ «Оралыңның барында ойна да күлді» ойланыңқырамай айтқан қазекеме обал жоқ. Осынау сөздерді сыңаржақ ұғынған ұрпағына сауап. Саған да сауап. М.Байғ. ~ Ойна да күл, оралыңның барында әсте босқа тұрма, Әзірейіл алам десе, құтылмайды хас батыр да. Н.Айт.

Posted in

ОРАЛЫМЫ АЗ

Икемі жоқ, епсіз. ~ Жақанның мінезі долбиған денесі секілді. Сөзге де, іске де оралымы аз. Жұқалап қасымалдап баратын жерде дүрс еткізіп төбесінен қойып қалады. Б.Соқ. ~ Жалпы, нағыз қала балаларында көп кездесетін қасиет. Жұмысқа ынтасы қырғын. Әттең оралымы, ебі аз. М.Қаб.

Posted in

ОРАЛЫМДЫ ОЙ

Қисынды, көптің көңілінен шығатын пікір. * Ал алыстан келген ағайынның пысын басуға да өктемдігі жетіп артылады. Өткір тіл, оралымды ойды ондыққа дәл тигізеді. Қ.Жиенб. * Хиссалардың маржандай тізілген таза тілі, оралымды ойы, қиял жетпес теңеулері, ертіп отыратын екпіні, ұйытып тастайтын ұйқасы тыңдаушының жан сарайын жарқыратып жібергендей сезілетін. Б.Мом. ~ Қаламы жүріп берді-ау деймін, бір жақсы оралымды ойлар келіп қалды. К.Қаз.

Posted in

ОРАЛЫМҒА КЕЛМЕДІ

Икемге көнбеді, жөні болмады, ыңғайы түспеді. ~ Енді, Тастанның тұрмысын көргеннен кейін, ол сөздерді айтайын десе, күрмеліп қалғандай, тілі оралымға келмей — ақ қойды. С.Мұқ. ~ Аяңдап кеткенде алдымызда отыратын Семен Зонин, еңбектегенде ең артта қалады. Екі метр ұзын бойы оралымға да келе бермейді, арқасында мықты бір нардың жүгі және бар. Ғ.Мүс.~ Ойларыңның салмағы басыңды төмен алып барады, — деді, налу білмейтін Володя Толстов. Ол әр кезде менің орысша сөйлегенде оңай оралымға келмейтін жайымды бақылай жүретін. Ғ.Мүс. ~ «Мұның қалай?» — деп айтайын деп еді, көкірегіндегі сөз бір түрлі кептеліп тілге оралымға келмеді. С.Мұр.

Posted in

ОРАЛЫМҒА КЕЛДІ

Икемдірек болды. КӨНЕ БАСТАДЫ. ~ Ағаш жейтін құрт тоқылдақтан өмірде құтыла алмайды, қабықты тесе сала, тоқылдақ тесік астына тілін тығып жібереді. Тілі ұзын және оралымға келгіш болады. Тілімен қабық астындағы құртты суырып алады. А.Байт. ~ Екеуіміздің көзіміз енді ғана кездесті. Дүкенші қазақ та емес, орыс та емес мен білмейтін бір ұлттың адамы болу керек, орысшасы да оңып тұрған жоқ сияқты, қазақшасы да сынған доңғалақтай әрең-әрең оралымға келеді. Ғ.Мүс. ~ … атасының сұқ саусағынан алған кішкентай немересі тілі енді ғана оралымға келтірген «р» дыбысын екі-үш еселеп былдырлады: – Ата, жүр-ріңіз, мен ер-ртіп шығар-райын! Ғ.Біл