Ойлағаны болды, реті келді. ~ Таяуда ғана аяқталған семестрден әжептәуір қалжырап қалған Вера Клейторн былайша ой кешіп отыр: «Ортақол мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалимасы болу — не бір үлкен дәреже дейсің… Әлдебір тәуір мектептен жұмыс тауып алудың орайы түссе ғой шіркін…» А.Крис. * Суат басына күн сайын сол дәмемен барса да, орайы бір түспеді, ұзақ күтіп тұруға уақыт жоқ. Ш.Айт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОРАЙЫ ТАБЫЛДЫ
Сәті түсіп, амалы табылды. * Ол үшін амал жоқ, саған да, маған да кінә жоқ. Бірақ басқа оқудың және де орайын таппадың ба? М.Әу.
ОРАЙЫ КЕЛМЕДІ
Сәті түспеді; мүмкіндік болмады. * Аяқ артар көлігі жоқ, қалтасы тесік студентке қыстың көзі қырауда алыс ауылға жетудің орайы келмеді. С.Досан. * — Қайда бармақсың? — Арманым Назарбаев отырған үлкен үй. Оның орайы келмесе, Госплан мен министрліктің біреуіне бармақпын.
— Мына жұмысың оңды емес пе? Кандидаттықты қорғап алдың. Докторлыққа тұзақ тастап тұрсың. С.Досан.
ОРАЙЫ КЕЛІП, ОҢТАЙЫНА ІЛІНДІ
Сәті түскен іс туралы. ~ Орайы келіп, оңтайына ілінген іс қана діттеген жеріне жетіп, барқадам табады. Қазақ мұны «ұқсаттыру» дейді. Т.Жұрт.
ОРАЙЫ КЕЛДІ
Ыңғайы келді, сәті түсті. ~ Бұл бұрын «Ылыя», «Талпын» деген қойындас жатқан шарқы шағын екі колхоз еді. Жаны аралас, қойы қоралас дегендей, көршінің ішіндегі татуы да солар болатын. Міне, енді орайы келген соң іріленіп, мал-мүлікті қосып бір колхозға айналған. С.Шайм. ~ Айналайын ақжауынның арқасында орайы келе қалған демалыс күнін төрт жігіт осылайша ішімдікпен атап өтуді жөн көрген. Ж.Баз.
ОРАЙ ДА БОРАЙ
Аласұра соққан жел, боран, жауған қар туралы. ~ Ызындаған жел қыстау орналасқан қазан аузындай шағын ойпатты басып, орай да борай соғатын сияқты… М.Қаб. ~ Жолы – шексіз, Мамай – мәңгілік сияқты еді. Шақпақ жақтан жайлап жел соқты. Аспаннан жауған торғайбас қар орай да борай ұйтқи бастады. Қ.Ыс. ~ Әкем осыны сезген екен ғой. Бұдан отыз жыл бұрын әкемді көшкінқар құрсаулап тастаған қыста да осылайша орай да борай қар жауған екен. Аттанайық! О.Бөк. ~ — Ал менің жылағым келіп отыр.— Вирджиния шашын сілкіп
еді, алтын құйын орай да борай жөнелді. М.Қаб.
ОРАЗДЫНЫҢ ҰЛЫ ӨСЕР, ЖИЫРЛЫНЫҢ ҚЫЗЫ ӨСЕР
«Оразды» — бақытты, құт-береке қонған адам, «Жиырлы» (дұрысы — Шиырлы болса керек: «Шиырлының баласы жиырмасында жас болады») — қырсық шалған, жолы болмайтын, маңдайының соры бес елі д.м. ~ Жел, жел есер, жел есер, Жел астына қарасам, Қоға менен тал өсер. Ораздының ұлы өсер, Жиырлының қызы өсер, Кенелейін деген жігіттің, Жылқы ішінде екі арғымағы тең өсер! Шалкиіз ж. ~ Ақбытпаланып жұрттан әдейі асуға талпынған да жоқпын. Бірақ аянбадым. Қазір қидасын кәріжілікті екі түгей ат та бітті, ораздының ұлы, жиырлының қызы өсіп, ілгері ұмтылып жатқанда көптен бөлек жүрген көмусіз қалады дегенді ойлап, жұртпен қатты, қитықсыз араласып кеттім. Б.Қыд.
ОРАЗДЫНЫҢ ЖОЛЫН БЕРСІН
Жолың болсын, арманыңа жет д.м. ақ тілек. ~ Қатарда жортып келе жатқан Жарқымбай, Дубай, Құлайғыр үшеуі бірдей: «Сәт-сәт, жол болсын!», «Байлансын, Ораздының жолын берсін!» десіп, лау-лау етісті. Бұлар жылқыға тақап қалды. М.Әу.
ОРАЗДЫНЫҢ ЖАЙЛАУЫ, ШИЫРЛЫНЫҢ ҚЫСТАУЫ
Жолы болғанның жайлауы, қырсық шалғанның қыстауы д.м. ~ Қыс болғанда, байыздап жылқы тұрмас, Жылқы тұрса биеде құлын тұрмас. Ораздының жайлауы, Шиырлының қыстауы Бұл бір өзі ерейген тас. Екі жағын қыстаған ел малды болып, Шарасы мұндағы елдің малға толмас. БС. «Асан Қайғы.»
ОРАЗДЫНЫҢ БАЛАСЫ
Басына бақыт қонған адамның баласы д.м. ~ — Мен тоғышар емен, аға. Ораздының баласы он бесінде баспын дер! Он бестегі жігіт бала бола ма екен?! — деді де, аға берген темекіні шалбарының қалтасына үгітіп, орнына барып отырды. Ғ.Сл.
