Posted in

ОҢ ҚАБАҒЫН БЕРМЕДІ

Жылы шырай танытпады, жақтырмағанын жасырмады. ~ Атамның анама оң қабағын бермейтіні: » тегімізді қара суға жарымаған Қаратайдың қасиетсіз ұлына былғадың. О.Бөк. * … арадан басқа біреулер қара мысық боп жүріп өтті ме, «жүгері мәселесі» ұмыт болса да, … оң қабағын онша бере қойған емес. Т.Ахт. * Бір жақсысы, Дуня апай онымен алғашқыдай кежіктеспейтін болды, бірақ оң қабағын да бере қоймайды. Т.Ахт. * Жас жiгiттiң майпаздағаны сонша, әуелгiдеоң қабағын бермей отырған қара шал әрi-берiден соң елiгiп, ысырылып отырды. Б.Алд. ~ Ержолда оң қабақ берер түр жоқ. Томырық қалпы дүниенің бар құрдасын тегіс жиып келсе де, ашылардай емес. С.Смат.

Posted in

ОҢ ҚАБАҒЫН БЕРДІ

Жылы жүзбен қарады, қарсы алды. ~ Жақып «экстраның» аузын қайта ашып, қарттың алақанына бір шөкім жаңғақ салған соң ғана оң қабағын беріп еді. Қ.Ысқ. ~ — Былай болсын, Мақан. Сен енді оған сыр берме. Қайта түк білмегенсіп, оң қабағыңды берген бол. Қапыда қансыратайық. С.Смат. ~ Совхоз директоры бұларды алақанына салып қағып ала қоймағанымен, оң қабағын беріп, жылы қабылдады. Ж. Түм.

Posted in

ОҢ ҚАБАҒЫН АҢДЫДЫ

Көңілін аулады, жалтақтады. * Әдемі ғой әйелдің бәрі-дағы, Қарасы, сарысы мен ағы-дағы. Оң қабағын олардың аңдып дәйім, Еңкейіп, ер жігіт те бағынады. Б.Қадық.

Posted in

ОҢ ҚАБАҒЫ ТАРТТЫ

Қабағы жыбырлады. Әдетте, жақсы ырымға балайды. ~ Қарағым Мақсұтжан, тұр, аттанайық,— деген мұңлы дауысқа өлең етті. Тап осы кезде оң қабағы тартып — тартып кеткен… Оның өз жорамалында бұл қалайда бір қуану үміті. Ж.Ахм.

Posted in

ОҢ ҚАБАҒЫ ЖОҚ

Мейірсіз, қатал. ~ Ешкімге жылы шырай, оң қабағы жоқ Құлжаннан балалары қатты айбынады. Ә.Кек. ~ Қарт жырау көне домбырасын дың-ғырлатып ұзақ отырды. Оң қабағы тартты, ерні дірілдеп қоя берді. Көкірегін өлең қысып келе жатыр еді. Р.Сей.

Posted in

ОҢ КӨЗІНЕ ІЛІНДІ

Жақсы атты болды; ықыласына бөленді. ~ Жүніс. Не деген нұрлы, не деген сиқырлы! Бірақ неткен алыс сұлу. Дариға оң көзіңе ілінетін күн болар ма, жоқ па? М.Әу. ~ Тірі қалғандарының ешқайсысы Сенат алаңындағы бүлікке қатыспаған. Бірақ император ағзамның оң көзіне ілінбедік. М.Мағ.

Posted in

ОҢ КӨЗІ

Біреудің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын адам жандайшап. ~ …ондай келеңсіз әрекеттердің тамырына нәр бармай жатып балта шапсын деп, бір сөзбен айтқанда аудандық партия комитетінің сол ауылдағы оң көзі болсын деп жібердік. С.Шәйм. ~ … екі ортада пайда табатын пәлеқорлар – батпақта жатқан, босағадан тыс барлық атарман – бүгін күшіне енген, өкіметтің оң көзі – белсенді. М.Мағ.

Posted in

ОҢ КӨЗБЕН (КӨЗІМЕН) ҚАРАДЫ

Ықыласын білдірді, мейір танытты. ~ Мергеннің өнері мен жығып берген аңы үшін қалталарынан қаржы, қойындарынан тарту суырысып бермесе де, ықылас- пейілдеріне кенелді, ауыл атқамінерлерінің оң көзбен қарай жүрулеріне әсер еткені және даусыз… К.Сег. ~ – Тәйір-ай, со да сөз бе екен?.. Тек біздің балаларға оң көзбен қа рай жүрсеңіз… Д.Әш. ~ Алайда, арадағы кеңестік идея, құдайсыздық көзқарастар бір ғасыр бойы Ақыт сынды ғұламасын көлеңкелеп келгені секілді, шетелдегі қазақтардың әдебиетіне де оң көзбен қарамады. Ж.Шәк.~ Туасы сөзге сараң тұйық жігіт өмірге оң көзімен қарауға бейім еді. Содан да домбыра- ға үйірсектеп, сыбызғы үнді қуалайды. Ө.Кәр.

Posted in

ОҢ ИЫҒЫН БЕРДІ

Ыңғайын берді, қолдады. * Әсіресе аңшылық, саятшылыққа қатысты әрекетке оң иығын берІп, оңқай асықша үйіріліп тұрғаны. А.Сейд. ~ Жер тәліміне жетіктігімен, оған қоса озық тәжірибеге оң иығын беріп үнемі соныға жол салатын алымдылығы облысқа мәлім Данаштың жақтастары аз. Нағыз қолдаушысы — Мемлекетгік сыйлықтың лауреаты, әйгілі кеңшар директо- ры Есей Досаев. Ө.Кәр.