Posted in

ОНЫҢ БЕРГІ ЖАҒЫНДА

Басқасын айтпағанда. * Оның бергі жағында, осы ауылдың маңдайына біткен жалғыз ісмері де өзі. Көңілі келсе, келістіріп-ақ тігеді. Бірақ Найзабайдың бабын табу да оңай емес. Қ.Найм.

Posted in

ОНЫ КӨРСЕ ОНЫ САҚ, МҰНЫ КӨРСЕ МҰНЫ САҚ

Тұрақсыз, не болса соған еліктегіш, көрсеқызар. * — Мырза, мені өйтіп қорлама! Мен сендердей оны көрсе оны caқ, мұны көрсе мұны caқ болмаймын, мен көрген қызды көрсең, есіңнен адасар едің! Шәк. * Оны көрсе оны сақ, мұны көрсе мұны сақ болып қазаққа ұғымсыз не болса соған еліктемей, шын өмірді, деректі өмірді неге жазбайсыңдар? Ж.Айм.

Posted in

ОНША ЕМЕС

Пәлендей жақсы емес, көңіл толарлық емес. * Нардың аруана деген тұқымы бар, ол күшке онша емес, бірақ сүтке жақсы. А.Байт. * — Менің оқуым да онша емес,- деді ол орнынан қораздана көтеріліп. Ш.Айт.

  1. Көңілі жоқ, ықылассыз. * Әйткенмен алғашқы әсер көбіне алдамайды, менің білуімше, жігітің жаман болмау керек. Өзің бірақ онша емессің. Б.Нұр. * Бұлардың ішіндегі арқа сүйейтін бір кісісі — генерал Чернов еді; қазір о да өзіне онша емес. Ә.Нұрп. * Қызына саудырып, өзі баптайды. Басқа асқа онша емес. М.Қаназ.


Posted in

ОНША ДА МҰНША

Қалай болғанда да. * – Ел бүлініп жатыр тағы да. Естіген боларсың. Онша да мұнша бір қыңқ етіп, ауырсынар, ел қаһарынан ығар күнің бар ма екен?! С.Жүн. ~ Мұның онша да мұнша оңай сапар емес екенін К.Миллер бірден-ақ білді. С.Ақт.

Posted in

ОНСЫЗ ДА ШЫҒАЙЫН ДЕП ТҰРҒАН КӨЗ ЕДІ

Өзі де бүлінгелі тұрған нәрсе еді, ештеңе етпес д.м. ~ Оның үстіне, «онсыз да шығайын деп тұрған көз еді» дегендей, арадағы жүріп жатқан бітімнің күрт тоқтатылып, Орынбор әскери губернаторы Обручевтің Кенесарыға қатал ұсыныс етуіне тағы да бір қанды уақиға себеп болды. І.Ес. ~ Осындай жағдайда «Ойбай, көнбе! Аттан, көтеріл!» деп не санасыз, не арандатушы — қайткенде де өз халқына жау адам ғана ұран салуы мүмкін, «Онсыз да шығайын деп тұрған көз еді» дегендей, менің жаңа жұртым дүбір-дабырға толды да кетті. М.Мағ.

Posted in

ОННАН БІР НҰСҚАСЫ ҚАЛҒАН

Сау-тамтығы жоқ, түгі қалмаған д.м. ~ Тағы да екшедік, қатқыл көрінген байламдарды жұмсарттық, «жаңсақ» қорытындыларды қысқартып, тиімсіз, артық-ауыс мағлұматтарды түгел жұлып тастадық – ақыры, тағы бір жылдан астам созбұйдаға түскен азап, қидалана кесілген қорлықтан соң оннан бір нұсқасы қалған талайсыз кітабым да басылып шықты. М.Мағ.

Posted in

ОННАН БІР НҰСҚАСЫ ЖОҚ

Түгі қалмаған, сау-тамтығы жоқ. * Ескірген көкшіл жұқа көрпемен жабылған тапал терезенің ал- дында жасырынып ескі радиоқабылдағыш тұр екен, шаң басқан, сыры кеткен, тегі, Раушанның қыз кезінде сатып алған дүниесі секілді. Нұрлан олай-бұлай бұрап көріп еді, оннан бір нұсқасы жоқ бірдеме. З.Шаш.

Posted in

ОНЖЫРҒАСЫН САЛДЫ

Көңілі түсті, қайғыға салынды. ~ — Мұрша келмей, неден сонда басыңа күн туды? Сонша не әкетіп барады? — Бәрің де әлгіде қырылып жаздап ең, қарашы енді. — Дәл сендей онжырғасын салған кісі жоқ шығар деген сықылды. Ж.Айм.

Posted in

ОНДАЙ ҚАЗАНҒА МЫНАДАЙ ШӨМІШ

Әлдебір іске тиісті жауап беру мағынасында. ~ Айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген соң, Мапуфаң көшкен елдің тынышын алып, әскери қосынын айдап салады. «Ондай қазанға, мынадай шөміш» деді де, Елісханның сарбаздары, оның бес жүздей түйелі керуенін тонап, көшті Пакістанға қарай бастайды. Т.Рыск.