Posted in

ОНДАЙ АТТЫ КҮН ТУСА (ҚАЙДА, БОЛСА)

Дәп ойлағандай қайдан болсын, ондай уақыт келе қалса… ~ Қайран аяулы менің ұстазым! Шіркін, ондай атты күн туса, арманы мол, қадірі биік әулием. Мен үшін кім екеніңді өзің де сезінбей кеттің-ау?! С.Ғабб. ~ Осындайда денені екіге бөліп тастайтын қандай құдірет бар екен деп те ойлайды. Ондай атты күн туса екі аяқты сұраусыз қалаған тұсқа қалдырып кетер еді. Қ.Жиен. ~ Ондай атты күн туса, былтыр комбайны аударылып, астында қалып қаза болған Сейіттің, анау өз отбасынан жеріп, осында келіп сауда жасап жүретін коммерсант әйелге үйелменін тастап, ілесіп кеткен Ілиястың үйіндегі қара домалақтарға қысқы киім жағынан қарайласпай тағы болмайды. Н.Дәу. ~ Балаларының тамағы өзінен-өзі табылып тұрса, Марғуаның базарға шығып несі бар? Отының басында, ошағының қасында отырмас па? Ондай атты күн қайда? Кебеженің түбі тықырлана бастаса, Марғуадан маза қашады. Ш.Бейс. ~ Бұйырса, өкімет біздің арызымызға құлақ асып, жерімізді алып берер-ақ. Ондай атты күн болса, ақ түйенің қарны жарылар еді. С.Омар.

Posted in

ОНДА ДА

Солай болғанның өзінде. ~ Мен мұндай мүмкіндіктің жоқ екенін, тек ішінара, онда да, кем дегенде, сексенге толып жатса ғана көрнекті адамдар туралы арнайы xабар түсіретінімізді айттым. Т.Шап. ~ Сонау жылы Мәдиден айырылғаннан кейін Қарағандыға қашып кеткен Иманның елге оралғаны осы ғана. Онда да Мәдидің сырқат екенін естіп көңілін сұрай келіпті. Ә.Әб. ~ Соңына қиқулап түскен бес мың әскер отыз жыл бойы құрықтай алмаған. Кейіннен генерал Нельсон Майлзға өзі кеп беріледі. Онда да қара басының қамы емес. Бір уыс халқын түгелдей қырып алудан сақтанып. Г.Ниетқ.

Posted in

ОН ТӨРТІНЕН ТУҒАН АЙ

Толған ай. ~ Жоғарыда, қақ төбемде көк шұбар аспанда ақ табақтай жалтырап он төртінен туған әдемі ай тұр. Ж.Айм. ~ Түн ортасы, он төртінен туған ай дәл төбеден төніп, дала сүттей жарық еді. С.Мұр. ~ Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді. З.Шүк.

Posted in

ОН ТӨРТІНДЕ ТУҒАН АЙДАЙ

Толған айдай жарқыраған сұлулық туралы. ~ Қызы құрғыр он төртінде туған айдай толықсып көздің жауын алды емес пе. М.б.Т. ~ Ақан да, үйдегі жастар да көздері жаутаңдап, есікке телмірді. Осы кезде екі көзі жауһардай мөлдіреп, маңдайы он төртінде толған айдай жарқ етіп Ұрқиямен бірге үйге Қадиша кірді. С.Жүн. ~ Сол жолы еді ғой, өзге батырларымның біреуіне де қимай он төртінде туған айдай толықсыған, адамзаттың сұлуы, Махмед–Қожаның жесірі, Арғынның қызы Ағанақ-Бикені өзім алып едім. І.Ес.

Posted in

ОН СЕГІЗ МЫҢ ӘЛЕМ (ҒАЛАМ)

Діни ұғым бойынша Алла-тағала жаратқан ғаламдар саны. ~ Он сегіз мың ғаламның иесі, жалғыз алла! Пенделерің адасты, жолға сал. Кеңшілікте «алашшыл», таршылықта ала ауыз қазақ өзін жеңбей жауын қалай жеңеді? Бірлік бер, қараңғы көңілге шырақ бер, ел бастайтын ер бер, дедім. Ғ.Мұс. ~ Мәселе былай, он сегіз мың ғаламды жаратқан Иемізге сіздер әрқашанда мойынсұнуларың керек. Әйтпесе табиғи гармонияның

күл-талқаны шығып, мына әлем астан-кестен болар еді. М.Рам. ~ Ондай мөлдіреген, аса әдемі жеміс он сегіз мың ғаламнан табылмайды. Ж.Шәк.

Posted in

ОН САУСАҚТАН КҮЙ (ӨНЕР) ТӨКТІ

Құйқылжытып күй төкті. * Он саусақтан күй төккенде бар еркімді құрсаулап, жетелеп алатын. С.Смат. ~ Қиылған қалам қасы «жас сұлулар» Ойнатып он саусақтан өнер төгед. Елімнің кәрі-жасы бірдей батыр, Жер тіліп, суды ағызып, бұлтты сөгед. Ж.Жаб.

Posted in

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕРІ ТАМҒАН

Хас шебер, ісмер, өнер иесі. ~ Әрине, әйелдердің қабілет-қарымы той-томалақ, ойын-сауық өткізумен не жоғарыдағыдай ісмерлігімен, он саусағынан өнер тамған шеберлігімен ғана шектелмесе керек. С.Ақт. ~ Ауылда ол көшеде көп көрінбейтін, қашан да әлденені істеп, жұмыссыз отыра алмайтын. Бір сөзбен айтқанда, он саусағынан өнері тамған шебер еңбеккер еді. Ә.Әл. ~ Басқа құдай салған соң, амал бар ма. Күйеуінен көп болды, хат та жоқ. Он саусағынан өнері тамған жігіттің төресі еді. Қандай жұмысқа салсаң да қыңқ демейтін шіркін неме! К.Қаз. ~ Оның балалары да он саусағынан өнер тамған ағаш шеберлері екенін білетіндер жыр қылып әңгімелейді. А.Жақс. ~ Ынташ жеңешем он саусағынан өнер тамған шебер, киім тігеді. Ф.Оңғ.

Posted in

ОН САУСАҒЫНАН БАЛ ТАМЫЗДЫ (ТАМҒАН)

Асқан өнерлі, дарынды. ~ Құсаланба, қайным! Әлгі келін он саусағынан бал тамызған күйші дейді ғой. Бір үйге біреуі де жетер. С.См. ~ Менің немерелерім шетінен он саусақтарынан бал тамған аса өнерлі. Оған өзім ерекше мақтанамын. С.Ғабб.