Posted in

ОҢ ЖОЛҒА САЛДЫ (БАСТАДЫ, ТҮСІРДІ)

Дұрыс бағыт берді, жөнге салды, түзеді. ~ БЕКМАХАНОВ: Өсекке үйірлер содан бері сізді «Орталық Комитеттің жаяу хатшысы» дейді. Нұсқау бергіш әдетіңізбен, мені оң жолға салуға келіп тұрсыз, сірә?.. М.Сәрс. ~ Қазақ көрмеген зорлық-зомбылық бейшара халқын қанды шеңгеліне алған. Жаны түршікті. Септігім тиер ме, оң жолға бастай алар ма екенмін дегендіктен туған сұлтандыққа ұмтылу да әурешілік боп шықты. К.Жүніс. ~ – Рақмет! – дедім. – Жақсы өсіріпсің. Келешегін айқындап, оң жолға түсіріпсің. Ризамын… М.Мағ.

Posted in

ОҢ ЖОЛ

Дұрыс жол, бағыт, сәтті сапар. ~ Екі көзден жас парлап, екі қолы қалтырап, еріндері дірілдеп, иегі кемсеңдеген Балқаш орнынан тұрғанда қайта жұмсарды. – Жолыңды Алла оңғарсын, оң жолына бастасын! Ғ.Біл. ~ Неге халықты оң жолдан тайдырғысы келеді? Олардікі қылмыс па? Қылмыс болғанда да, саяси мемлекеттік қылмыс. С.Ел. ~ Бел байлаған белімсің, Белгілі көк жал шерімсің. Еңкейтіп дұшпан жеңе алмас, Саған ешкім тура келе алмас. Айқасқан жауға кіргенде, Оң жолыңды төтелеп, Ауыздықтан алып, құлыным, Жүремін өзім жетелеп. «Манас».

Posted in

ОҢ ЖАМБАСЫНА САЛДЫ (АЛДЫ)

Өз ыңғайына келтірді. * Оң жамбасқа салып, алып ұрғандай Бас хатшы айызы қанып, ендi не дер екенсiң деген сыңаймен мерейлене көз тастады. Бұл сәл iркiлдi. Жанды жерден ұстап отырғаны рас. Т.Сәу. ~ Енді оның Махсұтты оң жамбасқа алатын кезі келіп- ақ тұрған. Егіз — екі, үйір — айқас, ағайын ара жақындықты, мұздай суық ауыр ойға алмастырған. Өмір бойы ит жығыстан гөрі, қырқа шалып, астына аяусыз бір нығарлап алса өкпесі өздігінен сетінер еді. Т.Рыск.

Posted in

ОҢ ЖАМБАСЫНА КЕЛДІ (КЕЛТІРДІ)

Ыңғайына келді. * Байқағаны, орманшылық – оң жамбасына келетін тәп- тәуір кәсіп екен. Ә.Асқ. * Түрмедегі барымташыларың да жауабы оң жамбасқа келіп тұр. Тез арада бәрі бітеді. С.Жүн. ~ Ломбард сөйледі: — Бұдан басқа айтар неңіз қалды енді, дәрігер? Бұл оң жамбасыңызға келген шаруа ғой, солай емес пе? А.Крис. * Құқайдың тура өзіндей деп күпір сөйлемейін, бірақ білем ғой, облысты оң жамбасына келтіріп алды. Біздің Майшелпек облысымызда Қалмақхансыз аузын ашып, көзін жұматын бірде-бір мақұлық жоқ! Ғ.Қаб.

ОҢ ЖАМБАСЫНА КЕЛМЕДІ

Ыңғайына келмеді, орайын таппады. * Әбдікәрім кейде оң эамбасына келмеген сөздерді аудармай тастап кетіп, түпнұсқаның мағыналық, көркемдік жақтарын әлсіретіп жібереді. С.Мәул.

Posted in

ОҢ ЖАМБАСЫМЕН ТҰРДЫ

Күн сәтті болды. ~ Көп жұмысты екеуі селбесіп тындырмақшы көрінеді. Айдекең оны жақсылыққа жорыды: «Я, сәт сағат! Бүгін оң жамбасыммен тұрған екенмін. Бұларды шаңарағыма Құдай айдап келген екен-ау! Т.Рыс.

Posted in

ОҢ ЖАҚТАҒЫ ДӘУРЕН (ӨМІР)

Қыз баланың күйеуге шықпай тұрғандағы, әк-шешесінің үйінде көрген қызығы. * … жалпы әйелдердің өлеңі, көбіне, теңіне

тие алмағанын, малға, шалға сатылғанын, қорлық көргенін, оң жақтағы дәуренін, тым болмаса бір жылша ұзатпай тұруын

жырлаған, сұраған, еріксіз, көріксіз өксіген өмірлерін суреттеген, мұң-зарлы, қайғы, шерлі еді. Ж.Айм. * Өңшең ұсақ бала

шопылдатып, суға шомылып, жұмыртқа іздеп, жылан бас тана теріп кетуші ек. Есіл қызық күндер-ай! Есіл оң жақтағы

дәурен-ай! Елім-ай! Жерім-ай! Сағындым-ау, қайтейін…» Ж.Айм. ~ Аға-жеңгенің де Ақбөбектің оң жақтағы өміріне өте-мөте

кешіріммен қарап, еркелігінің қандайын да болса көтере білуі «қыз — қонақ» деген халық қағидасына бас ию секілді. Ү.Жәл.

Posted in

ОҢ ЖАҚТА ТУДЫ

Некесіз туған бала туралы. * Бір ашылғасын түбіне шейін ашылған жөн, ұят та, ауыр да болса айтайын: Мен оң жақта туған баламын, әкемнің белгісіздігі содан. Рас, өтірігін қайдам, әжем (Ақпан атамның кемпірі) бұл сырды білмей өтті деседі. Ж.Нәжім.

Posted in

ОҢ ЖАҚТА ОТЫРЫП ҚҰРСАҚТЫ БОЛДЫ

Некесіз бала туды д.м. ~ Он жақта отырып құрсақты болыпты да келген соң кәдірсіз келін атанды. Жығылғанға жұдырық, сүрінгенге сүймен, он сегіз жасында байы өліп жесір қалып еді, жуырда жалғыз ұлын тағы да топыраққа берді. Қ.Ысқ.

Posted in

ОҢ ЖАҚТА ОТЫРДЫ (ОТЫРҒАН)

Өз әке-шешесінің үйінде отырған яғни тұрмысқа шықпаған бойжеткен туралы. * Қатираға да сын жоқ. Жасы қырыққа шыққанша қыз күйі оң жақта отырды. Іш пыстаны ішіне түсіп біткен ғой… З.Шүк. * Түнде Шағай әбілқасымның оң жақта отырған Күнсана атты бойжеткен қызын оятады. І.Ес.~ Керiмбала бұл күнде осы үйдегi Тобықты қызының iшiнде, оң жақта ең көп отырғаны. М.Әу. * Енді ешкім ешнәрседен ұялмайтын күйге жете бастады. Бір жерде оң жақта отырған бойжеткен ата-анасының көзінше босанып жатса, енді бір жерде келін қайын енесін үйінен қуып шығып жатты. Ж.Аяз. * Қандай қонақ келмесін үй ішін, ыдыс-аяқты кіршіксіз таза ұстап, өзі мұнтаздай боп қарсы алу оның оң жақта отырғанда-ақ алған тәрбиесі. С.Жүн. ~ – Жұмыртқадай жұтынғанды әлі көрерсіңдер. Өзім Диканы жеке отау етіп шығарам. Кім бұған оң жақта отырған қызын бермес екен. С.Жүн.

ОҢ ЖАҚТА ОТЫРЫП (ОТЫРЫҢҚЫРАП) ҚАЛДЫ

Жасы келсе де, күйеуге шықпаған қыз туралы. * Жасы отыз екiде, өз сөзiмен айтқанда, «пәшпүртi бiткен, оң жақта отырып қалған кәрi қыз». Т.Сәу. * Соңынан сұңғыла қатын-қалаштың сыбыр-күбірі ілесіп, оң жақта отырыңқырап қалған қызын әкесі әйелі өліп жесір қалған нағашы жұртының артына мінгестірді де жіберді. Н.Дәу. * Көрші совхоз директорының оң жақта отырыңқырап қалған қарындасын алыпты. Жерде қалмас қайрақ тас еді, іштей бақыт тіледім. М.Қаб.