Жалмап-жеді, құртты. * Шыңғысхан шапқыншылығы қыпшақ даласын да өрттей шарпып, ормандай отап, жалмауыздай жалмады. Д.Рамаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОРАЗА-НАМАЗЫ БҰЗЫЛМАҒАН
Адамгершілігі мол, иманды адам туралы. ~ Дүниеде өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін, не болмаса тірі пенденің бетіне «әй, сен сондайсың» деп қарамаған, немесе тірі пендеге тілі тимеген, жарықтық ораза-намазы бұзылмаған, таза да тәкаппар әйел еді. О.Бөк.
ОР ТЕКЕДЕЙ ПЫСҚЫРДЫ
Шошытты, үркітті. ~ Патша келїп қараса, Оқ жыландай ысқырып, Ортекедей пысқырып, Жїгїттердї бұтына Қысып-қысып тыштырып. «Мұңл.-Зарл.»
ОР ТЕКЕДЕЙ ОРҒЫДЫ
Адуындап, екпіндей қимылдады, шапты. * Ауыздығын қарш-қарш шайнап тізгінді сүзе тартқан ақ боз ор текеше орғып, желігіп келеді. С.Жүн. ~ Сонда не тапты, жап-жас, ортекедей орғып жүрген ажарлы да қайратты келіншектің қайранға кетпес жастығының да, жанының да мұқалуы ма. Ш.Құм. ~ Түстері суық, терең ойға кеткен Сарыарқа да терең ұйқыға батып жатқанда, ортекедей орғытып қыр балалары келе жатты… С.Сей. * Ол кезде Омар бүгінгіден әлдеқайда жас, ортекедей орғып тұрған шағы еді. О.Бөк. * Тас барған сайын екпіні өсіп, ор киіктей орғи секіріп төмен қарай жытқып барады. С.Елуб.
ОР ҚОЯНДАЙ ОРҒЫДЫ (СЕКІРДІ. ҚАРҒЫДЫ, ЫРҒЫДЫ)
Ойқастай шапты, зыта жөнелді. ~ Ақбоз ат манежға шыққанда ұршықтай үйіріліп, әртүрлі кедергілерден ор қояндай орғушы еді. Ә.Нұрш. ~ Бірден ор қояндай орғып, ар жағындағы жыртылған зябьқа қарай тартып отырды. Зытып барады. С.Жүн. ~ Бір де адам қалмастан түгел мінді. Кейбірі мүлдем жабылмайтын болған кемтар терезелерден шаң бұрқ — бұрқ кіріп, даланың бұралаң жабайы жолымен, міне енді, ор қояндай орғытып келе жатыр. Б.Соқп.
ОР ҚОЯНДАЙ СЕКІРДІ (ҚАРҒЫДЫ, ЫРҒЫДЫ)
Орғып-орғып, тасырлата, зытып берді. ~ Тұлпардан туған Көк жорға ат Ор қояндай секірді. Алмас қылыш сартылдап Алтынды жүген жарқылдап, Көк жорға тұлпар қырланды. «Қыз Жібек». ~ Әйтсе-дағы ор қояндай секірген жүріс-тұрыстары мен мөлдірей тесіліп аңқау қараған кейіптерінде сәбиге тән сүйкімділік бар. Н.Айт.
~ Оң қолына тоғыз буынды шойын табанды найзасын ұстап, атақты Ақауызына мінген Наурызбай мен Ақылақты ор қояндай секірткен Ағыбай мың сарбаздың алдына шықты. І.Ес. ~ Бәлкім, мұның күңіренген үні әдетінде тас бауыр тәңірінің құлағына шалынған шығар, оның да жақсылық пен жамандыққа селт етер ет жүрегі бар ма, Шам ышқына кісінеп алып, ор қояндай қарғыды. А.См. ~ Ақбоздың бүйіріне шпорды сонда салдым. Ақбоз ор қояндай ырғып, ордың ар жағына барып дік ете түсті. Ә.Нұрш. ~ Атқа мініп Жұбаныш, Сапар шығып жөнелді. Жануардың жүрісі Ор қояндай ырғиды, Атқан оқтай зырғиды. Аяңдамайды, желеді, Дөңгеленіп келеді. Диірменнің тасындай, Жүрісі қызық осындай. «Жұбаныш».
ОР ҚОЯНДАЙ ОЙНАҚТАДЫ
Асыр салды; ойқастап, секірді; шаттанды; рухтанды. * Кеше ғана, иә, кешелер ғана ор текедей ойнақтап, қара жерді белшесінен алшаң-алшаң басып жүрген азамат енді міне, сол қар жамылған қара жерден сынық сүйем көтеріле алмай, өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқаны-ай. О.Бөк. ~ Осы кезде: ұзынша бойлы, жауырынды, бірақ белі талдырмаш, үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғарғы ерні жаңа ғана түбіттене бастаған атжақты, сары сұр әдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп Нұрмағамбетке сәлем беріп, қолын ұсынды. С.Мұқ * Баяғыдағы ортекедей ойнақтаған күн жоқ, Қамбар, жоқ келмеске кеткен. О.Бөк. . ~ Құлаған балуанның екпінінен жер солқылдағандай болды. Нұрмағамбет ор қояндай ойнақтап, Керейге қарап жайнаңдай жөнелді. Түйе балуан жығылған орнынан тұра алмай қалды. С.Мұқ. * Былтырдан бері иығынан мың батпан салмақпен басқан жүкті әуп деп аударып тастап секіріп билеп, ор текеше ойнақтап шыға келгендей. О.Бөк.
ОР ҚОЯНДАЙ ЗЫМЫРАДЫ
Өте тез, көз ілеспес жылдамдықпен шапты. ~ Олар да көңілді, мен де көңілдімін. Көңілді адам басқарған машина ор қояндай зымырап келеді. Б.Соқп.
ОР ҚАЗДЫ
Біреуге жаманшылық ойлады; қастандық ұйымдастырды. ~ Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нысап, құрөзімшілдік һәм әр өзімшілдік — адам баласын бұзатын фиғыл. Абай. ~ — Әлі де кеш емес, ойланыңыз! Ойланбай ұрынып өзімізге ор қазып жүрмеңіз!—деп Галкин қайтадан Кирсановқа бұрылып еді, ол столды сарт еткізді. Ә.Әб. ~ «Забырыңды тигіздің, бар пәлені шығарып, сыртымнан ор қазып жүрген сенсің»,-деп Елемеске зіл тастады. С.Ом. ~ Түп негізгі шикі жасанды на- сихат маған өзіне өзі ор қазып жатқандай көрінеді де тұрады. Ө.Кәр.
ОР КИІКТЕЙ ОЙНАДЫ
Асыр салды; ойнақтады, секірді. * Тау қопарып, тас қазып, болаттай шыныққан салалы саусақтары домбыраның қақпағында ор киіктей ойнайды. С.Омар.
ОПЫҚ ЖЕДІ
Санын соқты; өкінді; таяқ жеді. * Денесі бір ысып, бір суыды. Қуаныш пен күдік итжығыс. Баяғыда да көңілі өстіп өрекпіп, ақырында опық жегені бар. Тағы да соның аяғын құшып жүрмесіне кім кепіл?.. Т.Сәук. *
Күл-талқаны шыға да бастаған еді-ау. Жұт жеті ағайынды, айыр ағашпен сегіз. Жауынан сан опық жеген көне Дәшті Қыпшақтың күншығысына сонау алабұртқан заманда тағы бір қабылан көрінді. І.Есен. * Он бес жыл ішінде талай адам опық жеп, талайдың маңдайы жарқырап шыға келіпті. О.Сәрс.
